«Таза Қазақстан»: Астанада кезекті ауқымды экоакция өтті
Астанада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экологиялық акциясы жалғасып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Нұра ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Бектемір Жолдасқажиев елорданың экологиялық жағдайын жақсарту мен санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу бағытында іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілетінін айтты.
«Таза Қазақстан» эконауқаны аясында апта сайын экологиялық іс-шаралар өтуде. Қаланы таза ұстауға астаналықтар белсенді қатысып жатыр. Бұл ретте өз ауласын, өз мекемесінің аумағын жинап жүрген ұйымдардың қарасы қалың екенін атап өткім келеді. Қаланың шеткері аймақтары мен саябақ, гүлзарларды күтіп ұстау үшін де сенбіліктер жиі өткізіліп тұрады. Мұндай эконауқандар жай ғана тәртіп орнату іс-шарасы емес, сонымен қатар қаламыздың тазалығы мен абаттандырылуына үлес қосу деп білеміз. Әрқайсымыз өз айналамызға, сүйікті қаламызға пайдалы іс жасай алатынымызды есте ұстаған жөн,- деді Бектемір Жолдасқажиев.
Бүгінгі сенбілікке «ҚазТрансОйл» АҚ-ның 200-ге жуық қызметкері қатысты. Олар Қорғалжын тасжолы бойындағы Исатай батыр аялдамасынан басталған аумақты пластик бұйымдар, шыны, қағаз, ағаш жапырақтары мен бұталар және басқа да қалдықтар мен қоқыстар тазартты.
Сенбілік «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына атсалысу мақсатында ұйымдастырылды. Іс-шараға біздің орталық аппарат, Бас диспетчерлік басқарма мен Зерттеулер және әзірлемерлер орталығы қызметкерлері келді. Бүгінгі сенбілікте біздің ұжым 3 тонна шамасында қоқыс жинап, оларды тиісті орынға шығарды, - деді аталмыш компанияның бизнесті қолдау басқармасының бас маманы Қайрат Омаров.
Айта кетсек, елордада Taza Astana жаңа әлеуметтік жобасы іске қосылды. Жоба құқықтық тәртіп, абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалау, көппәтерлі тұрғын үйлердің, үй жанындағы, орамішілік және аула аумақтарының кіреберіс топтарының тазалығы мәселелері бойынша жүйелі жұмыс құруға бағытталған.