«Таза ел - мықты өңір: Қостанайлықтар экологиялық акция өткізді
![«Таза ел - мықты өңір: Қостанайлықтар экологиялық акция өткізді «Таза ел - мықты өңір: Қостанайлықтар экологиялық акция өткізді](/storage/storage/element/2025/02/10/mainphoto/141874/1200xauto_U9gwxHaJYMVvDbdIl8jKqUE4yX0LIPh0B24PNbib.jpg)
2024 жылдың сәуір айының басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске қосылған «Таза Қазақстан» бағдарламасын қостанайлықтар кең көлемде қолдап келеді. Бұл бастаманың мақсаты – халықтың экологиялық сауаттылығын арттыру және облыстың әртүрлі өңірлеріндегі қоршаған ортаның жай-күйін жақсарту, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бағдарлама аясында өңірде ауқымды әрі креативті іс-шаралар өткізілуде: экологиялық насихат акциялары, дөңгелек үстелдер, семинарлар және басқа да шаралар азаматтардың экологиялық сауаттылығын арттыруға бағытталған.
Бағдарламаны жүзеге асыруда жергілікті кәсіпорындар мен қоғамдық ұйымдармен ынтымақтастықтың маңызы зор. Іс-шараларға бизнес-қоғамдастық өкілдері, жастар, спортшылар және этномәдени бірлестіктер белсенді қатысуда.
Әлеуметтік эксперимент: «Тастайсың ба, әлде көтересің бе?»
2025 жылғы 10 ақпанда «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Сарыкөл кентінде «Тастайсың ба, әлде көтересің бе?» атты әлеуметтік видео-эксперимент өткізілді.
Мемлекет Басшысы табиғатқа ұқыпты қараудың маңыздылығын бірнеше рет атап өтіп, экологиялық жауапкершілік – әрбір азаматтың міндеті ғана емес, елдің тұрақты дамуының негізгі факторларының бірі екенін айтқан болатын. «Таза Қазақстан» – қоршаған ортаны жақсартуға және қоғамдағы экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған мемлекеттік экологиялық саясаттың маңызды бөлігі.
Эксперименттің басты мақсаты – қоғамдық орындарға қасақана қалдырылған қоқысқа адамдардың қалай әрекет ететінін тексеру: олар оны елемей өте ме, әлде көтеріп, қоқыс жәшігіне тастай ма? Бұл эксперимент халықтың экологиялық санасының деңгейін анықтауға да мүмкіндік берді.
Ұйымдастырушылар кенттің бірнеше қоғамдық орындарында – көшелерде, саябақта, мектеп алдында және дүкен маңында пластикалық бөтелкелер, қағаз стақандар, кәмпит орамалары сияқты қоқыстарды байқатпай қалдырып, өткен адамдардың реакциясын жасырын камераға түсірді.
Ұйымдастырушылар мұндай бастамалар экологиялық сананың дамуына ықпал етеді деп сенеді. Алдағы уақытта экологиялық ақпараттық кездесулер, акциялар және флешмобтар өткізу жоспарланған.
Қарттарға көмек: «Қар бақылауда» акциясы
Мендіқара ауданының Боровское кентінің тұрғындары республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Мендіқара ауданының «Жастар ресурстық орталығымен» бірлесіп «Қар бақылауда: қарттарға көмек» акциясын өткізді. Бұл бастама қыс мезгілінде қар тазалауға күші жетпейтін жалғызбасты зейнеткерлерге көмек көрсетуге бағытталған.
Жас волонтерлер қарт кісілердің үйлерінің алдындағы қарды тазалап, олардың өмір сүру жағдайын қауіпсіз әрі жайлы етуге атсалысты.
«Бұл акция біз үшін өте маңызды. Біз қыста көптеген қарт адамдардың қар тазалау кезінде қиындықтарға тап болатынын түсінеміз. Біздің волонтерлер олардың өмірін сәл де болса жеңілдетіп, қарды тазартып, құлау немесе басқа да оқыс жағдайлардың алдын алуға көмектеседі. Сонымен қатар, мұндай жобаларға қатысу – өзара көмектің маңыздылығын сезініп, қоғамда қолдау мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Акцияға қатысып, бастамамызды қолдаған барлық азаматтарға алғысымызды білдіреміз», – деді волонтер Антон Георгиевич Сатаев.
Президент халыққа Жолдауында: «Осындай бастамалар арқылы елімізде жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика қалыптасуда. Мұны шынайы патриотизм мен Отанға деген қамқорлық деп атауға болады. Осындай игі істердің нәтижесінде ұлтымыздың жаңа сапасы қалыптасады», – деп атап өтті.
Экология мәселелері талқыланды
Рудный қаласында №17 жалпы білім беретін мектепте «Қазақстандағы экология мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелді 9-сынып оқушысы Айдана Тәженова ашты. Ол өз сөзінде экология ұғымын және оның әр адамның күнделікті өміріне әсерін түсіндірді. Спикер қатысушыларды белсенді түрде талқылауға тарту үшін сингапурлық интерактивті технологияларды пайдаланды.
Іс-шара барысында қатысушылар үш топқа бөлініп, экологиялық проблемалардың себептері, салдары және оларды шешу жолдарын көрсететін инфографика әзірледі.
Келесі кезеңде өзекті экологиялық мәселелер талқыланды. Қорытынды бөлімде қатысушылар дөңгелек үстелдің нәтижелерін шығарып, ең қызықты идеяларды талқылап, оларды жүзеге асырудың нақты қадамдарын ұсынды.
Бұл іс-шара «Таза Қазақстан» Республикалық акциясын жүзеге асыруға қосылған тағы бір үлес болып табылады. Оның мақсаты – азаматтардың экологиялық жауапкершілігін арттыру және табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру.
Айта кетсек, 2024 жылы елді мекендерді абаттандыруға 11 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.
Жүргізілген барлық жұмыстардың қорытындысы бойынша көшелерді жарықтандырумен қамтамасыз ету 90% құрады, 90 ауылға жалпы ұзындығы 67,8 шақырым қоршау орнатылады.
2024 жылы мемлекеттік органдар мен жеке ұйымдар, шаруа қожалықтары, жастар, волонтерлік және үкіметтік емес ұйымдар, мәслихат депутаттары, ПИК, МИБ өкілдері тартылды. Барлығы 607,3 мың адам қатысып, 354 техника жұмылдырылды, 327 саябақ абаттандырылып, 201,5 мың тонна қоқыс шығарылды, 133,3 мыңнан астам ағаш отырғызылды.
![Telegram](https://el.kz./static/site/images/tel26.png)