Тәжікстан Қазақстан халқына 61 вагон гуманитарлық көмек жіберді
Тәжікстан Республикасынан су тасқыны салдарынан төтенше жағдайлардан зардап шеккен Қазақстан халқына 61 вагон гуманитарлық көмек келді. Аталған жүк Түркістан облысы, Сарыағаш ауданының «Сарыағаш» темір жол станциясына келіп жетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Сонымен бірге Тәжікстаннан 15 жүк көлігіне тиелген көмек те елімізге жеткізілді. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Тәжікстаннан жалпы 3500 тонна гуманитарлық көмек қабылданды.
Гуманитарлық көмекті Тәжікстан Республикасының Төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс комитетінің төрағасы, милиция генерал - полковнигі Рустам Назарзода бастап келді. Тәжікстан Республикасының Үкіметі жанындағы Мемлекеттік материалдық ресурстар агенттігі директорының орынбасары Сохиб Зиёдуллоев гуманитарлық көмек туралы құжатты салтанатты түрде тапсырды.
Қазақстандағы қиын жағдай біздің де жанымызға батты. Бейжай қарап отыра алмадық. Біздің елімізде күрделі мәселе туындаса, ең көп көмек жолдайтын ел – Қазақстан. Сондықтан Тәжікстан Республикасының Президентінің шешімімен осы гуманитарлық керуенді жеткізіп отырмыз. Біз стратегиялық серіктес елдер ретінде бір-бірімізді қолдап тұруымыз керек, – деді Рустам Назарзода.
Делегацияны Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министрі Серік Төленбергенов пен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев бастаған облыс тұрғындары күтіп алды. Сарыағаш ауданының «Сарыағаш» теміржол станциясында іс-шара өткізілді.