Жаңалықтар

Театрдың елеулі-елеусіз өкілдері

Театрдағы хостестің қыры мен сыры
Театрдың елеулі-елеусіз өкілдері
20.05.2019 16:37 6311

Бүгінде театр табалдырығын аттай бере, алдымыздан бірдей киінген жүздері жылы көрікті қыздар шығуын заңдылық секілді қабылдап кеттік. Келген қонақтарды күтіп алушы хостеске тағы қандай тапсырмалар жүктелгенін білеміз бе? Хостес (hostess – қонақ қабылдаушы немесе залдың иесі) – арнайы қызмет түрі. «Астана Опера» театрында осы қызметте жүрген бірнеше қыздармен тілдесіп, олардың күнделікті қандай қызықтар мен қиындықтарға тап болатынын біліп қайтқан едік.

Жанерке Алпысбаева төрт жыл бұрын кастинг арқылы маман ретінде қабылданған:

– Кастинг туралы инстаграм желісінен көріп қалдым. Директор Төлеген Мұхамеджановтың өзі осы хостес қызметіне лайықты қыздар іздеп, байқау жариялапты. Онда басты критерий – бойыңның 170 см-ден жоғары және қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне жетік  болуың керектігі айтылады. Енді ғана Тараздан астанамызға қоныс аударып келген бетім еді. Осында тұратын құрбыма еріп, кастингке келіп, бағымды сынап көрейін деп шештім. Ұзын саны жүзге тарта қыз жиналыпты. Барлығымызға үш тілде өзіміз жайында баяндау тапсырмасы берілді. Сөйлеу мәнерімізге, өз-өзімізді ұстауымызға қарай отырып, жиырмаға жуық қызды келесі кезеңге өткізді. Яғни, ендігі тікелей тәжірибеге араласып, үш күндік тағлымдамадан өту міндеті жүктелді.

Алғашқы сынақтан сүрінбей өткен қыздар спектакль басталуына екі сағат қалғанда театрға келіп, арнайы кастюмдерін киіп, жеңіл макияж жасап, көрсетілген орындарында жайғасып, жұмысқа кіріскен.

-  Жеңіл макияж негізгі қағиданың бірі, көзімізге, ернімізге қанық бояуларды пайдалануға тиым салынады. Сол сияқты тырнақтың да түсі басты назарда. Келген қонақтардың билетін тексергенде, жол көрсеткенде оның түсі адам жанарын аудартпайтындай болуы керек. Екінші сынақ күнінде қонақтармен қалай байланыс жасап, қандай қабақ танытқанымызға, тіл табысуымызға аса мән берілді. Кейбір қыздардың ұяңдығы басып, ашыла алмай, тағлымдаманы сол жерден тоқтапып жатты.

Жанерке қонақтардың хостес қыздарды бір-бірінен ажыра алмай жататынын айтады. Қазірде театрдың бұл қызметінде 52 қыз жұмыс жасайды екен. Олардың 32-сі негізгі топта, ал қалғаны – қосалқы құрамда. Сол сияқты штаттық режимдегі әкімшілікте он қыз тұрақты қызмет атқарады.

-  Негізгі топтағы қыздардың басым бөлігі студенттер. Олар кейде ауырып, кейде емтихан тапсырып жатады. Ондайда қосалқы топтағы қыздарға күніміз түседі, - дейді Жанерке.

Театрдағы әкімші қызметіне – экскурсия жүргізу, хостеске алынған қыздардың құжаттарымен айналысу, спектакль болатын күні олардың тұратын орнын бекіту секілді жұмыстар кіреді.

-  Экскурсия кезінде ғимараттың архитектуралық ерекшілігін айтамыз, көрермен залына, тетар мұражайына апарамыз, шұғыл көмек керек болса бір-бірімізге радиобайланыс арқылы шығуға мүмкіндік жасалған. Штаттағылардың барлығының жоғары білімі бар. Біздің зал 1250 адамға, ал камералы зал 250 адамға арналған. Кейде тәулігіне мың жарымдай адамды қабылдап жатамыз.

Жанерке жұмысқа тұрғандағы алғашқы қиындықтардың бірі ретінде биік тақалы аяқ киіммен ұзақ уақыт аяқтан тік тұрып жүру екенін айтады. Келе-келе аяқ туфлиге, туфли аяққа үйренісіп кетеді дейді ол.

Еркежан Амангелдиеваның театрда жұмыс жасап келе жатқанына бір жарым жыл болыпты:

 - Басында маман ретінде келгенмін. Одан кейін әкімші қызметіне ауыстым. Мен де кастингтен сәтті өткен жандардың бірімін. Отыз шақты қыздың ішінен төрт адамның жолы болды. Жоғары білімдімін. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің туризм мамандығын аяқтағанмын.

Қанша қонақ келсе, сонша мінезді көресің дейді аруымыз. Сол сияқты ыстық лебізін білдіріп, суретке түсуге рұқсат сұрайтындарда жетіп артылады екен.

-  Әсіресе, шетелден келген қонақтар бізбен суретке түсуге құмар.

Келген қонақтарға жылы шырай танытып, күлімдеп қарсы алушы қыздардың үш түрлі киім формасы бар: Құралай, қызыл және ақ. Үлкен залдарға Құралай Нұрқаділованың дайындаған кастюмі мен ақ түсті форма киілсе, кмералы залдарға қызылы пайдаланылады.

Үш жылдан бергі өмірін осы театрмен тікелей байланыстырған Кәмшат Естаңат:

-  Кастинг жасардың алдында отыз күн бүрын афишасын әзірлейміз. Нақты қай күн, қай уақытта болатынын бекітеміз. Ол дайын болған соң, университеттерге, әлеуметтік желілерге саламыз. Сол арқылы почтаға келген резюмелерді қарай отырып, бойы ұзын, түрі келісті қыздарға жеке-жеке хабарласып кастингке шақырамыз. Яғни, талапқа сай келетін кез келген жанның бізге жұмысқа тұруына мүмкіндігі бар, - дейді.

Спектакль алдында соғылатын қоңырауда қандай мән-мағына жатқанын Кәмшат былай түсіндіреді:

-  Бізде қойылым мейрам және демалыс күндері сағат 18:00-де, кәдімгі күндері 19:00-де басталады. Бір сағат бұрын есіктерді ашамыз.  Мәселен, демалыс күні сағат 17:00-де ашылып, қонақтарды қабылдауға дайын боламыз. 17:45-те бірінші қоңырау соғылады. Бұл қонақтардың барлығын орындарына жайғастыру керек дегенді білдіреді. 17:55-те екінші қоңырау соғылады. Ал үшіншісі 18:00-де, яғни сахна дайын болғанда беріледі.

Бір қарағанда оңай көрінетін бұл істің өзіне тән қиыншылықтары да кездесіп жатады. Оқуы жоқ жұмысты толық үйренуге шамамен бір жылдай уақыт кетеді дейді Кәмшат:

- Қыздардың бесеуі фойеге, екі портерге жауап береді. Адамдарды өз орындарына бағыттайтыны, шеткі екі есікте тұратындары бар. Олар кей қонақтардың жағдайы нашарлаған сәтте, дереу сыртқа алып шығу үшін керек. Сол сияқты телефон жарықтарын қосқан көрермендерге ескертпелер айтып отырулары да маңызды. Себебі, 3D форматында әртүрлі эффектілер берілгенде, залдағы  жарық қонақтардың сахнаны жақсы көруіне кедергісін келтіріп жатады.

Негізгі мамандығы инженер-технолог қыз алғаш театрға келген сәттен-ақ, осында жұмысқа тұруды мақсат тұтады.

- Жүрегіме өте жақын іс. Өз жұмысымнан ләззат аламын десем де болады. Күнделікті түрлі оқиғаларға тап болып жатамыз. Көптеген атақты адамдармен жүздесудің сәті түседі.

Бұл үлкен театрда тек сахнада ғана емес, оның сыртында да көптеген қызықтар болып тұрады. Кәмшат та сондай бірлі-екілі оқиғаларды басынан кешіріпті:

-  Жұмысқа тұрғаныма жарты жыл болған. Үлкен концерт кезінде маған бір әртістің телефонын зарядтағыш құралын апарып бер деп тапсырды. Мен ол отырған кабинетті іздеймін деп, театрда адасып кеткенім бар. Жарты сағат әрі жүріп, бері жүріп, жылауға дейін бардым. Сөйтіп абыржып жргенімде бір кісі жолығып, қажет кабинетті табуға көмектескен.

Халықты театрға тартуға тек спектакльдер ғана емес, хостестің де тигізер әсері зор. Келушілерді әрдайым жылы қабылдап, қойылымды өз дәрежесінде көруге жағдай жасайтын жандардың еңбегі біршама екенін көріп қайттық.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға