Жаңалықтар

«Таза Қазақстан»: Шымкентте 190 мыңнан астам адам акцияға қатысты

«Таза Қазақстан»: Шымкентте 190 мыңнан астам адам акцияға қатысты
Фото: Шымкент қаласы әкімдігі 28.07.2024 18:30 501

Шымкентте сәуір айынан бері «Таза Қазақстан» республикалық акциясына 190 мыңнан астам қатысқан. Қалада тазалық шаралары әлі де жалғасып жатыр. Коммуналды сала қызметкерлері тәулігіне үш рет ауысыммен қаланың абаттандыру, тазалау, көгалдандыру жұмыстарына жұмылдырылған. Бұл туралы қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Әбілқайыр Оңғар Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды El.kz тілшісі.

Шымкентте қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің тапсырмасына сәйкес тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру, жалпы халықтың көп шоғырланған жерлерінде жасыл аумақтың көп болуы бойынша тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Соған сәйкес биыл қалада рекордтық мөлшерде газон егу жұмыстары жоспарланған. Жыл соңына дейін қаланың 400 мың шаршы метр аумағына көгал егілетін болатын. Атап айтқанда, Түркістан-Самара жолының бойынан Шымкентке қарай кіреберіс бөліктегі Әл-Фараби даңғылына қазіргі таңда су ұңғымаларын қазу жұмыстарын жүргізіп, сол жерде көгалдандыру жұмыстарына даярлық жұмыстары басталып кеткен. Газон егумен қатар, әр түрлі ағаш көшеттері де (52 345 дана) қала көшелеріне отырғызылатын болады. Бұл өз кезегінде тек қана көрік беру үшін ғана емес, ауаның тазаруына көп септігін тигізетін болады.

Басқарма басшысының айуынша, әл-Фараби көшесінің екі жақ бетінен 145 мың шаршы метрге жуық көгал және де 17 мың жапырақты ағаш көшеттері отырғызылатын болады. Ол үшін қаланың климатына лайықты, тез жерсінетін ағаш түрлерін таңдалмақ. Бұдан өзге жаңадан құрылған Шымкент-сити, Асар, Тұран, Астана, Достық шағын аудандарында да көгалдандыру жұмыстары қоса атқарылмақ. Бұдан өзге қала орталығындағы Қонаев даңғылы бойындағы ескірген көгалды ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

(Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі)

Өздеріңіз білесіздер, Қонаев даңғылына осыдан 10 жылдан аса уақыт газон егілмеген. Олардың  көп бөлігі сарғайып кеткен. Қаланың  күре тамыры болып саналатын, қонақтардың, туристердің, қала тұрғындарының көп жүретін бұл жерде суғару жүйесін қайта жандандырып, сол жердегі газонды біз қайта ауыстырып жатырмыз. Сонымен қатар ол жерде біз күз айларында Шымкент қаласына қосымша көрік беретін раушан гүлдерін көптеп егетін боламыз. Сондай-ақ биыл біз қаланың орталық көшелеріне бұрын егілген раушан гүлдерді қайта ауыстырып, орнына жаңа көшеттері егетін боламыз,-деді Әбілқайыр Оңғар.

Басқарма басшысы өз сөзінде қалада бір жапырақты ағаш көшеттеріне басымдық берілетінін атап өтті. Өйткені қылқан жапырақты ағаштарға қарағанда бір жапырақты ағаштарды отырғызу бюджетке тиімді және көп жыл өмір сүреді.

Брифинг кезінде басқарма басшысы қалада бұған дейін отырғызылған шыршалардың кейбірі неліктен қурап барады деген сауалға да жауап берді. Айтуынша, бұл шыршалардың биіктігі 3-4 метрге дейін жетеді. Оның жерсіну қабілеті аласа шыршаға қарағанда қиынырақ. Көктем мезгіліне мамандар түрлі дәрумендер беріп, дәрілеген. Алайда Шымкенттегі аптап ыстыққа байланысты шыршаның кей бұталары «күйзеліске» түсіп жатыр екен. Басқарма басшысы агроном мамандармен кеңесіп, дәрілеу арқылы оның тұқымын сақтап қалып отырмыз деп сендірді.  

