Тайландтан поштамен ірі көлемде есірткі алдырған 4 күдікті ұсталды

Тайландтан халық тұтынатын тауарлары түріндегі почта сәлемдемелері арқылы аса ірі мөлшерде есірткі заттарын жеткізу фактісін Қаржылық мониторинг агенттігі "Әуежай-Астана" кеден бекеті мен «DHL» курьерлік компаниясының қызметкерлерімен бірлесіп тоқтатты, деп хабарлайды El.kz aқпарат агенттігі.
ҚМА Астана қаласы бойынша Департаментінің қызметкерлері қызметтік-іздестіру итінің көмегімен «DHL» уақытша сақтау қоймасын тексеру кезінде кедендік бақылау аймағында халықаралық почта жөнелтімдерінен 3 қорап табылды, олардың ішінде жалпы салмағы 3,5 кг каннабис сығындысы (гашиш майы) табылды.
Жедел-тергеу іс – шаралары барысында төрт күдікті анықталды, олардың тұрғылықты жері бойынша тінту жүргізілді, онда салмағы 787 гр марихуана және есірткі заттарын өлшеп-орау үшін қажетті басқа да заттар табылып, тәркіленді.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. 4 күдіктіге қатысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды.
