Жаңалықтар

«Тазалық-табалдырықтан басталады» деген қағиданы есте сақтауымыз керек – Ирик Шаймерденов

«Тазалық-табалдырықтан басталады» деген қағиданы есте сақтауымыз керек – Ирик Шаймерденов
Фото: коллаж El.kz/instagram/irikshai 07.06.2024 12:13 1144

Туған жерді түлетіп, оны көркейтуге үлес қосу - әркімнің парызы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстанымыз таза болуы қажет деген еді. Еліміздің бас қаласы Астананың тазалығы үшін аянбай еңбек етіп жүрген жанның бірі – Ирик Шаймерденов. Үстіне қызыл желетке киіп, қолына сыпырғы ұстап, тынымсыз еңбек етіп жүрген кейіпкеріміз алпыс жасты алқымдаған. Соған қарамастан елорданың таза болуына қатты алаңдайды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Ирик Шаймерденов жай ғана көшелерді тазалап қоймайды. Ол құмнан және қардан жасалған мүсіндерімен аулалардың сәнін келтіреді.

Осы орайда El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі он саусағынан өнер тамған талант иесімен тілдесіп, қала тазалығына қатысты ойын біліп қайтты.

Суретшінің мүсіндерін қарауға Астананың әр түпкірінен тұрғындар ағылып келеді. Өкініштісі, бұл мүсіндерді ғұмыры ұзақ емес. Десе де, көрген көзге эстетикалық ләззат сыйлайтыны сөзсіз.

El.kz: Аулалардың тазалығы мен сәнін келтіріп жүрген азамат туралы көпшіліктің білгісі келетіні анық...

Ирик Шаймерденов: Өзім - Солтүстік Қазақстан облысының тумасымын. Кең бейінді тракторист-машинист мамандығын бітірсем де, осы күнге дейін біраз мамандықты ауыстырдым. Анадан ерте айырылдым. Жетімдіктің қиындығын біраз көрдік. Қазір құдайға шүкір, бәрі жақсы. Төрт баланың әкесімін. Төрт немерем бар.

El.kz: Құм және қар мүсіндерін жасау идеясы ойыңызға қайдан келіп жүр?

Ирик Шаймерденов: 8 жыл туған ағамның қол астында қызмет етіп, біраз нәрсе үйрендім. Ағам – 40 жыл бойы бейнелеу өнерінің мұғалімі болған кісі. Қыс басталғанда мұз қалашықтарын салып, ауыл тұрғындарын қуантатыны бар еді. Сол кісінің жанында үш жыл қатарынан қар күреп, кейіннен шығармашылық қабілетімнің ояна бастағанын аңғардым. Әкем де өнерге жақын болатын. Оның қардан жасаған мұзды аю мүсіні әлі есімде. Бойымдағы өнерімнің дамуына серпіліс берген – осы екі кісі.

«Тазалық-табалдырықтан басталады» деген қағиданы есте сақтауымыз керек – Ирик Шаймерденов

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

El.kz: Қандай мүсіндер жасайтыныңызды алдын ала ойластырасыз ба? Шабытты қайдан аласыз?

Ирик Шаймерденов: 20 жыл бойы бойымдағы қабілетімді тұншықтырып келген екенмін. Былтыр мейрамханада жұмыс істеп жүргенімде қардан жүрекшелер жасап бастадым. Мүлдем қызығушылық тудырады деп ойламаған едім. Дегенмен өткен-кеткен кісілер таңдай қағысып, суретке түсіре бастағанын байқадым. Сөйтіп, ғаламторды «ақтарып», өз деңгейіме сай келетін сабақтарды қарауды әдетке айналдырдым. Қардан ғана емес, құмнан да қызықты мүсіндер жасауға болатынын түсіндім. Осылайша, құмнан әуелі қолтырауын жасап, кейіннен тасбақа мүсіндеп, аула тұрғындарының реакциясын байқауға тырыстым.

«Тазалық-табалдырықтан басталады» деген қағиданы есте сақтауымыз керек – Ирик Шаймерденов

Фото: instagram/irikshai

«Тазалық-табалдырықтан басталады» деген қағиданы есте сақтауымыз керек – Ирик Шаймерденов

Фото: instagram/irikshai

«Тазалық-табалдырықтан басталады» деген қағиданы есте сақтауымыз керек – Ирик Шаймерденов

Фото: instagram/irikshai

El.kz: Сонда жұмыстан қолыңыз қалт етсе, мүсіндеумен айналысасыз ба?

Ирик Шаймерденов: Қолым босағанда «қандай мүсіндер жасасам екен?» деген ой мазалайды. Фигураны толық бітірсем де, көңілім толмайтын кездер болады. Сол сәттерде мүсінді бұзып, жаңадан жасап бастаймын. Сөйтіп уақыттың қалай зымырап жатқанын байқамай қалатыным бар.

El.kz: Белгілі бір фигураны жасауға қанша уақытыңыз кетеді? Күні-түні көз ілмейтін кездеріңіз бола ма?

Ирик Шаймерденов: Бірде арыстанның фигурасын жасау идеясы пайда болды. Идеямды жүзеге асыру үшін ұзақ уақытым кетті. Арыстан туралы фильмдер қарап, қимыл-қозғалысын зерттеуге тырыстым. Әйткенмен нәтижесі мүлдем ойымнан шықпады. Кинг-Конгтың мүсінін жасағанда да фильмді қарап, шабыттануға тура келді.

El.kz: Мемлекеттік мекемелерден немесе жекеменшік ұйымдардан мүсін жасауға тапсырыс түсе ме?

Ирик Шаймерденов: Иә, тапсырыстар жетерлік. Көп жағдайда балабақша әкімшілігі тарапынан аула территориясын мұзды фигуралармен безендіруге шақырту аламын. Жаз басталғанда Бурабайдағы жағажайларды көріктендіруге тапсырыс түсетіні бар. Бірақ шығармашылыққа толықтай бет бұру үшін шеберхана қажет екенін енді түсіндім. Сол себепті әзірге мүсін жасауды хобби ретінде ғана қарастырамын.  

El.kz: Республикалық «Таза Қазақстан» атты ауқымды экологиялық акциясы туралы естіген боларсыз...

Ирик Шаймерденов: «Таза Қазақстан» акциясын қос қолдап қолдаймын. Жалпы қала тазалығына етене атсалысып жүрген азамат ретінде осы тексес акцияларды жіберіп алмауға тырысамын. Аулаларға «жан бітіре» отырып, бүлдіршіндердің жүзіне күлкі ұялату арқылы титтей болса да өз үлесімді қостым деп сенемін.

El.kz: Қоршаған орта тазалығына жауапкершілікпен қарау - әр азаматтың міндеті. Өскелең ұрпақтың бойында осы тектес жауапкершілікті ояту үшін қандай ақыл-өсиет айтар едіңіз?

Ирик Шаймерденов: «Тазалық-табалдырықтан басталады» деген сөз бар.  Бастысы – «өзгенің еңбегін бағала!» деген ойды кішкентайынан бойларына сіңіру қажет. Сол арқылы қоршаған ортаға деген жанашырлығын оятып, қаланың таза, жасыл желекке оранып тұруына атсалысуға құлшынысын оятқан дұрыс деп білемін.

El.kz:Сұхбатыңызға рақмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға