Жаңалықтар

«Таза Қазақстан» эко-фестивалі: «Жасыл университет» номинациясының иегері анықталды

«Таза Қазақстан» эко-фестивалі: «Жасыл университет» номинациясының иегері анықталды
Фото: gov.kz 22.04.2025 15:10 281

«Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінде Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті (ШҚТУ) «Жасыл университет» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы өз сөзінде әр азаматтың ел болашағы үшін экологиялық сананы арттыру мен жауапкершілік алудың маңыздылығын атап өтті. Фестиваль 2024 жылғы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының қорытынды шарасы ретінде ұйымдастырылды. Іс-шара барысында қоршаған ортаны қорғауға елеулі үлес қосқан белсенді қатысушылар мен ұйымдар марапатталды. Экологиялық бастамаларды жүзеге асыруда ерекше белсенділік танытқан еріктілер Мемлекет басшысы тарапынан жоғары бағаланды.

ШҚТУ тұрақты даму қағидаларын енгізу, студенттерге экологиялық білім беру, сондай-ақ кампусты көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына белсенді қатысқаны үшін марапатталды. Аталған номинациядағы жеңіс университеттің экологиялық бағыттағы жастарды қалыптастыру мен ғылыми және білім беру қызметінде «жасыл» технологияларды дамытуға қосқан үлесінің дәлелі болды.

Университетте экология, климатология және тұрақты даму салаларындағы заманауи білім беру бағдарламалары мен арнайы курстар табысты жүзеге асырылып жатыр. Студенттер экологиялық ойлау жүйесін қалыптастыруға бағытталған ғылыми іс-шараларға, зерттеулер мен жобаларға белсенді түрде қатысады.

Сондай-ақ оқу орнында экология, климат және табиғи-өнеркәсіптік ресурстарды ұтымды пайдалану саласындағы 28 іргелі және қолданбалы ғылыми жоба; ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға бағытталған 4 жоба іске асып жатыр, олардың барлығы экологиялық инновациялық шешімдерді енгізуге бағытталған.

«Таза Қазақстан» фестивалі экологиялық саналы қоғам құру және еліміздің экологиялық қауіпсіздігін нығайту жолындағы маңызды қадам болды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға