Жаңалықтар

«Таза Қазақстан» акциясы: ақтөбеліктер сенбілікке шықты

«Таза Қазақстан» акциясы: ақтөбеліктер сенбілікке шықты
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі 08.06.2024 19:25 696

Ақтөбе облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды, деп хабарлайды El.kz aқпарат агенттігі. 

Іс-шара облыстың бүкіл ауданында және қаланың Орталық саябағындағы Тутұғыр аумағында, «Ғашықтар» аллеясында, Триатлон саябағының аумағында және т.б орындарда өтті.

Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Сенбілікке өңір басшысы Асхат Шахаровпен бірге қала әкімі Азамат Бекет, облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, еңбек ұжымдарының өкілдері, «Жасыл ел» еңбек жасақтары атсалысты.

Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Асхат Шахаров жасылелдік сарбаздармен әңгімелесу барысында табиғатты аялау маңызды екенін, бұл жұмыстарға жастардың қосар үлесі зор екенін атап өтті. 70-тен аса жас «Ғашықтар аллеясындағы» тротуарларды сыпырып, қураған шөптерді жинады.

Сонымен қатар, облыс әкімі Триатлон саябағы аумағын қоқыстан тазартқан бір топ белсендінің қатарына қосылды. Жасыл желектер өсіп тұрған аумақ арамшөптерге, құрғақ шөптерге толып қалған. Бұл орынды 100-ге жуық адам тазалады.

Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Бүгінгі «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған жалпықалалық сенбілікте 120 тоннадан аса қоқыс жиналды. Оның бәрін қалалық полигон тегін қабылдайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға