«Таза Қазақстан»: Түркістанда 3 мың тоннадай қоқыс шығарылып, 1 млн ағаш отырғызылды
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Түркістан облысында да ауқымды шаралар атқарылып келеді. Жауаптылардың айтуынша, тазалық іс-шара барысында өңірде 1 млн-ға жуық ағаш отырғызылған. Сонымен қатар 3 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылған. 65 мыңнан астам ағаш ақталып, 5407 шақырым көше жолдары тазартылыпты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жалпы Түркістан облысы бойынша автомобиль жолдарының ұзындығы 17 702 шақырымды құрайды. Оның 678 шақырымы республикалық маңызы бар трассалар болса, облыстық маңызға ие жолдардың ұзындығы - 4 мың шақырымға жуық. Ал аудан, қалалық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы – 1727 шақырым, елдімекендердегі көшелер ұзындығы - 11300 шақырым.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан бірқатар жұмыстар жүргізілді. Акция барысында Түркістан облысындағы республикалық маңызы бар жолдар бойынша «ҚазАвтожол ҰҚ» АҚ-ның облыстық филиалы, ал облыстық маңызы бар жолдарда басқармадағы «Оңтүстік жолдары» мекемесі тарапынан, аудандық маңызға ие жолдарда аудан, қала әкімдіктері тарапынан келісіммен жұмыстар атқарылды. Экоакция басталғалы бері өңірде 65 679 ағаш пен түптер ақталып, қураған 3274 ағаш кесілді. 5 407 шақырым жолды құрайтын көше бойына, сонымен қатар 811 шақырым аяқ жолдар тазаланды. Бұдан өзге 42,8 шақырым ирригациялық жүйелерге тазалау, 373 автопавильондарды сырлау-әктеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы экологиялық акция аясында атқарылған жұмыстарға 542 арнайы техника мен 14 600 жұмысшы жұмылдырылды. «Таза Қазақстан» барысындағы жұмыстардың барлығы мекемелердің әлеуметтік желі парақаларында тұрақты түрде жарияланып отырды. Тазалық іс-шарасы әлі де жалғасуда,-деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Жалайыров өңірде өткен брифингте.
(Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі)
Экологиялық акция облыстағы тарихи-мәдени ескерткіштер аумағында да жүргізілген. Облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаевтың мәліметінше, облыс аумағында 1780 тарихи-мәдени нысандары есепке алынған. Оның ішінде біреуі – халықаралық маңызы бар нысан. Ол – Қожа Ахмет Ясауи атындағы кесене. Ал республика балансындағы тарихи–мәдени нысан саны – 40. Оның 30-ы сәулеттік, 10-ы археологиялық. Облыстық маңызы бар 403 орынның 46-сы – сәулеттік болса, 356-сы археологиялық. Қалған біреуі – киелі нысан. Есепке алу тізімінде жалпы аймақта аудан, қалаларды қоса алғанда 1336 тарихи нысан енген. Оның 102-сі сәулеттік, 1170-і археологиялық, қалған 64-і киелі мекен болып табылады. Облыста тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі жұмыс тобы құрылған.
Таза Қазақстан» акциясы мәдениет саласында да үнемі назардан тыс қалған емес. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың тапсырмасымен облыс аумағындағы республикалық және жергілікті маңызы бар барлық тарихи-мәдени ескерткіштердің қазіргі жай-күйіне мониторинг жүргізу тапсырылған болатын. Қазіргі уақытта басқармаға қарасты тарихи-мәдени мұраны қорғау және қалпына келтіру, пайдалану жөніндегі жұмыс тобы құрылып, аудан, қалаларға жіберіліп жатыр және де олардың баратын жерлерінің барлығы белгіленген. Өйткені бізде зияратшылар мен туристер көп. Қазіргі таңда жоспар бойынша 28 тарихи-мәдени мұра нысаны таңдап алынды. Жұмысшы топ ондағы инфрақұрылым, тазалық және сервистік қызметтер бойынша мониторинг жүргізеді,-деді мәдениет басқармасы басшысының орынбасары.
Брифингте сөз алған облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асқар Ысқақов та экологиялық акция аясында ведомство тарапынан тиісінше жұмыстар атқарылғанын атап өтті.
Акция туралы Президент бастамасына облыстық санитариялық-эпидемиологиялық қызмет тарапынан да құзыреттілік шеңберінде сенбіліктер өткізіліп, халыққа үндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, департамент басшысының тапсырмасымен аудандық, қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармалары өз аулалары мен іргелес аумақта ауқымды сенбіліктер ұйымдастырып, тазалау жұмыстарына белсенді атсалысты. Экологиялық акцияның алғашқы «Таза өлке» аптасында мамандар аудан, қалалардың тазалығы үшін тазалық шараларына қатысқан болса, «Киелі мекен» аптасында жасыл желектер мен жол жиектерін арамшөптерден, қоқыстардан тазалады. Сонымен қатар тазалық акциясының «Жасыл аймақ» аптасында ағаштар отырғызып, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүргізді. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандары экоакцияның «Өнегелі ұрпақ» және «Мөлдір бұлақ» апталықтарында да белсенділік танытып, қоршаған ортаны абаттандыруға өз үлестерін қосып отырды. Айта кетейік, қоршаған ортаны таза ұстау, оған жанашырлықпен, құрметпен қарау - әр адамның міндеті. Сондықтан біздің департамент азаматтарды туған жерін таза ұстауға, елді көркейтуге өз үлестерін қосуға шақырады,-деді Асқар Ысқақов.
(Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі)
Департамент басшысының орынбасары өз сөзінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Сансызбайұлының 2024 жылдың 20 қарашасындағы №95 хаттамасымен Түркістан облысы аумағындағы орналасқан жол бойындағы әжетханаларға, сонымен қатар өзге де нысандарға мониторинг жұмыстарын жүргізу бойынша тапсырма берілгенін атап өтті. Алайда спикер бұл жұмыстар заңға қайшы келетінін айтты. Себебі департамент өз бетінше кәсіпкерлік нысандарына тексеру жүргізе алмайды.
Қазақстанның Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексіне, Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес кәсіпкерлік нысандарына бақылау және қадағалау органы лауазымды адамның баруы, тексеру нысанасына қатысты қажетті ақпаратты сұрату, ақпарат алу мақсатында оны шақырту тексеру болып табылады. Сондықтан біздің департаменттің мамандары және аумақтық өкілдері мұндай іс-шараға қатыса алмайды. Дегенмен Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабы 5-тармағына сәйкес сенімді негіздер және растайтын дәлелдемелер болған жағдайда адам өміріне, денсаулығына қауіп төндірудің қандай да бір фактілерімен заңды және жеке тұлғалардың, мемлекеттік мекемелердің жүгінулері бойынша бізде жоспардан тыс тексерулер тағайындалып, ол бойынша әкімшілік шаралар қолданылатындығын ескертемін,-деп атап өтті департамент басшысының орынбасары Асқар Ысқақов.
Баспасөз мәслихатында АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Түркістан облыстық аумақтық инспекциясының тамақ өнімдері қауіпсіздігі бөлімінің басшысы Мейірхан Смағұлов мал сою орындарына мониторинг жұмыстары жүргізілетіндігін айтты. Бірақ бұл жағдайда да инспекцияға заңды және жеке тұлғалардан өтінім келіп түссе ғана жоспардан тыс тексеру ұйымдастырылады.
Брифингте жауаптыларға жол бойындағы әжетханаларды бақылау мен ондағы тазалық бойынша сауал қойылды. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Жалайыровтың айтуынша, жол бойындағы сын көтермейтін қажеттілікті өтейтін орындар бойынша санитариялық-эпидемиологиялық департаментіне бірнеше хат жолданған.
Әжетханалар бойынша қысқаша мен жауап берейін. Жалпы бізде жолдардың бойында 124 әжетхана бар. Соның 25-і ғана «ҚазАвтоЖол» мекемесіне қарасты республикалық маңызы бар трассалар бойында орналасқан. Қалғандары жанармай құю бекеттерінде, жолдағы қонақ үйлер мен дүкендер сияқты жекеменшік орындарда орналасқан. «ҚазАвтоЖолға» қарасты әжетханалардың сын көтермейтіні туралы біз бірнеше рет министрлікте де, тиісті комитетте де көтердік. Қаншама мәрте облыста өткен жиналыстарда да слайдтармен көрсеткен болатынбыз. Қазір бұл бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілді. Өткен аптада СЭС мекемесіне жағдайды анықтап, бізге берсеңіздер деп 6 хат жазған едік. Қажет болса, сын көтермейтін, тазалыққа тура келмейтін орындарды бұзу мәселесін қарастырайық дедік. Бірақ жаңа айтып өткендей, СЭС мекемесі өздігінен тексеріп шыға алмаймыз деп айтып отыр. Қазір сол әжетханаларды бұзып, орнына ақылы, талапқа сай орындар салу бойынша ұсыныстар беріліп отыр. Ол жұмыстар «ҚазАвтоЖол» мекемесі тарапынан атқарылып жатыр,-деді Мейіржан Жалайыров.
Ал облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асқар Ысқақов ведомство қызметкерлерінің құзыреттілігі заңмен шектелгенін тағы еске салды.
Жаңа айтып өткенімдей, біз өздігімізден тексеру жүргізіле алмаймыз. Ол прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқармасында тіркелуі тиіс. Ол туралы біз облыс әкімдігінде өткен жиналыста да айтып өткенбіз. Бірақ соған қарамастан бізге протокол бойынша тапсырма берілген. Осы мәселені шешіп алу үшін бүгінгі брифингті ұйымдастырып отырғанымыз сондықтан. Егер де мемлекеттік мекеме өздерінің бақылаудағы нысандары бойынша мониторинг жұмыстарын жасап, ол кемшілікке жауап беретін қай мекеме екенін нақты фактімен, фото, видеомен бізге жолдаса, біз ол орындарға тексеру тағайындап, арнайы жұмыстар жүргізе аламыз. Айтып отырмын ғой, заң біздің мекеменің құзыретін солай шектеген,-деді ол.
(Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі)
Еске салсақ, биыл 8 сәуірден бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы басталға болатын. Экоакцияның басты мақсаты – қазақстандықтардың назарын табиғаттың ластану проблемасына, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоршаған ортаны қорғауға және тазалықты сақтауға аудару. Біз бұған дейін Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын бекіткені туралы жазған болатынбыз. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Үкіметтің мәліметінше, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы экологиялық мәдениетті дамытудың әртүрлі әдіс-тәсілін қамтитын кешенді әдісті қарастырады. Оның негізгі бағыттары - экологиялық ойлауды қалыптастыруды, жауапты мінез-құлықты дамыту және оны ынталандыру шараларын, экологиялық білім беру мен ақпараттандыру.