Театр құрылысына 21,7 млрд теңге бөлінді: әкімдік себебін айтты
Алматыда Н.Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының ғимаратын реконструкциялау жұмыстары жақында басталады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қалалық әкімдік мәліметінше, реконструкциялау жобасы мемлекеттік сараптамадан өтті, қала әкімдігі құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер ұйымды анықтау үшін байқау жариялады.
Алматының Құрылыс басқармасы жобада қандай шешімдер қарастырылғанын және оны жүзеге асыруға не үшін 21,7 млрд теңге бөлінгенін түсіндірді.
Ғимарат 1980-жылдары салынған және содан бері оған ешқашан күрделі жөндеу жүргізілмеген. Театр ұжымы ғимараттың мүшкіл жағдайына қоғамның назарын бірнеше рет аударған. Қала әкіміне жүгінгеннен кейін ол мегаполис үшін маңызы зор нысанды реконструкциялауға тапсырма берді. Техникалық зерттеу барысында жабдықтардың, инженерлік желілердің, шатырдың, қасбет тақталарының және ішкі әрлеу жұмыстарының едәуір тозғаны анықталды. Шатырдан аққан су сахна мен көрермен залына дейін жетеді, қасбеттің тақталары құлап, жүргіншілерге қауіп төндіріп отыр, ал ескі электр сымдары өрт қаупін тудырады. Қазіргі таңда ғимарат қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейді және эстетикалық көрінісін жоғалтқан, – деді басқарма басшысы Алмас Шабдарбаев.
Реконструкциялау жобасы қоғам өкілдері мен сарапшылар арасында кеңінен талқыланды. Жобаға сәйкес, тірек құрылымдары нығайтылады, шатыр мен қасбет тақталары ауыстырылады, барлық инженерлік коммуникация жаңартылады. Ғимарат толық автоматты өрт сөндіру жүйесімен жабдықталады. Сондай-ақ, театр жабдықтары, сахна, жарықтандыру толықтай жаңартылып, орындықтар арасындағы өтпелер кеңейтіліп, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы жағдай жасалады.
Ғимарат жергілікті маңызға ие тарихи және мәдени ескерткіш болғандықтан, оның сәулет элементтерін қалпына келтіру мен сақтауға ерекше назар аударылды. Мысалы, бастапқы жобаға сәйкес, холлдың еден жабынының тарихи келбеті мен ғимараттың фойесіндегі мозаика да қалпына келтіріледі, – деді басқарма басшысы.
Бұл жұмыстардың барлығы 14,6 мың шаршы метр болатын қолданыстағы ғимаратты реконструкциялау жұмыстары аясында жүргізіледі.
Сонымен қатар, жанында 10 мың шаршы метрлік үш қабатты жаңа ғимарат салынады. Жаңа ғимаратта 200 орындық сахнасы бар зал, грим бөлмелері, шеберханалар мен цехтарға арналған бөлмелер, декорацияларды сақтауға арналған қоймалар, көркемдік жетекші қызметкерлерге арналған кабинеттер, балалар театр студиясына арналған оқу сахнасы мен сыныптар орналасады. Екі ғимаратты галереялық өткел байланыстырады.
Театр – кеңсе ғимараты емес, сондықтан оның жарықтандыру жабдықтары, дыбыс аппаратурасы, желдету және кондиционерлеу жүйелері, декорация механизмдері бар сахналар сияқты арнайы техникалық жүйелерді орнатуды қажет етеді. Акустика мен жарықтандыруды монтаждау ерекше күрделі жұмыстың бірі. Театр – бұл құрылым мен техникаға үлкен жүктеме түсетін орын, сондықтан жабдықтау қатаң стандартқа сай болуы тиіс, бұл актерлердің, техникалық қызметкердің және көрермендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Бөлінген қаражаттың құрылымын қарасақ, екі ғимаратты заманауи жабдықпен толық қамтамасыз етуге шамамен 6 млрд теңге қажет. Қолданыстағы ғимаратты реконструкциялауға 6 млрд теңге және жаңа ғимарат салуға шамамен 9 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар, екі ғимаратты байланыстыратын галерея салынады, сыртқы желілер ауыстырылады және іргелес аумақты көгалдандыру мен көркейту жұмыстары жүргізіледі. Бұл ауқымды жоба, жұмыс аяқталғаннан кейін театр қаланың шығыс бөлігінде тұрғындар жиі келетін орынға айналады деп сеніммен айтуға болады, – деді Алмас Шабдарбаев.
Айта кетейік, негізгі ғимараттың реконструкциялау жұмыстарын осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған, ал жобаның толық аяқталуы 2026 жылдың бірінші тоқсанына белгіленген.