Телефон арқылы жылдам монтаж жасауға арналған бағдарламалар
Қазіргі уақытта мобильді құрылғылардың мүмкіндіктері айтарлықтай артты. Бүгінде көптеген кәсіби және әуесқой видеографтар мен контент жасаушылар қарапайым телефон арқылы кәсіби деңгейде монтаж жасай алады. Сондықтан сол смартфон арқылы жылдам монтаж жасауға арналған танымал бағдарламалар туралы баяндамақпыз.
1. CapCut
CapCut – бұл TikTok-қа бейімделген мобильді монтаж бағдарламасы болғанымен мобилографтар үшін де керемет құрал. Бұл қосымшада видеоға өң беретін түрлі фильтрлер мен эффектілер топтастырылған. Оны қолдану да өте қарапайым, көпшілікке түсінікті.
Артықшылықтары:
Жоғары сапалы видео жасау үшін кеңейтілген құралдар базасы;
Тегін әрі әртүрлі эффектілер;
TikTok-пен тікелей интеграциялануы;
Кемшіліктері:
CapCut-тың танымалдылығының артуына байланысты бұрын тегін болған кейбір қызметтеріне қазір ақы төлеу керек;
CapCut-тың арнайы белгісі ақысыз нұсқасында видеоның бетінде тұрады;
2. InShot
InShot – мобильді құрылғыларда ең танымал видеомонтаж бағдарламаларының бірі. Қарапайым интерфейсі мен пайдалы құралдары оны көпшілік арасында танымал қылды. InShot бағдарламасы арқылы видеоны қиып, қосымша мәтіндер мен эффектілер қосуға, бейнежазбаны жылдам әрі тиімді өңдеуге болады.
Артықшылықтары:
Қарапайым және интуитивті интерфейс;
Түрлі фильтрлер мен эффектілер;
Мәтін мен музыканы қарапайым қосу мүмкіндігі;
Кемшіліктері:
Арнайы белгісінің тегін нұсқасында болуы;
Кейбір кәсіби мүмкіндіктер тек ақылы нұсқасында қолжетімді;
3. Kinemaster
Kinemaster – бұл толыққанды видео монтаж жасауға мүмкіндік беретін қуатты қосымша. Ол қолданушыларға видеоны қабаттастыра өңдеуге, кәсіби деңгейдегі құралдар мен түрлі анимацияларды қолдануға мүмкіндік береді. Kinemaster әсіресе видеоны күрделі өңдеуді қажет ететіндер үшін өте қолайлы.
Артықшылықтары:
Қажетті эффектілер мен көмекші құралдардың көптігі;
Монтаждау барысында уақытты үнемдеуге көмектесетін функциялары бар;
Кемшіліктері:
Ақысыз нұсқасында арнайы белгісінің болуы;
Күрделі интерфейс жаңа бастағандарға қиын болуы мүмкін.
4. Adobe Premiere Rush
Adobe Premiere Rush – Adobe Premiere Pro-ның мобильді нұсқасы және жылдам әрі тиімді монтаж жасаушыларға арналған. Бұл бағдарлама барлық негізгі монтаж құралдарын қамтиды.
Артықшылықтары:
Adobe жүйесінің кәсіби құралдарымен интеграциясы;
Жоғары сапаны қамтамасыз етеді;
Әртүрлі платформаларда жұмыс істей алады (iOS, Android, Windows);
Кемшіліктері:
Ақысыз нұсқасында шектеудің көптігі;
Қосымша мүмкіндіктер үшін жазылым қажет;
5. VN (VlogNow)
VN – Instagram, TikTok сияқты әлеуметтік желілер үшін контент жасаушылар арасында танымал. Бұл бағдарлама жылдам әрі сапалы видео жасауға өте тиімді. Оның үстіне басқа қосымшаларға қарағанда ақысыз қызметтері де жетерлік.
Артықшылықтары:
Монтажға қажетті кәсіби деңгейдегі құралдардың көптігі;
Видеоға мәтін мен музыка қосудың қарапайымдылығы;
Тегін нұсқасының мүмкіндігі көп;
Кемшіліктері:
Монтажды енді бастағандар үшін кәсіби мүмкіндіктерге үйрену уақыт алуы мүмкін;
Көлемді видеоны өңдеу үшін кейде бағдарламаның жұмыс істеуі баяулайды;
Біз ұсынған осы бес қосымша сіздің шығармашылығыңыздың қандай деңгейде екенін көрсететін құрал ғана. Ал видеоңызды қызықты әрі әсерлі қылып жасау, әрине өз қолыңызда.