(Фото: Шымкент қаласы әкімдігі)

Президенті тапсырмасына сәйкес сәуір айында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы бастау алды. Бірінші «Таза өлке» апталығында   қала аумағында санитарлық тазалау жұмыстары барысында көшелер, аяқ жолдар, ирригациялық жүйе, канал мен арық тазаланған. Ағаштарды әктеу мен санитарлық кесу жұмыстары жүргізіліп, ағаш көшеттері мен бұталар отырғызылды.

«Киелі мекен» апталығында тарихи-мәдени ескерткіштер және мазараттар аумағында абаттандыру мен тазалық жұмыстары жүргізілген. Ал «Жасыл аймақ» апталығыда  қала аумағындағы көшелер мен үйлердің аулаларында, саябақтар мен гүлзарларда санитарлық тазалау жұмыстары тұрақты түрде атқарылған. Сонымен қатар  ағаштарды әктеу, санитарлық қырқу, шөпті ору, орындықтарды сырлау, ирригациялық жүйелер мен өзендердің жағалаулары қоқыстан тазаланған.

«Өнегелі ұрпақ» апталығында қала аумағындағы жалғыз ілікті қариялар мен ардагерлердің үйлерінде сенбілік жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ  қалалық қарттар үйі тазаланып, аула ретке келтіру (жуу, сыпыру, ақтау) жұмыстары жүргізілді. Білім беру мекемелерінде оқушылар мен ардагерлердің еңбекке баулу іс-шарасы және мектеп бітіруші түлектердің мектеп ауласын тазалау жұмыстары жүзеге асты.

2 мамырда «Абай» саябағы аумағында «Ұрпақтар сабақтастығы» атасы мен немересінің ағаш егу акциясы және ауқымды сенбілік іс-шарасы өткізілді. Сенбілік іс-шарасына ақсақалдар, қариялар немерелерімен бірлесіп, орылған шөп қалдықтарын жинау, ағаштардың түбін әктеу, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін бояу, әрлеу жұмыстарын атқарылды.

«Мөлдір бұлақ» апталығында  қала аумағындағы «Бадам», «Қошқар ата», «Қарасу» өзендерінің, «Бадам» су қоймасының және каналдардың жағалауларында тазалау жұмыстары жүргізілді. Қураған ағаш бұталарын аралау, шөп ору, санитарлық тазалау, күл-қоқыстарды шығару жұмыстары атқарылды. Сонымен қатар, Қошқар ата өзені арнасының тазалау жұмыстары күнделікті кестеге сәйкес жүргізілуде.

(Фото: Шымкент қаласы әкімдігі)

«Таза Қазақстан» акциясы басталғалы бері шаһарда 9610 тонна қоқыс шығарылған. Науқан барысында 8 мың шақырымнан астам көше, 9 мың шақырымнан астам аяқ жол, 724 шақырымнан астам ирригациялық жүйе, канал мен арық тазаланған. 

Шымкент қаласы бойынша осы тазалық акциясын тұрғындармен, белсенді азаматтармен, жанашыр адамдармен бірлесіп атқарудамыз. Сонымен қатар күнделікті 2 мыңнан аса коммуналдық қызметшілер қаламыздың орталық көшелерін, саябақтарын, аулалардың тазалығын қамтамасыз етуге жұмылдырылып отыр. Жалпы осы акция сәуір айында басталғалы бері жалпы қаланың барлық бөліктерінде сенбілік жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп отыр. Бұл жерде Бадам өзенінің жағалауында қараусыз қалып кеткен аумақтар, қаланың ирригациялық жүйелері, каналдар осы тазалық акциясы аясында тазартылуда. Одан бөлек Түркістан көшесі бойындағы «Көл» аймағы қайта қалпына келді.  Бұл жерде бұлақ көздері бар,-деді спикер.

Бүгінгі таңда қала көшелерін, аялдамаларды, адамдар көп шоғырланатын орындардағы тазалықты реттеу мақсатында коммуналды қызметшілер тәулігіне үш ауысыммен еңбек етуде. Түнгі уақытта көшелер мен аялдамаларды жуу, аялдамаларға жиналған қоқыстарды алу жұмыстары осы үш реттік тәртіппен жүргізілуде.

Шымкент қаласы аумағы арқылы өтетін Бадам өзеніне жақын орналасқан үйлерді су басудың, жалпы төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында 9 шақырымды құрайтын өзен жағасын бекіту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Басқарма басшысы бұл жұмыстарды жыл соңына аяқтаймыз деп отыр. Бүгінгі таңда жұмыстардың 90 пайызы орындалған. Мердігер мекеме өз есебінен Бадам өзенінің бойына жаяу жүргіншілерге арналған аяқ жол-көпір құрылысын жүргізіп береді. Сондай-ақ компания балаларға және де тұрғындарға арналған ойын мен спорт алаңшасын өз қаражаты есебінен салып жатыр.   

Шымкентте бүгінгі таңда 37 субұрқақ бар. Дегенмен олардың көбі бірнеше жылдан бері жөндеу жұмыстарын көрмеген. Сондықтан оны қосу барысында сорғыштардың істен шығуы, кабельдердің қызып кетуі сияқты олқылықтар орын алған.

Субұрқақтардың жұмысын толыққанды жүйеге келтіру мақсатында сорғыштар мен электр кабельдерін ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ қала әкімнің тапсырмасына сәйкес субұрқақтар таңғы сағат 8-ден түнгі сағат  12-ге дейін қосулы тұрады. Енді, әрине, арасында белгілі уақытта техникалық үзілістер болып тұрады. Мәселен, таңғы сағат 8-ден кешкі 10-ға дейін қосылса, кейін бір сағат үзілісте болып, сағат түнгі 12-ден 1-ге дейін жалғасуы мүмкін. Әр субұрқақтың жұмыс кестесі бекітілген.  Ал Ордабасы алаңында екі субұрқақ жұмыс істеген. Олардың істен шығуына байланысты субұрқақтарды қайта жаңғыртудан өткізіп, сол маңғатұрғындардың келуіне жағдай жасап, орындықтар орнатылды. Жарықтар қойылып, мынау Тәуелсіздік саябағына шыға-беріске бағытына дейін жарықтандыру, абаттандыру жұмыстарын жүргіздік,-деді басқарма басшысы.  

Қаланың өкпесі саналатын дендрологиялық саябақта да ауқымды жұмыстар атқарылған. Бүгінде көпшілік серуендейтін аймақтың жұмыс уақыты ұзарған. Бұған дейін дендрологиялық саябақ кешкі сағат 10-ға дейін жұмыс істесе, бүгінде түнгі сағат 12-ге дейін ашық.

Брифинг барысында басқарма басшысы қалада тұрғындар мен қонақтардың жайлы демалысы үшін ауқымды жұмыстар атқарылғанымен, кейде бұзақылықпен айналысатын жастардың  кейбірі демалыс орындарындағы ескерткіштер мен қала меншігіндегі өзге мүліктерді сындырып кетіп жатқанын жоққа шығармады.

Әбілқайыр Оңғар мародерлермен күрес Полиция департаменті тарапынан тиісті деңгейде жүргізіліп жатқанын айтты.

Кез келген саябақ, сквер секілді демалыс аумақтарындағы тұрғындар пайдаланатын орындар ол тек мемлекет  бақылауындағы және жергілікті атқарушы биліктің жанашырлығымен жасалатын дүние емес. Өйткені бұл жұмыстар сол тұрғындар, қала қонақтары үшін жасалынады. Сондықтан оған ұқыптылықпен қарау, күтіп ұстау тұрғындардың өздеріне де қатысты. Біз ондай орындарға қаншама бейнебақылау камерасын қойып, қанша жерден полиция, қоғамдық бақылау орнатқанымызбен ол жерде адамдың өзі мәдіниетін, ішкі түйсігін өзгертпесе болмайды деп есептеймін. Жалпы бұл бойынша  қазіргі таңда өздеріңіз де көріп жатырсыздар. Полиция департаменті, ішкі саясат, аудан әкімдерімен әлеуметтік желілерде көптеген  түсіндіру жұмыстары  қолға алынды. Осы қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша жастардың, жалпы тұрғындардың арасында  көптеген түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келеді. Енді мен ойлаймын, біз қоғам болып сол ұқыптылыққа келеміз. Бұл тұрғыда мәдениет қалыптасады,-деді Әбілқайыр Оңғар. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға