«Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы 6,5 млн адамды біріктірді
Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» 6,5 млн-ға жуық адамның қызығушылығын тудырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл мәлімет экологиялық акцияны іске асыру барысы қаралған Үкімет отырысында айтылды.
Акцияны өткізу кезеңінде ауқымды жобаға қатысушылар 1,1 млн тоннадан астам қоқыс жинады, шамамен 1,6 млн жасыл желек отырғызылды. Сонымен қатар өңірлерде аумақтар мен аулаларды жинау бойынша ірі науқан өткізілді, тарихи-мәдени ескерткіштер ретке келтіріліп, ардагерлерге ауласын абаттандыру және жинау бойынша көмек көрсетілді, өзендер мен су айдындары қоқыстан тазартылды.
Азаматтарды елді мекендер мен экология мәселелерін шешуге тарту мақсатында ыңғайлы @TazaQazBot телеграмм-чат-боты арқылы өтінім беру қызметі іске қосылды.
Бүгінгі таңда 10 мыңнан астам өтінім келіп түсіп, 9,7 мыңға жуық өтініш орындалды. Тұрғындар көбінесе аумақтарды жинау, көшелерді абаттандыру, қоқыстарды шығару және жолдарды жөндеу туралы сұрайды.