«Таза Қазақстан»: Сәтбаев университетінде студенттік экохаб ашылды

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Алматы қаласындағы Сәтбаев университетінің базасында алғашқы экохаб (экоорталық) іске қосылды. Жоба студенттерді қалдықтарды бөлек жинауға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға тартуды көздейді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Экохаб – бұл инновациялық өндіріс, онда студенттер қажетсіз қалдықтарды жинап, пластикті қайта өңдей отырып, оны пайдалы заттарға айналдырады. Мұнда орындықтар, зергерлік бұйымдар, жануарлардың мүсіндері жасалады. Өндірісте экологиялық энергия пайдаланылады: студенттер велотренажерлерде жаттығып, пластикті ұнтақтайтын шредерлер үшін энергия өндіреді.
Жоба авторы Евгений Мұхамеджанов табиғатқа қамқорлық жасау мәдениеті көрінбейтін процесс екенін, бірақ оны сезінуге болатынын атап өтті. Сондай-ақ студенттер қоғамдағы экологиялық өзгерістердің қозғаушы күші бола алатынын айты. Жоспарда – қаланың басқа жоғары оқу орындарында да экохабтарды ашу.
Біз оқу орталығын, нағыз экохабты ашуды жоспарлап отырмыз, – деді Евгений Мұхамеджанов. – Бұл университетте оқитын немесе осында жақын жерде тұратын кез келген адам үшін тұрмыстық қалдықтарды әкеліп, оны қайта өңдеуге қатысуға мүмкіндік береді.
Осы мақсатта орталықта «Жасыл университет» бағдарламасы құрылып, оның аясында шеберлік сабақтары өткізілетін болады, онда гринвошинг мәселесі туралы айтылады. Болашақта барлық әзірлемелерді біріктіріп, қаланы аралайтын экотрак жасау жоспарлануда.
Аталмыш жоба экологиялық мәдениетті дамытудағы маңызды қадам болмақ және басқа университеттерді бағдарламаға қатысуға өтінім беруге тарта отырып, оның мүмкіндіктерін кеңейтуді жалғастыруда.
