Жаңалықтар

«Таза Қазақстан»: елордада оқушылар арасында сурет салудан байқау өтті

«Таза Қазақстан»: елордада оқушылар арасында сурет салудан байқау өтті
Фото: Астана қалалық әкімдігі 25.04.2025 18:12 169

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің маңындағы Ұстаздар аллеясында оқушылар арасында сурет салудан байқау өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Елорда әкімдігінің мәліметінше, оған 30-ға жуық өнерпаз оқушы қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жыл сайын өткізілетін байқаудың биылғы тақырыбын «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясына арнауды жөн санадық. Балаларға табиғат аясында сурет салуға мүмкіндік беріп, олардың шығармашылық қабілеттерін арттыру, сол арқылы қоршаған ортаға жанашыр болуға шақыру – басты мақсатымыз, – деді қалалық Байқоңыр ауданы әкімдігінің қызметкері Арман Баянбеков.

Байқоңыр ауданы әкімдігінің бастамасымен ұйымдастырылған іс-шарада Тәттімбет атындағы №1 өнер мектебінің оқушылары өнерлерін ортаға салды. Байқауда қойылған басты талап – қатысушылар өз шығармашылығы арқылы еліміздің экологиясының болашағы туралы идеялары мен көзқарастарын сурет арқылы жеткізе білу.

Елімізде экологияға көп көңіл бөлінгеніне қуаныштымын, бұл әлемнің, айналамыздың әдемілігіне ғана емес, таза болуына да үлес қосуға шақырады. Бәріміздің ортақ үйіміз Жер-ананы, табиғатты қорғау біздің міндетіміз. Мен өз жұмысымда «Таза Қазақстан» акциясына өз қолдауымды білдірдім, – деді қатысушылардың бірі, 10-сынып оқушысы Гүлім Асылхан.

Байқау қорытындысы бойынша жүлдегелер анықталып, арнайы сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, үздік жұмыстар елордадағы көрмелердің біріне қойылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға