Жаңалықтар

Тек қана отандық өнімдер сататын дүкен барын білесіз бе?

Еліміздің сауда нарығына бір жыл бұрын қосылған «KazTexExpo» сауда-өндірістік кешенінің бүгінгі жетісітігі қандай?
Тек қана отандық өнімдер сататын дүкен барын білесіз бе?
Фото: Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ 01.01.2017 14:15 9888

Астана қаласындағы «Универмаг.kz» сауда мекемесі тек қана қазастандық кәсіпкерлер өндірген отандық тауарлар сатады. Былтырғы жылы 16 желтоқсанда тұсауы кесілген «KazTexExpo» сауда-өндірістік кешенінде тігілген тауарлар Астана қаласынан өзге еліміздің барлық өңірлеріне жөнелтілуде.

Былтыр «Астана жаңа қала» арнайы экономикалық аумағындағы индустриялдық паркінде ашылған «KazTexExpo» сауда-өндірістік кешені бір жылдың ішінде қандай жетістіктерге қол жеткізді? Тауар өндірудегі қуаттылығы қанша? Тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыра алды ма? Осы сауалдарға жауап алу мақсатында «Универмаг.kz» сауда үйіне ат басын тіредік.

«KazTexExpo» сауда-өндірістік кешені 7000 шаршы метр жер көлемін игерген кәсіпорын. Ол «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асқан жоба. Фабриканы ашуға 750 млн теңге жұмсалған. Оның 495 млн-ы кәсіпкердің қалтасынан шықса, 255 млн қаражатты «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры субсидияға берген.

Бүгінгі таңда «KazTexExpo» сауда-өндірістік кешені құрамында екі кәсіпорын жұмысын дөңгелетіп отыр. Біреуі Жезқазған қаласындағы «ПИК Ютария ltd» ЖШС болса, екіншісі елордадағы жаңа нысан «ПИК АСТАНА Ютария ltd» ЖШС.

Елордадағы «Универмаг.kz» сауда мекемесі «ПИК АСТАНА Ютария ltd» ЖШС өндірген тауарларды сатылымға шығарған. Тек қана отандық өнімдерді саудалайтын дүкенде бұдан өзге еліміздің әр өңірлерде кәсіптерін дөңгелетіп отырған жеке кәсіпкерлердің тауарлары қойылғанын атап өткен жөн. Қазақстанда жасалған өнімдерді сауда нарығына енгізген «KazTexExpo» сауда-өндірістік кешенінің дүкеніне өзге кәсіпкерлер еш ақы төлемей-ақ тауарларын «Универмаг.kz» сауда үйінің сөрелерінде сатылымға қойғанын ерекше атап өтуіміз тиіс. Бұл дегеніңіз – еліміздің әр өңірлерінен кәсіп ашқан азаматтар үшін өнімін елорда төрінде саудалауға жақсы мүмкіндік. Мәселен, бүгін біз дүкен сөрелерінен Алматы, Петропавл, Қарағанды, Павлодар, Шымкент, Екібастұз, Ақтау, Атырау, Қостанай секілді шаһарларда ашылған зауыт, цех, фабрика өнімдерін кездестірдік.

Тәттім ӘСЕТ, «Универмаг.kz» сауда мекемесінің әкімшілік қызметкері: 

Фабрика ашылған кезде 30-дан астам тауар өндіруші фирмалар болса, 1 жылдың ішінде олардың саны 40-қа жуықтап отыр. Тұрақты тұтынушыларымыздың қатары артты. Сыртқы киімдер, үйге керек заттар, шұлық, аяқ киімдер сатамыз. Сауда орынына күніне 40-50 адам келсе, мереке күндері сондай-ақ демалыс күндері тұтынушылардың саны екі есеге артады. Тауарлардың бағасы қол жетімді, ал сапасы жоғары деп айта аламын.

Тәттім Әсет ханымның айтуынша қазір тігін фабрикасында тапсырыстың ұлғаюына байланысты автоматтандырылған машиналардың саны артқан,  сәйкесінше жұмысшылардың да саны көбейіп отыр.  

Астанадағы «Астана жаңа қала» арнайы экономикалық аумағындағы индустриялдық паркте бой көтерген «ПИК АСТАНА Ютария ltd» ЖШС – әлемге аты мәшһүр «ZOJE» тігін машинкаларының Астанадағы дилері болып табылатынын айта кеткен жөн.

Кәсіпорын әлемде алдыңғы қатарлы бренд саналатын «ZOJE» тігін машинкаларын құрастырып, автоматтандырылған құрылғымен жабдықтауды жүзеге асырады. Қазір фабрика 400-ге жуық мамандарға жұмыс орынын ұсынып отыр. Кәсіпорын Қазақстанның халқына арналған тігін және тоқыма өнімдерін тігумен шұғылданады.   

Кәсіпорынның бас  директоры Шәуенова Сәуленің айтуынша, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асқан жобаның болашағы зор.

Дүкен сөрелерінде орналасқан үйге арналған текстиль бұйымдарының сапасы еуропа мен түрік текстилінен ешбір кем емес әрі бағасы қолжетімділігімен ерекшеленіп тұр. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға