Жаңалықтар

«Таза Қазақстан» – халықтың көзқарасы мен болмысын өзгертетін жоба

«Таза Қазақстан» – халықтың көзқарасы мен болмысын өзгертетін жоба
Фото: t.me/aqorda_resmi 31.05.2024 17:33 893

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдармен кездесуде айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

БҰҰ аясында 2026 жылы елімізде Аймақтық климаттық саммит өтеді. Саммит климаттың өзгеруіне қарсы күресте халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіруге елеулі үлес қосатынына сенімдімін. Сонымен бірге қоғамда экологиялық мәдениет қалыптастыру және қоршаған ортаға қамқорлықпен қарау сияқты құндылықтарды насихаттау маңызды. Қазіргі жағдайда экологиялық ойлау қабілеті барлық білім беру және ғылыми бағдарламалардың негізі болуы керек деп санаймын. Табиғат ресурстарына жауапкершілікпен қарау және қоршаған ортаға қамқорлық таныту қоғамдық сананың құрамдас бөлігіне айналуы қажет, - деді Президент.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында 2,5 миллионнан астам ағаш егілгенін атап өтті.

Биыл елімізде «Таза Қазақстан» акциясы басталды. Бұл – жай науқан емес, бұл –халқымыздың көзқарасын, болмысын өзгерте алатын өте маңызды жоба. Ауқымды экологиялық бастамаға, әсіресе, жастар белсене атсалысты. Бұл да – жақсы үрдіс. Аз уақыт ішінде 2,5 миллионнан астам ағаш егілді, 200-ден астам өзен-көлдің жағасы тазартылды. Осы бастама тұрақты жалғасып, жақсы дәстүрге айналуы қажет. Бұл акция тал егіп, қоқыс жинаумен шектелмеуге тиіс. Атқарылатын басқа да шаруа көп. Ең бастысы, барлығы шын ниетпен жасалуы керек, - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ табиғатқа жанашырлықпен қарауға шақырды.

«Таза Қазақстан» акциясы аймақтарда қалай жүріп жатқанын мен мұқият қадағалап отырамын. Мұны, ең алдымен, әкімдерден талап етемін. Бәрін әкімге жүктеп, қарап отыруға да болмайды. Жаз маусымы басталды, енді ішкі туризм жандана түседі. Демалуға шыққан әр азамат табиғатқа жанашырлықпен қарауға тиіс. Тазалықтың басты кепілі – айналаны ластамау. Бұл – баршаға ортақ міндет, - деді Тоқаев.

Президент «Таза Қазақстан» деген сөзді кең ауқымда түсіну керегін айтты.

Одан бөлек, қоқыс өңдейтін кәсіпорындар салу қажет. Онсыз қалаларымыз таза болмайды. Жалпы, «Таза Қазақстан» деген сөзді кең ауқымда түсінген жөн деп санаймын. Тазалық ең әуелі адамның сана-сезімінен басталуға тиіс. Пейілі таза адамның ісі берекелі болады, - деді Мемлекет басшысы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға