Жаңалықтар

«Таза Қазақстан»: Астанада сенбілік өтті

«Таза Қазақстан»: Астанада сенбілік өтті
Фото: Астана қалалық әкімдігі 12.04.2025 20:11 131

Астанада «Таза Қазақстан» акциясын қолдау мақсатында «Тұрсын-Астана 2» тұрғын үй кешенінің тұрғындары сенбілік өткізді, деп хабарлады El.kz ақпарат агенттігі.

Елорда әкімдігінің мәліметінше, «Тұрсын-Астана 2» тұрғын үй кешенінде 100-ден астам адам жұмыс құралдарын алып, аулаға шықты. Олар үйлерінің аумағын қоқыстан тазартып, ағаштардың түптерін қопсытты.

Бүгін тұрғындармен бірге сенбілік өткізіп жатырмыз. Бұл игі істі жыл сайын 12 сәуірде ұйымдастырып отырамыз. Мақсатымыз – жастарды еңбекке баулу, тазалыққа үйрету. Бұл өсіп келе жатқан ұрпаққа үлгі-өнеге деп ойлаймын. Сондықтан барша қала тұрғындарын «Таза Қазақстан» акциясын қолдауға шақырамын, - деді «Тұрсын-Астана 2» тұрғын үй кешенінің төрағасы Қуаныш Оспанов.

Сенбіліктен үйдің кішкентай тұрғындары да шет қалмады. Кішкентай балақайлар үлкендерге көмектесіп, қоқыс жинады.

Тұрғын үй кешенінің төрағасы Қуаныш Оспановқа тұрғындар төсбелгі тағып, алғыс хатпен марапаттады.
Тазалық жұмыстарынан кейін тұрғындар Наурыз мейрамын атап өтті. Аулада киіз үй тігіліп, ас әзірленді.

Астана қаласы филармониясының өнерпаздары ән шырқап, күй күмбірлетті. Сондай-ақ концерттен тұрғындар да тыс қалмады.

Айта кетейік, елордада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экологиялық акциясы өтіп жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға