Тегін мәзірді ақылы жариялаған Kundelik порталы 9 миллион теңге тапқан
Антикор Kundelik порталында ас мәзірін орналастырғаны үшін жеті облыстағы мектеп асханаларына айыппұл салды. Білім басқармалары кәсіпкерлерге мәзір фотосуреттерін сайтқа ақылы түрде жүктеуді ұсынған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Осыдан соң 400-ден астам мектепке қызмет көрсететін 117 кәсіпкер 9 млн теңгеге жуық қаржы төлеген.
Бұл заңсыздық Астанада, Абай, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Қостанай, Павлодар облыстарында, Шымкент қаласында орын алған. Заң бойынша ас мәзірінің суреті Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы No598 бұйрығына сәйкес мектептің интернет-ресурсында тегін жариялануға тиіс болған. Қоғамдық тамақтандыру қызметін жеткізушілер, Білім министрлігі, елорда әкімдігінің және "Kundelik " ЖШС өкілдерінің қатысуымен өткен жиыннан кейін ас мәзірін тегін орналастыру туралы шешім қабылданды, - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов.
Осы жиынның қорытындысы бойынша Білім министрлігі де барлық мекемелерге төлемнің алдын алу туралы хат жолдады.