Жаңалықтар

Тектұрмас – ежелгі қаланың алтын көпірі

Тау басында тұрған этно-тарихи кешен
Тектұрмас – ежелгі қаланың алтын көпірі
Фото: © El.kz 29.03.2021 12:28 23628

 

 

Тектұрмас кесенесі – X-XIV ғасырлардан келе жатқан сәулет ескерткіші. Ол Тараз қаласының оңтүстік-шығыс шетінде, Талас өзенінің оң жағалауында, Тектұрмас тауының басында орналасқан. Кешеннің алып жатқан аумағы жиырма төрт гектарға дейін жетеді.

 

Кесене тарихынан деректер

 

Кешен VII-XI ғасырларда ислам діні енгенге дейін қалыптаса бастады. Өкінішке қарай бүгінгі күні ғимараттың бастапқы қалпы сақталмаған. 1890 жылдардағы фотосуреттерге сәйкес, кесене күйдірілген кірпіштен тұрғызылған күмбезді, төртбұрышты құрылыс болған. Ал жаңадан салынған бұл этно-тарихи кешен Әулиеата өлкесіндегі ежелгі елдердің киелі қонысын көрсетіп, түркілер тарихынан сыр шертіп, халықтың руханиятын өсіріп, туризм саласын жетілдіру міндетінде бой көтерген. Таңғажайып кешен Әулиета өңірі тарихының бүкіл кезеңін қамтитын бірнеше сәулет құрылыстарынан тұрады.

 

Кесененің бұрыштары төрт қырлы тіреумен аяқталып, қабырғаларында сылақтың іздері қалған. Кесененің декоративті безендірілуінен тек бір ою-өрнекті терракота плиткасы табылған. Осы деректерге сәйкес танымал ресейлік археолог Михаил Массон кесене XV ғасырда салынып біткен деп пайымдады.

 

XIX ғасырдың соңында кесенені шығыстанушы ғалым Василий Каллаур зерттесе, 1939-1940 жылдары археолог-тарихшы Героним Иосифович Пацевич зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ғылыми жұмыс нәтижесінде кесенені қоршап тұрған көп уақыттық зираттардан зороастриялықтардың сүйектері қойылған орындары, христиандар мен мұсылмандардың ортағасырлық қорымдарын сақтауға арналған оссуарлық жерлеу нысандары анықталды.

 

Бұл кесене жергілікті тұрғындар арасында Тектұрмас деп аталған, ал азан шақырып қойылған есімі Сұлтан Махмұт әулиенің жерленген жері. Кейбір деректер бойынша оның Қарахан мемлекетінің әскербасы болғаны да айтылады. Сондай-ақ аталған кесене X-XIV ғасырлардағы ежелгі ғибадат орындарының біріне жатады. Кешенге жақын жерде осы аймақта XVIII ғасырда өмір сүрген қазақтың атақты батыры Мәмбеттің кесенесі бар. Бастапқыда Мәмбет батыр Тараздың орталығындағы Қарахан кесенесі аумағында жерленген, бірақ 1956 жылы ол жерде стадион салынуына байланысты сүйегі Тектұрмас тауына көшірілген. Кейін Жамбыл облысының Байзақ ауданында тұратын ұрпақтары оған жеке кесене тұрғызды.

 

1864 жылы патша әскерлері Әулиеата қаласын жаулап алу барысында қоқандықтар төбе басында тұрған Михаил Черняевтің отрядына снарядпен оқ атты. Осының салдарынан кесене айтарлықтай зақымданды. Қолбасшының жазбаларында «бұл төбелер Тектұрмас есімін алған әулиенің қабірі» дейтін мәліметтер бар. Ал 1935 жылы кесене құрылыс қажеттілігі үшін кірпіштерге бөлшектеліп, қиратылған. Содан кейін жергілікті тұрғындар зиярат ету үшін Әулие қабірінің жанында кішігірім ғимарат тұрғызды. Дәл бүгінгі Тектұрмас кесенесі осы ғимарат орнына ортағасырлық құрылыс үлгісімен қайта салынған. Көк күмбез астындағы кірпіш кесене он бір метрлік биіктікке ие. 1982 жылы кесене республикалық маңызы бар Қазақ КСР тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізіліп, мемлекеттің қорғауына алынды.

 

Тектұрмас тауындағы ежелгі қорымдар

 

«Тектұрмас» кешенінен төменге көз салғанда Тараз қаласының әдемі бейнесі көрінеді. Этно-тарихи кешен өте әсем жерде, Талас өзенінің оң жағалауында, бүкіл төңіректен жоғары орналасқан төбеде орналасқан. Қаланың бұл бөлігі тарихшылардың пікірінше, ежелгі қоныстың негізі болған. Орта ғасырларда Тараз белсенді түрде дамып, байып жатқан Ұлы Жібек жолындағы ірі сауда қаласына айналды. Бұған Х-ХІІІ ғасырлардағы Талас өзені арқылы керуендер жүріп өткен Тектұрмас көпірінің географиялық орналасуы ықпал етті. Көпірдің қалдықтары осы күнге дейін сақталған. Сол заманда Талас өзені көктемде арнасынан асып кететін болған. Сондықтан керуендер жолдың осы бөлігі, яғни көпірден өту арқылы ғана діттеген жеріне жеткен. Тараздың өнертапқыш билеушілері мұнда алым-салық жинау үшін заң құрып, қала қазынасын толтырып, олардың қуатын арттырды. Ежелгі қаланың елтаңбасындағы «бір аяғын көтеріп тұрған барыс» – күш пен өркендеудің белгісі деп саналды. Сондай-ақ өзге мемлекеттер Тараз билеушілерімен араздасудан қашып, өз елшілерін жіберіп, ынтымақтастыққа ұмтылды.

 

Тектұрмас тауының үлкен көлемдегі зиратқа айналуының да өзіндік себебі бар. Ежелгі заманда адамдар өзен ағысының бойында қоныстануды жөн көргені баршаға мәлім. Қоныс егін шаруашылығына ыңғайлы болғандықтан негізінен диқандар тұрған. Олар өз туыстарын жақын маңдағы төбеге жерлеген. Осы жағдайда Талас өзенінің оң жағалауында орналасқан және Қырғыз Алатауының соңғы жотасы саналатын Тектұрмас тауы осындай төбе болды. Бұл жердегі ең көне жерлеу орындары біздің дәуіріміздің шекарасынан басталады. Олар зороастризмнің өркендеу дәуіріне жатады, сонымен қатар Жамбыл облысындағы аталған мазарлар Орталық Азия аумағындағы ең ірі зороастрлық зираттардың бірі болып есептеледі. Таудың оң жақ беткейінде көптеген ұсақ шұқырлар бар. Бұл ежелгі қорым, ескі қабірлер алаңқайы.

 

Тектұрмас тауының баурайында көптеген танымал тарихи тұлғалар жерленген. Атап айтсақ, әулие Сұлтан-Махмұд хан, қазақтың ұлы батыры, Абылай ханның серігі, жоңғарлармен соғыста тәуелсіздік үшін батыл күрескер ретінде танымал Мәмбет батыр және оның ісін жалғастырып, туған жерін қоқандықтардан азат етуге ғұмырын арнаған ұлы Байзақ батырлар. Кезінде Қазан қаласынан жаяу жүріп Меккеге қажылық жасаған теолог-ғалым Фасахуддин Сәбитов те Тектұрмаста жерленген. Ол 102 жыл өмір сүрген дана қарттың бейнесі тарих бетінде асқан мейірімді, емшілік қасиетке ие, дін таратушы жан ретінде қалған. 1953 жылы қайтыс болған ғалымның бейіті киелі таудың солтүстік беткейінде орналасқан.

 

Бір қызығы, мұнда үш түрлі дінді ұстанушылардың қабірлері табылған. Бұған Тараз қаласының Ұлы Жібек жолы бойында тұрғаны басты себеп десек болады. Тектұрмас тауы маңынан зороастрлықтардың да, алғашқы христиан-несториандықтардың да, ежелгі мұсылман қабірлерінің де жерлеу орындары анықталған. Жерлеу рәсімі үшін зороастрлықтар арнайы керамикалық ыдыстарды – оссуарийлерді қолданған екен. Олардың кейбірін археологтар жергілікті қазба жұмыстары кезінде тауып, облыстық тарихи-өлкетану музейінің тұрақты экспозициясына ұсынған. Оссуарийлер әртүрлі пішіндер мен өлшемдерге ие. Көбінесе шыбықпен безендіріліп, сыртына қар барыстарын, тау ешкілерін, маймылдарды және басқа жануарларды еске түсіретін зооморфтық белгілерін көп қолданған. Арасынан Күн белгісі де жиі кездестіруге болады.

 

«Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің қалыптасуы

 

Талас өзені арқылы өтетін көпір «Тектұрмас» кешеніне апаратын жолдың бастауы. Көпір кіреберісінде екі үлкен тақта орнатылған. Оның бергі жағынан Батыс түрік қағанатының өзіне тән символдарын, ал арғы бетінен түркі халықтарының наным-сеніміндегі ерекше құс самұрық бейнесін көруге болады. Одан кейін көпір аяқталған тұста аң патшасы арыстанның ақ мәрмар тастан құйылған қос мүсіні орнатылған.

 

Бүгінгі таңда Жамбыл облысында мәдени-тарихи мұраларды сақтау және өңірге туристерді тарту бойынша «Тектұрмас» кешенін қайта құру жұмыстары жалғасып жатыр. 2019 жылы Жамбыл облысының мерейтойына байланысты мұнда үлкен құрылыс басталған еді. Биіктігі он үш метрлік Әулие ата – Қарахан және он метрлік Лауха ескерткіштері Тараздың айналасын безендірді. Сонымен қатар үлкен баспалдақ пен бақылау алаңшалары салынды, тағы да өзге архитектуралық элементтер жасалды. Бұдан өзге билеушілердің есімі жазылған он төрт ескерткіш хан шатырлары түрінде бой көтерді.

 

Қазіргі таңда сәулет кешені наным-сенім иелері үшін де, қала қонақтары үшін де ең танымал зиярат ету орындарының біріне айналды. Дәстүр бойынша жаңа үйленген жас жұбайлар мұнда жатқан әруақтарға тағзым етіп, дұға оқып, бата алу үшін этно-кешенге жиі келеді.

 

«Тектұрмас» этно-кешені реконструкциясының бірінші кезеңі біткен. Ал жоба толығымен аяқталу үшін сауда жасайтын дүкендері бар ортағасырлық бекініс, сарқырама салу, жағалауды жабдықтау, Аңырақай мен Атлах шайқастары бейнеленген барельефті қабырға пайда болуы керек.

 

Болашақта «Тектұрмас» этно-тарихи кешені толық қайта құрылғаннан кейін «Қарахан», «Айша бибі» кесенелерімен және «Ежелгі Тараз» этнографиялық кешенімен қатар, аймақта туризмді дамытудың үлкен нысанына айналады деген жоспар бар. Осы жобаның барысында бүгінгі таңда кешен аумағында көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Осылайша санаулы жылдарда этно-мәдени кешен байытылып, екімыңжылдық тарихы бар Тараз қаласының мәңгілік мұрасына айналмақ.

Бөлісу:
(Суреттер ашық интернет көзінен алынды) Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға