Жаңалықтар

«Таза Қазақстаннан» таза аймақ туындайды

«Таза Қазақстаннан» таза аймақ туындайды
Фото: Аңсар Әмірхан 04.03.2025 14:30 84

Көктемнің алғашқы күнінде ақ боран ашуға мініп, қыс бойы түспеген қар үдете жауды. Демнің расында тобықтан асқан қар әлеуметті әбден әбігерге түсіреді деп ойлағанбыз. Сөйтсек, жаңылыппыз.

Мұндайда білекті түріп, белсенді кірісетін «Қызылорда тазалығы» мекемесінің арнайы техникасы да, жұмысшылары да жұдырықтай жұмыла кетті. Сөйтіп, көшедегі көлік қозғалысы мен кептелісін болдырмауды дереу алдын алды. Әсіресе, тұрғындардың қауіпсіздігін бірінші кезекке қойған тазалықшылар жүргінші жолын да, аялдама мен әлеуметтік нысандарға барар жолды да тап-тұйнақтай тазартып қойды. Бұған елдің разылығы ерекше болды. Мұндай түсіністік тірлікті «тазалықшылардың» сүйікті қалаға деген жанашырлығы деп білді.

Мемлекет басшысының бастамасы бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы Сыр өңірінде кеңінен қолдау тапты десек  артық айтпағандық. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі берген мәліметке сүйенсек, науқандық тазалық жұмыстарына «Қызылорда тазалығы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнынан  54 техника, 200-дей жұмысшы қатысады. Олар белгіленген аумақтар бойынша тиісті міндеттерді сапалы атқарып келеді. Табиғаттың тосын жағдайларында уақыттың қай мезгіліне де қарамастан қызу жұмысты қолға алады.

Ал, «Жасыл Қызылорда» мекемесі аты айтып тұрғандай, жасыл желекті жайқалтуға, көркейту-көгалдандыру мен абаттандыруға арнайы бекітілген ірі шаруашылық. Мекемеге қарасты 15 арнайы техника бар, 180 адам жұмыс жасайды.

«Таза Қазақстан» акциясы бойынша сенбі сайын сенбілік жасалып, оған қала, аудан, елді мекендер тұрғындары, мемлекеттік мекеме, қоғамдық ұйымдар мен кәсіпорын қызметкерлері, еріктілер тұрақты атсалысады. Қазір қала тазалығы дағдылы іске айналған. Оның жақсы нәтижесімен «еліміздегі ең таза қалалар» қатарына қосылды.

Біз «Жасыл Қызылорда» мекемесі директорының орынбасары Адай Мұстафаевқа байланысқа шығып, бүгінгі атқарылып жатқан жұмыстар легін білген едік.

Адай Мұстафаев:  Мекеме мамандары қаладағы Н.Назарбаев даңғылы бойын көгалдандыруға қызу дайындықты бастап кетті. Көктемгі гүлзар және басқа да ағаштар егу мақсатында топырақ құнарлылығын арттыру үшін көңмен байытылған құм төсеп жатырмыз. Тұңғыш Президент саябағынан қылқан жапырақ ағаштарды арнайы техника күшімен тамырымен қазып алып, С.Бейбарыс көшесі бойына отырғызу үстіндеміз. Сондай-ақ, көктемгі аяқсумен қамтамасыз ету үшін Сырдария өзені мен каналдарға 19 су насосы орнатылып, арық жүйелерін тазалаудан өткіздік.  Бұл жұмыстардың негізгі бағыты қала тұрғындары мен қонақтарына таза әрі жайлы орта қалыптастыруды көздейді.

El.kz: Демек, сіздер «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын жүзеге асыратын бірден-бір мекеме болдыңыздар ғой.

Адай Мұстафаев:  Мекеменің міндеті өте ауқымды. Жыл он екі ай бойы бос отырмаймыз, қаланың ажарлы бейнесін сақтауға, санитарлық талапқа сай тазалыққа барынша ден қойып, көгалдандыру, абаттандыру жолында белсенді түрде атсала береміз.

Нақты статистикалық деректер бойынша, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғалы оған 730 000-ға тарта азаматтар қатысқан. Нәтижесінде 505 сквер мен саябақ, 225 тарихи-мәдени ескерткіш аумағы, 791 әлеуметтік нысан, 4596 өнеркәсіп және бизнес нысаны, 322 су нысаны, 47 451 аула мен көше талапқа сай тазартылып, тұрғындар арасында тазалық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етті. Жалпы, тазалық жұмыстарымен 27 000 тоннадан астам қоқыс шығарылған.

Ерекше тоқталатын мәселе, Мемлекет басшысының бастамасын облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңаша үрдіспен жалғап, тазалық, көркейту-көгалдандыру бағытында бағалы үлгі жасады. Яғни, «Үлгілі елді мекен» облыстық байқауын өткізуді қолға алды. Бұл бойынша 2023-2024 жылдары байқау 3 мәрте өткізіліп, оған облыстық бюджеттен 1,5 млрд.теңге бөлінді. Жеңімпаз елді мекендерге ақшалай сыйлық емес, 48 арнайы коммуналдық техника табысталды. Осы арнайы техникалар арқылы әрбір жеңімпаз аудан тазалық жұмыстарын жаңғыртатын болады.  Аймақта жаппай тазалық жасаудың жүйесі осылай жүзеге аса береді, оның жемісі де жыл сайын арта түседі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға