Жаңалықтар

Тефлонмен қапталған барлық ыдыс денсаулыққа зиян

Тефлонмен қапталған барлық ыдыс денсаулыққа зиян
Фото: Әлеуметтік желіден 22.05.2023 17:35 2987

Қазіргі уақытта көп адам өзінің денсаулығы мен қауіпсіздігіне, соның ішінде тамақ дайындауға және тұтынуға арналған ыдыстарды таңдауға жіті назар аударады. Өйткені, сапасы сын көтермейтін ыдыс-аяқтан зиянды заттар бөлініп, тағамға түсіп, адам ағзасын улауы мүмкін. Егер сіз үшін тағамдарыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және денсаулықты сақтау маңызды болса, онда дұрыс ыдыс-аяқты таңдай білгеніңіз жөн.

Жоғары категориялы педиатр, интегративті дәрігер Сандуғаш Әжімұратқызы ыдыс-аяқты сатып алу және пайдалану кезінде саналы шешім қабылдауға көмектесетін пайдалы кеңестерімен бөлісті.

Дүкенге барғанда қыз-келіншектер көздің жауын алатын түрлі-түсті ыдыстың қайсысын алатынын білмей, таңдауынан жаңылып жатады. Бірақ әйелдердің көпшілігі ұнаған ыдыстардың барлығы бірдей тамақ пісіруге не дайындауға қауіпсіз емесін білмейді.

Біз күнделікті екі не үш рет тамақ жейтін болғандықтан ыдысты таңдай білу маңызды жұмыс. Қазанда отбасымызға махаббатпен пайдалы тамақ пісіріп жүрміз деп ойлаймыз. Ал шын мәнінде біз оларды улап жүрген болуымыз мүмкін. Ыдыс арқылы ауыр металдар денемізге кіреді, олар көптеген созылмалы аурулардың пайда болуына әкеледі, - дейді Сандуғаш ханым.

Ыдыстардың құрамында ең жиі кездесетін ауыр металдар – қорғасын мен кадмий. Денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, олар ең қауіпті 10 ауыр металдардың қатарына кіреді.

Қорғасын жүйке жүйесі, ми, қан айналу, асқазан-ішек жолдары, бүйрекке қатты әсер етеді. Әсіресе, балалар осы ауыр металдардан зардап шегеді.

Денсаулық сақтау ұйымының статистикасы бойынша жыл сайын 600 мың бала қорғасыннан уланып, миының дамуында ақау пайда болады. Хрустальдың құрамындағы қорғасын оның мөлдір, төзімді және шағылысып, жылтырап тұруы үшін қолданылады. Боялған, түрлі түсті суреттері бар ыдыстардың құрамында қорғасынмен қоса кадмий де болады. Кадмий қатерлі ісік ауруын тудырады.  Қазіргі ыдыстардың 90 пайызы алюминийден жасалынады. Алюминий ыдыста су қайнатып, тамақ пісіріп, сақтауға болмайды. Алюминийдің қауіпті тұсы – ысытқан кезде ағзаға түсіп, улай бастайды. Сіз сондай ыдыстан жылдар бойы тамақ жейтін болсаңыз, ол алюминий сіздің денеңізде жиналады. Күнделікті тұтынып, ағза ұзақ уақыт улы заттарды қабылдаған кезде альцгеймер, ертерек алжу, аутизм, балаларда әртүрлі нейроқабыну процестері болады, - дейді дәрігер.

Келесі зиянды ыдыстардың бірі – мыс. Көкөністер мен жеміс-жидектер мысқа тисе құрамындағы С витаминін жоғалтады. Сондай-ақ ағзаға зиянды бос радикалдар бөлінетінін атап өтті.

Кез келген бояу жағылған ыдыстарда қорғасын мен кадмийден басқа меламин деген зат бар. Меламиннің құрамында формальдегид пен нонилфенол деген у бар. Олар қызған кезде бөлініп, ыдыстың бетінде қалады. Әсіресе, балалар ыдысында көп кездеседі. Бұл ағзаны мутацияға ұшыратып, қатерлі ісік ауруын тудырады. Сол үшін балалардың ыдысын да мұқият таңдау қажет. Улы заттар эндокриндік ауруға шалдықтырады.

