Жаңалықтар

Теледебат: Партия өкілдері қарсыластарының сұрағына жауап берді

Теледебат: Партия өкілдері қарсыластарының сұрағына жауап берді
Фото: elements.envato.com 16.03.2023 20:56 957

Бірінші раундтың екінші туры сұрақ-жауап форматында өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

«Amanat» саяси партиясының төрағасы Ерлан Қошанов теледебатта «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының» мүшесі Нұрлан Әуесбаевқа сұрақ қойды. Өз сұрағында: «Кез келген партияның өзінің жақтастары болуы қажет. Мысалы, барлық өңірлердегі үміткерлерімізді мәслихатқа ұсынып жатырмыз. 20 өңірлік бағдарламамыз бар. Соларды өзіміздің мәслихаттардың депутаттары арқылы іске асыратын боламыз. Ал сіздің партия бойынша Мәжіліске ғана депутаттарды ұсынып жатыр екенсіз. Ал мәслихаттарға аз үміткерлерді ұсыныпсыздар. Менің сұрағым өмірдің бәрі өңірде ғой, сондықтан өңірлерді дамыту мәселесін сіздер кім арқылы дамытасыздар?», -деді.

«Жалпы ұлттық социал-демократиялық партиясында биылғы жылы 19 үміткер тізім бойынша және бір мандатты 6 депуттат сайлауға қатысып отыр. Оған қосымша барлық облыстарда мәслихаттарға 21 депутат түсіп отыр. Олардың барлығы өңірлен кандидат болып түсуде. Бұл жерде ең бастысы өңірлердегі мәслихат депуттары оны саясаттандырмай, бір мандатты округпен түскенін қалаймыз. Өйткені партияның атынан сайлауға түсіп жатқан депутаттар ертенгі күні халықтың алдында жауап бермей, партияның артында жасырынып жүреді. Ал бір мандатты округтер сайланған депуттарды халықтың таңдауы солар болғандықтан олар әрқашан халықтың алдында жауап беруге дайын тұрады», - деді «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының» мүшесі Нұрлан Әуесбаев.

«Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының» Астана қалалық филиалының төрағасы Нұрлан Әуесбаев теледебатта «Amanat» саяси партиясының төрағасы Ерлан Қошановқа «Қазіргі таңда біздің қарулы күштеріміздің жағдайы қандай?» деп сұрақ қойды.

«Біріншіден, мемлекеттің қауіпсіздігі біріншіден шекарадан басталады. Сондықтан бүгінде біздің шекаралық аудандарымыз жалаңаштанып жатыр. Халық ол жерден көшіп жатқаны рас. Сол себепті бұл мәселеге бағдарламамызда ерекше назар аударып отырмыз. Көптеген жабылып қалған шекаралық аудандардың қайта ашылуы бағдарламамыздың негізгі ұстанымы. Екіншіден, қорғаныс әлеуетін күшейту керек. Ол үшін қаржы қажет. Сол қаржыны ішкі өнімнің бір пайызын кезінде «Amanat» фракциясы жеткізген», - деп жауап берді Ерлан Жақанұлы.

«Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партия төрағасының орынбасары Жигули Дайрабаевқа жер кодексін қайта қарау мәселесіне қатысты сұрақ қойды.

«Жер мәселесі бүгінде күн тәртібінен түскен емес. Уақыт деген күнде өзгеріп жатыр. 2021 жылы республикалық жер комиссиясы жұмыс жасады. Сіздер де оған қатыстыңыздар. Одан бері бір жарым жыл уақыт өтті. Қаңтар оқиғасы кезінде қандай жағдай болғанын өзіңізде білесіз. Жер мәселесін Қазақстан бойынша шешіп қойдық. Барлығын нанға май жаққандай айтуға болмайды. Жер кодексіне өзгерістер енуі мүмкін. Ауылдық жерде жайылым мәселесі ушығып тұр. Мәселен су тапшы. Кезінде сол ауылдың төңірегінде жерді иеленіп алған азаматтар бар. Қолында билігі барлар алып алған. Барлығымыз атсалыссақ, жер мәселесін тәртіпке келтіруге болады», – деді «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партия төрағасының орынбасары Жигули Дайрабаев.

«Ауыл» партиясынан Жигули Дайрабаев «Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев сұрақ қойды: «Еліміздің оңтүстігінде Аралға құятын Сырдария өзені бар. Жалпы ел экономикасында маңызы үлкен. Осы Арал теңізі жыл санап тартылып бара жатыр. Осыны шеше үшін не істеп жатырсыздар?

«Не үшін су қоймаларын салып, Аралды толтырмаймыз? Аралға жібермейміз. Кіші Аралда Көкарал платинасы бар. Сол платинаның тесігінен су Өзбекстанға кетіп жатыр. Біз арнайы Өзбекстанның жасылдар партиясымен кездесіп, Арал мәселесін шешу туралы біз бір келісімге келдік. Сайлау науқаны өткеннен кейін біз ол мәселемен айналысамыз. 180 мыңға жуық Арал халқы біздің қолдаушыларымыз», - деп жауап берді ол.

Қазақстан халық партиясының» мүшесі Оксана Әубәкірова сайлауалды теледебатта «Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаровқа сұрақ қойды. Өз сұрағында: «Өткен пікір таласта партияңыздың өкілі, саясаттанушы, мұғалім немесе сарапшы емес нақты істің адамы біздің партиямыздың қатарында деген еді. Сол сөзіңізді мәлімдеп берсеңіз. Яғни, қарапайым мұғалім біз нақты істің адамымыз дегені қалай? Осы орайда, өздеріңізді өзгелерден жоғары ұстаған болып саналмай ма?», - деп сауал жолдады.

«Мен өзім мұғалімнің баласымын, Қуаныш Шонбай, Сырымбек Тау мұғалімнің балалары , сондай-ақ бұл тізім әлі де жалғаса береді. Біздің партиямыздың ең негізгі бағдарламасы – білім саласы. Себебі, білімді халықты – ең бақытты халық деп санаймыз. Қазіргі ауылдағы және қаладағы мектептерді салыстырсаңыз жер мен көктей. Сондықтан біздің бағдарламамыз ауылдағы мұғалім мен білім сапасын көтеру, кеңейту, дамыту», - деді Айдарбек Қожаназаров.

Азаматхан Әміртаев теледебатта «Қазақстан халық партиясының» мүшесі Оксана Әубәкіроваға «Сіздердің бағдарламаларыңызда қоршаған ортаны қорғау мәселесіне қатысты қандай пунктер бар? Болашақта не істейсіздер?» деп сауалын жолдады.

«Арал, Сырдария, Орал, қазір тіпті Ертістің жағдайы мәз емес. Экология мәселесі біздің партиямыз үшін үлкен орын алады. Оған қатысты ең басты үлкен екі пункт бар. Сіздің сұрағыңызға қарағанда біздің партияның пунктілері мықтырақ. Бұған дейін мұның бәрі айтылды, жазылды. Сол себепті әркім өз ісімен айналысуы керек», - деді Оксана Әубәкірова.

«Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашевқа сіздің бағдарламаңызда Еуроодақ қосу туралы бастамаңыз бар. Әсіресе, Еуроодақ елдерінің қарапайым мұғалімі оның жалақысы 25 мың еуроның жуығында. Сіз мұғалімнің жалақысын соған көтерту туралы айтқан екенсіз. Осы уәдеңіз неге негізделіп отыр деп сауалын жолдады.
 
«Бұл өте дұрыс сұрақ. Еуроодаққа қосылу деген маңызды қадам. Еуропалық тәжірибені қалаймыз. Екіншіден, мұғалімдердің жалақысын қалай көтеруге болады. Үкіметке осы әлеуметтік проблемаға қатысты ұсыныс жасағанымызда, оған тиісті қаражат жоқ деді. Бұл өтірік. Еліміз өте бай. Бірақ біздің билік қолымыздағы байлыққа дұрыс мән бермеуде», – деді «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға