Тайпалар атының денін дұп-дұрыс дей алмаймыз
Ахмет Ташағылдың зерттеуінше, Теле (төлес) тайпасындағылар, алты аймаққа орналасқан көрінеді. Бірінші аймақтағы пу-ку (бугу), тонгра(тұңло), вей-хо, байыр- ку, фуло тайпалары Тола өзенінің солтүстігінде тұрған жəне маңындағы мең-чен, ту-жо-хо, хун, ху-хсие, су-чие сияқты кіші тайпаларды да өзіне қосып алған. Екінші аймақ, Аратүріктің батысы, Карашардың солтүстігі, Ақтаудың етектерінде чи-пи, пу-ло-чихи и - ших, су-по, на-хо, ву-куан, йе-ших, юни-хуан жəне басқа кіші тайпалар. Олардың кейбір тайпалары егіншілікпен айналысатын. Үшінші аймақ, Алтай тауының оңтүстік батысындағы сир тардуш, шие-ян-то, ших-пан, та-чилер. Төртінші аймақ, Самарқанд, Сырдария жəне Арыс өзені жағалауындағы хо-чие, по-ху, пи-кан, чю-хай, хо-пи-хси, хо-цо-су, па-йе-вэй, хо-талар. Бесінші топтағы төлестер Хазар теңізінің шығысындағы сан-суо-йен, мие-цу, луң-ху тайпалары. Төлестердің алтыншы тобы Кавказда эн-чю, алан, пей-жу-чиоу-ли, фу-вен-хундар. Бұлардың ариандардан өзгесі түрік тайпалары. Ахмет Ташағылдың бұнысы біз «Солтүстік тарихынан» алған жоғарыдағы тайпаларды географиялық орналасуы бойынша айқындап тізуі көрінеді. Мен тайпа аттарын автордың өзінше бердім.
Жоғарыда аталған тайпалар атының денін (қытайша ескі жəне қазіргі оқылуы бойынша алғанда да) дұп-дұрыс дей алмаймыз. Оларды қытайшада нəсіліне (сол тайпаның өзінше дұрыс атына) аудару жəне оның былайғы өзгерістері мен бізге жеткен атын табу бір қыдыру зерттеуді талап етеді. Бұл былайғы міндет. Ал, бұл тайпа аттарының талайы қазіргі қазақ шежірелерінде де кезігеді. Бірақ оны зерттеусіз, жеп-жеңіл ұштастыра салу да қиын. Шежірелерде аты Ұлыжүз-Үйсін ішінен кезікпейтіндері не олардың өзге ұлттарға (көбі шығыстағы Орта Жазық патшалықтарына) яки қазақтағы басқа жүз тайпаларына сіңіп кеткендігінен, не исламияттан, тіпті моңғол шапқыншылығынан бұрынғылар болғандығынан əтейі ұмыттырылғандығынан, немесе бергі тарих барысында атының өзгергендігінен.
Демек, б. з. бірінші мыңжылдығы басталғанша, Түрік деген атын ұлан-байтақ жер мен елді билеген мемлекет аты дəрежесіне көтере алмағанымен, Ғұн қағанатына жəне Үйсін, т. б. тəуелсіз ұлыстарға бағынып келген түрік тілді тайпалар ересен көп болған. Мұны ғалымдардың бəрі де растайды. Мысалы, Һанс - Жоахим Климкейт те «Die Seidenstrasse» деген кітабында (55-бет): “Этникалық жағынан алғанда, ежелгі түріктердің туыстық байланысы толып жатқан тайпаларды қамтиды. Алғашында олар көктүріктердің жетекшілігінде бір тұлғаға айналды. Ежелгі түріктер негізінен көшпенді малшылар еді. Көлемі шағын егіншілігі болыпты. Тайпаларының кейі кен шарлап, металл өңдепті” дейді.