Жаңалықтар

«Театр өнерінің» үздіктері

«Театр өнерінің» үздіктері
Фото: Коллаж El.kz 21.05.2024 17:00 860

2013 жылы Қазақстан президентінің жарлығына сәйкес, 21 мамыр Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні деп бекітілген болатын. Содан бері еліміздің барша өнер, мәдениет қызметкерлері кәсіби мерекені дәл осы күні атап өтіп келеді.

Бүгін біз мереке қарсаңында мәдениет ордасы болып саналатын, рухани байлықтың көзі театр жайлы сөз қозғамақпыз.  

Театр күні мерекесі

Дүниежүзілік театр күні 1961 жылы Вена қаласында өткен ЮНЕСКО Халықаралық театр институтының IX конгресінде бекітілді. Бұл мереке 1962 жылдан бері 27 наурыз күні тойланып келеді. Театр күніне арналған алғашқы халықаралық үндеуді 1962 жылы француз жазушысы және су­ретшісі Жан Кокто жазды. «Театр» сөзі көне гректердің   «theatron» сөзінен шыққан және «тамашалайтын орын» деген мағынаны біл­діреді. Дәстүрлі түрде театрда анағұрлым таны­мал екі жанр ойналады. Комедия және траге­дия жанрларын бейнелейтін театр маскалары символға айналды. Деректерге сүйенетін болсақ, тұңғыш театрлық қойылым біздің дәуірімізге дейін 2500 жылы болған. Алғашқы театрлық ойын Мысырда қойылды, оның сюжетіне мысыр аңызының образдары Осирис құдайының хикаялары енді.

Қазақ театрының тарихы

Театр өнерінің тарихы сонау ежелгі Грекия елінен бастау алып, сан ғасырлардан бері көрермен көңілінен ерекше орын алған. Қазақстан аумағында алғашқы театрлар XIX ғасырдың екінші жартысында құрыла бастады. 1859 жылы Орал қаласында, 1869 жылы Орынборда, 1875 жылы Омбыда орыс драма театрларының негізі қаланды. Осылайша олар қазақ сахна өнерінің тууына ықпал жасады. 1890 жылы Семей қаласында «Музыкалық-драмалық өнерді сүюшілер қоғамы» ұйымдасты. 1905-1907 жылы Қызылжарда (Петропавл), Оралда, Орынборда, Семейде татарлардың саяхатшы труппалары өнер көрсетті. 1910 жылдан бастап қазақ көркемөнерпаздар үйірмесі қалыптаса бастады. 1918 жылы Алматы (бұрынғы Верный), Семей, Петропавл және басқа қалаларда бірқатар орыс драма театрлары жұмыс істеді.  

Тұңғыш қазақ театрының шымылдығы 1926 жылы 13 қаңтарда Мұхтар Әуезовтің «Еңлік – Кебек» трагедиясымен Қызылордада ашылды. Спектакль қазақ әдебиеті классигінің екі ғашықтың қайғылы тағдыры туралы халық арасында сақталған аңыз негізінде жасалған шығарма бойынша сахналанды. 1926-1930 жылы М.Әуезовтің «Бәйбіше – оқал», «Қаракөз», Б.Майлиннің «Шаншар молда», «Неке қияр», Шаниннің «Арқалық батыр», «Баян батыр», Сыдық Аблановтың «Күндеспейтін қатындар», «1916 жыл», Ерданаевтың «Малқамбай», А.Тоқмағамбетовтың «Екі заң», Р.Малабаевтың «Үй тұтқындары» мен «Ғұрып күңі» пьесасы бойынша қойылған қойылымдарда қазақ халқының әр дәуірдегі өмір-тұрмысы, тағдыры көрсетілді.

1928 жылы бұл театр Қызылорда қаласынан жаңа астана Алматыға қоныс аударып, театрдың шығармашылық құрамында К.Байсейітова, Ж.Елебеков, М.Ержанов, Ш.Жиенқұлова, У.Тұрдықұлова сияқты өнер майталмандары өнер көрсетті. Ал 30-шы жылдардың ортасында Қ.Қармысов, С.Телғараев, Ә.Үмбетбаев, Р.Қойшыбаевалар қосылды. Сөйтіп, 1937 жылы театрға «академиялық» атағы берілді.

60-шы-90-шы жылдар қазақ театр тарихындағы шығармашылық ізденістердің жарық кезеңі болып саналады. М. Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театры сахнасында қойылған спектакльдер театрдың алтын қорына енді. Олардың ішінде Катерина ролінде Х.Бөкеева ойнаған А.Островскийдің «Грозасы», Гарпагон ролінде Қ.Қармысов ойнаған Ж.Б.Мольердің «Сараңы», Катарина мен Петруччио рөлдерінде Х. Бөкеева мен Ш. Айманов ойнаған В.Шекспирдің «Асауға тұсауы», Тоғанай рөлінде С.Майқанова ойнаған Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-Анасы», Ф.Шәріпова және Ы.Ноғайбаев ойнаған Ә.Нұрпейісовтың «Қан мен тері» (1973 ж., реж. Ә. Мәмбетов) ерекше орын алады.

Еліміз тәуелсіздік алған кезеңінен Астана қаласында бір опера және балет театры, 8 драма және музыкалық драма театры және 2 қуыршақ театры ашылды.

«Театр өнерінің» үздіктері

Өткен 2023 жылы Umai 2023 ұлттық сыйлығының жеңімпаздары анықталған болатын. «Театр өнері» номинациясы бойынша мынадай 8 жүлде табыс етілді:

«Үздік музыкалық-драмалық спектакль» аталымында Астана жас көрермендер музыкалық театрының «Гауһартас» музыкалық драмасы үздік деп танылды.

«Үздік спектакль» – М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының «Жаздың соңы» трагикомедиясы.

«Операдағы ер партиясын үздік орындаушы» – Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрының солисі Дамир Сәдуақасов.

«Операдағы әйел партиясын үздік орындаушы» – Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрының солисі Оксана Давыденко.

«Үздік ер адам рөлі» – М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрының актері Бекжан Тұрыс.

«Үздік әйел рөлі» – Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының актрисасы Алмахан Кенжебекова.

«Үздік режиссура» – Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған Қазақ мемлекеттік академиялық театрының режиссері Дина Жұмабаева.

«Спектакльдің үздік көркемдік дизайны» – Н.Сац атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік академиялық орыс театрының суретшілері Владимир Пономарев, Александра Рычкова.

Қазақстанда қанша театр бар?

Ұлттық статистика мәліметіне сүйенсек, бүгінде елімізде 73 театр жұмыс істейді. Оның ішінде 39 – драма, 11 – қуыршақ, 7 – жас көрермен театры, 4 – музыкалық комедия, 4 – опера және балет, 8 – басқалары.

Театрлар саны бойынша бірінші орынға дәстүрлі түрде 23 театрмен Алматы қаласы жайғасты. Екінші орында – 9 театры бар Астана, одан кейінгі орында – 6 театры бар Шымкент қаласы тұр.

«Театр өнерінің» үздіктері

2022 жылы республика театрлары 15,3 мың іс-шара өткізілген, оның 8,3 мыңы – балаларға арналған іс-шаралар.

Өткен жылы әртістердің ойынын тамашалауға 2,1 миллион көрермен барды. Ал ең көп келушілер Алматы (726,4 мың адам), Астана (461,3 мың адам) және Қарағанды облысының (272,1 мың адам) театрларында болды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға