«Таза Қазақстан»: Жетісуда «7 ÖZEN» кең ауқымды экологиялық фестивалі өтті

Жетісу облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында аумақтарды тазалау мен ағаш егу шаралары жалғасуда. Мәселен, бүгінгі экологиялық шараға халық белсене атсалысып, 5 мыңға жуық адам қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Облыстық қоғамдық даму басқармасының мәліметінше, Жетісудың жеті өзенінің жағасын тазалаған «7 ÖZEN» атты кең ауқымды экологиялық фестивалі өтті. Сол сияқты Талдықорған қаласында «EcoKeruen» акциясы ұйымдастырылып, қаланың басты көшелері тұрмыстық қатты қалдықтарды іріктеу тәсілі арқылы қоқыстан тазартылды.
«7 ÖZEN» атты кең ауқымды экологиялық фестивалі өңірдің 8 аудан-қаласынан ағатын Қаратал, Көксу, Ақсу, Шажа, Сарқан, Лепсі және Бүйен өзендерінің жағалауын тазарту мақсатында өткізілді. Оған жергілікті жастар, еріктілер және тұрғындар белсенді түрде қатысты. Шара аясында өзен жағалауларын қоқыстан тазарту, экологиялық ойындар мен шеберлік сабақтары, сондай-ақ табиғатты қорғауға бағытталған ақпараттық дәрістер өткізілді. Фестивальге 600-ге жуық жас қатысып, 20 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 10 тоннаға жуық қоқыс жиналды. Бұл бастама жастардың экологиялық сана-сезімін арттырып, табиғатқа деген жанашыр көзқарас қалыптастыруға үлкен серпін берді.
«7 ÖZEN» фестиваліне қатысушыларының айтуынша, жағалауларды тазарту экожүйені сақтауға, ауыз су көздерінің ластануын болдырмауға және халық арасында экологиялық жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал етеді.
Осы күні Жетісу жастарының, экобелсенділердің ұйымдастыруымен «EcoKeruen» акциясы өтті. Акциясының мақсаты - қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қалдықтарды сұрыптаудың маңыздылығын түсіндіру және қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыру.
«Jetisy jastary» КММ маманы Сейітқали Мирас: «Тазалық шараларын үйреншікті сенбілік сияқты емес, жаңа форматта өткізу жастардың қызығушылығын арттырып, оларды табиғатты қорғауға жұмыла кірісуге үндейтіні анық. Бүгінгі «EcoKeruen» акциясына 80 ерікті жас қатысып, қаланың басты көшелерімен арнайы безендірілген эко-керуен трактор және шағын вагондар жүріп өтті. Шараға қатысушалар керуеннің соңынан жүріп, маңайдағы қалдықтарды жинады. Осы арқылы жаңа буын өкілдері арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыра алатынымызға сенімдімін», - дейді.
Сонымен қатар облыс бойынша «Жүгір де тазала – экоплоггинг» және «Жасыл белдеу» акциялары өтті. «Жүгір де тазала – экоплоггинг» акциясы аясында облыс спортшылары, ерікті жастар командаларға бөлініп, белігіленген локацияларды қоқыстан тазалаумен қатар, шапшаңдық пен ұтқырлығын шыңдады. Акцияға 1 665 адам қатысып, 20 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 314 тонна қоқыс шығарылды.
Ал «Жасыл белдеу» акциясына аудан-қала тұрғындары, депутаттар, қоғам белсенділері, ерікті жастар - барлығы 2 320 адам атсалысып, 17 техника жұмылдырылды. Облыс аумағындағы саябақтарға, сверлер мен аллеяларға 3 500 түп ағаш, 67 350 гүл отырғызылды.