Жабыспайтын тефлон - бұл өнеркәсіпте ыдыс шығаруда кеңінен қолданылатын ең қауіпті және кең таралған материал. Тефлонмен қапталған баяу пештер, электр грильдері мен кәстрөл сияқты ыдыстар бар. Бұл ыдыстың жабынына политетрафторэтилен (PTFE, PFOA, PFAS) кіреді - синтетикалық полимер, қыздырылған кезде орташа немесе жоғары уыттылығы бар және әсіресе жүкті әйелдер мен балалар үшін қауіпті әртүрлі газдар мен химиялық заттарды шығарады. Мұндай ыдыстың буы ауада, суда және өкпеде қалады.

Қазір тамақтың пластикте сақтауды әдетке айналдырдық. Кез келген пластик қыздырылған кезде 906 химиялық және 3377 аса қауіпті заттарды шығарады, 906 заттың 7 - і Еуропалық Одақта төзімді, биоаккумулятивті және улы (PBT) немесе өте төзімді, өте биоаккумулятивті (vPvB) және 15-і эндокриндік жүйені бұзатын химиялық заттар (EDC) ретінде тіркелген. Қыздырған кезде ол организмдегі эстроген рецепторларымен байланысады және бұл эстрогендердің, прогестеронның, тестостеронның гормоналды теңсіздігін тудырады, миома, фиброаденома сияқты ісік түзіліп, либидо төмендеуіне ықпал етеді. Бұл санатқа барлық пластикалық ыдыстар кіреді: кофе стакандары мен қақпағы, су ішетін бөтелкелер, тамақ сақтайтын контейнерлер.

Тек "CE" және "FDA"деп белгіленген медициналық силикон сатып алыңыз. Силиконның күшті жағымсыз иісі болмауы керек және ешқандай жағдайда резеңке иісі болмауы керек. Пісіру кезіндегі температура 150 С градустан аспауы керек.

Сондай-ақ дәрігер күнделікті тамақтануға қандай ыдыстар қауіпсіз екенін айтып берді.

Ең бірінші, пісіруге не қайнатуға арналған ыдыстардың болаттан жасалғанын таңдау керек. Олар қауіпсіз болып саналады. Екінші ыдыстардың түрі – бұл шойын ыдыстар. Алайда, шойын ыдыстарды қолдану біраз қиынырақ. Өйткені, оны күйдіру керек. Сосын дәмі қалып қоюы мүмкін. Егер арзанырақ ыдыстар болса, даттар қалып қояды. Сол үшін күтімі қиын болады. Ең оңайы – болаттан жасалған ыдыстар. Маркировкасы 18/10 немесе 18/0 болады. Осы ыдыстар пісіруге қолайлы ыдыстар болып саналады. Ал тамақ жеуге қолайлы ыдыстар – бұл ағаштан жасалынған және шыны ыдыстар. Айта кетейін, үстіне сурет салынған шыны ыдыстарға бояу қолданылады. Сондықтан да қауіпті боп саналады, - дейді дәрігер.

Ас үйде тамақты жасағаннан кейін оны ысытатын сәттер де болады. Тамақты жұмыста және супермаркеттерде микротолқынды пеште ысытатын адамдар жетерлік. Әдетте микротолқынды пеште  қолдануға керамика және пластмассаның кейбір түрлерінен жасалған ыдыс-аяқтарды қауіпсіз деп айтады. Бірақ интегративті маман Сандуғаш Әжімұратқызы бұл ойдың қате екенін атап өтті.

«Микротолқынды пеште қауіпсіз ыдыс қолданамын деген түсініктің өзі дұрыс емес. Себебі, микротолқынды пештің өзі зиянды болғандықтан, оның ішінде қандай зиянсыз ыдысты қолдансаң да, тамақтың пайдалы құрамы бұзылады. Сол үшін микротолқынды пеште қолданатын ыдыс жоқтың қасы деуге де болады. Одан да микротолқынды пешті қолданбай, арнайы ыдысқа салып, ысытып жеген дұрыс», - деп нақтылады дәрігер Сандуғаш Әжімұратқызы.

Пайдалы ыдыстарды алған соң, оны күтіп ұстаудың да өзіндік ерекшеліктері бар. Бетіне сызат түскен не жарылған ыдыстардан шығатын улы токсиндердің мөлшері көбейеді. Мысалы, қолдануға тиісті қауіпсіз керамикалық ыдыстардың бетінде сызат түскенде бірден қауіпті ыдыстың қатарын толықтырады.

Ал ыдыстың бетіне ешқандай сызат түсірмей қолдану мүмкін емес. Екі-үш рет қолданғаннан кейін міндетті түрде сызат түседі. Ол сызат арқылы алюминий, тағы басқа ауыр металдар тамаққа өтеді, - дейді Сандуғаш ханым.

Негізінде, бүкіл ыдыстарда қолданылатын бояулардың құрамында ауыр металдар болады. Көп ыдыстардың құрамында не бары көрсетілмейді. Бірақ, сіз тек шыны ыдыстардың құрамы таза болатынын білуіңіз керек. Өйткені, оның жасалу технология мен техникасы басқа болады.

«Бетіне лак жағылмаған ағаш жақсы. Ағаштан жасалған және ешқандай бояуы жоқ шыны ыдыстар ең қауіпсіз болып саналады. Дінімізде де шыны ыдыстан су ішу – сүннет амалдың бірі. Пайғамбарымыз (с.а.у.) алтын және күмістен жасалған ыдыстан тамақ жеуге тыйым салған. Өйткені, алтын мен күміс ыдыстарға ыстық тамақ салғанда зиянды заттар бөледі», - дейді дәрігер.

Дәрігер нарықта қауіпсіз ыдысқа қарағанда зиянды ыдыстар қымбат екенін атап өтті. Трендттегі әдемі ыдыстар мен жабыспайтын табаларға қарағанда шойын ыдыстар арзан тұрады екен.

Жабыспайтын қабаты бар барлық ыдыс денсаулыққа зиян. Егер ондай ыдыстың беті кішкене ғана сырылса қолдануға жарамсыз боп қалады. Сондықтан бірден лақтырған дұрыс. Бұрындары шойын табада піскен ыстық нан мен шойын қазанда піскен тамақты жейтін едік. Солай, бір шойын таба мен қазан алып қойсаңыз, өмір бойы қолданасыз, - деп кеңес берді.

Егер денсаулығыңыз жақсы болсын десеңіз жеген асыңызға ғана емес, ол асты дайындайтын ыдысқа да аса мән беру қажет.

Ауыр металдардан уланғанда көбіне неврологиялық дертке шалдығу ықтималдығы жоғары болады. Психиатриялық ауруханаларда адамдар көбейіп, психиатрға баратындардың саны артып, күйзеліс сияқты аурулардың себебі осы зиянды ыдыстардан болуы мүмкін. Өзім көп ыдыстарымды зиянсызға ауыстырдым. Қонаққа келетін достарым ыдыстарымның зиянсыз екенін біледі, - дейді Сандуғаш Әжімұратқызы.

Үйде қолдануға арналған қауіпсіз ыдыстарды таңдағанда бірнеше негізгі факторларға назар аудару керек:

Ыдыстың материалы: Шыны, тот баспайтын болат, керамика немесе бисфенол-А (BPA) немесе қорғасын сияқты зиянды химиялық заттарсыз қауіпсіз материалдардан жасалған ыдыстарға артықшылық беру керек. Жабыспайтын металл немесе эмальданған беттері бар ыдыстардан аулақ болыңыз, олар тамаққа сіңіп кетуі мүмкін.

Қауіпсіздік сертификаты: FDA (АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы), NSF (Ұлттық санитарлық қор) немесе CE (еуропалық стандарттарға сәйкес) және RoHS (қауіпті заттарды шектеу) өнімнің қауіпсіздік стандарттарына сәйкестігіне кепілдік беретін және тағы басқа осындай ұйымдардың қауіпсіздік сертификаты көрсетілген ыдыстарды іздеңіз.

Ыдыстардың қолайлы түрі: Ыдысты пайдаланатын пештің түріне қарай қарастырыңыз. Мысалы, индукциялық пештерге магниттік негізі бар арнайы ыдыс қажет, ал газ плиталары ысып кетпейтін тұтқалары бар ыдыстарды қажет етеді.

Жоғары температураға төзімділік: таңдалған ыдыстың жоғары температураға төтеп бере алатынын тексеріңіз, әсіресе пеште немесе микротолқынды пеште пайдалануды жоспарлаған болсаңыз.

Тазалауға ыңғайлысына мән беріңіз: оңай жуылатын және бактериялар мен иістерді ұстамайтын ыдыстарды таңдаңыз. Бұл әсіресе тағамды сақтау және пісіру үшін қолданылатын ыдыс-аяқтар үшін өте маңызды.

Ыдыс-аяқ өндіруші компания туралы басқа да тұтунышылардың пікірін білгеніңіз артық етпейді. Олар туралы ақпаратты интернеттегі ресурстардан табуға болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға