Жаңалықтар

Таза Қазақстан: Астанада Ақбұлақ арнасының айналасы тазартылды

Таза Қазақстан: Астанада Ақбұлақ арнасының айналасы тазартылды
Фото: Астана қаласы әкімдігі 07.05.2024 15:54 583

Астанада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық акциясы өтіп жатыр. Бұл апта «Мөлдір бұлақ» деп аталады, оның барысында су айдындары – өзендер мен көлдердің айналасы қоқыстан тазартылады. Экоакция аясында Индустриалды парк кәсіпорындарының 300-ден астам қызметкері Инвестициялар және даму басқармасымен бірлесіп, Астана қаласының кәсіпорындарымен бірге Ақбұлақ арнасын қоқыстан тазартты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Елорда әкімдігінің ресми сайты таратқан мәлімет бойынша, экоакция Ақбұлақ өзенінің бойында жүргізілді. Ақбұлақ – елорда тұрғындары демалатын және спортпен шұғылданатын орындардың бірі.

Кеңесе келе дәл осы орынды таңдадық. Туыстарымызбен серуен құратын су арнасының айналасы таза болғанын қалаймыз. Бүгін экоакцияға түрлі кәсіпорындардағы әріптестерім қатысып жатыр және таңертеңнен бастап біз Ақбұлақ арнасының аумағын қоқыстан тазалап жатырмыз, - деді кәсіпорын қызметкері Асыл Рыспаев.

Оның айтуынша, мұндай экоакциялар тұрақты негізде жүргізіледі.Экоакцияға қатысушылар санаулы сағатта өзеннің айналасын тазалап, бірнеше қап қоқыс жинап, тазалыққа үлес қосты.

Естеріңізге сала кетейік, экоакция басталғаннан бері кәсіпкерлік нысандардың 5 мыңнан астам өкілі – кәсіпорындар, шағын және орта бизнес субъектілері, сауда орталықтары, салондар, кафелер, дүкендер, басқа да жеке компаниялар мен ұйымдар өз объектілеріне іргелес аумақтарда тазалық орнатты.

Сонымен қатар, әкімдік елордалық кәсіпкерлер үшін жыл бойы тазалық пен тәртіпті сақтау бойынша ұсыныстары бар чек-парақтар әзірледі. Ұсыныстар жыл мезгілдерінің ерекшеліктерін ескере отырып өзгереді.Сондықтан олар төрт форматқа бөлінеді: көктем, жаз, күз және қыс.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға