Жаңалықтар

Таулар құламайды, ІІ бөлім

Өзі де өлең, өмірі де өлең Фариза Оңғарсынова көзі тірісінде-ақ аңызға айналды.
04.03.2014 05:23 5929

Фаризасыз қырық күн өтіпті... Ертең қалың Қазақтың Фаризасынан айырылғанына қырық күн толады.  Қазақ Елінің әр шалғайында еске алу шаралары өтіп жатыр, Ақынның достары, тең қатары естеліктер жазып жатыр. Назарларыңызға ұсынып отырған бұл дүниені редакцияға Ақынның сіңлісі атыраулық Маржан Ершу жолдады. Мархаббат!

El.kz

Таулар құламайды, ІІ бөлім

ІІ бөлім

Фариза Оңғарсынова - қазақ поэзиясында «қыздар да  өлең жаза ала  ма?» деген қатал түсінікті түп-тамырымен жойып, қазақ әдебиетінде «әйелдер поэзиясы» деген биік  қамал тұрғызған қаһарман. Фаризаның  жыр-құдыретінің әсерінен болар, қазақ  поэзиясында  Фариза дәстүрі ,Фариза мектебі қалыптасты. Фаризадан кейін шыққан ақын қыздарға өте оңай және өте қиын екі жол тұрды. Оның соңынан ерген қыз ақындар «Фаризаша сүю», «Фаризаша мұңдану», «Фаризаша мұң шағу», «Фаризаша күрсіну». «Фаризаша жылау», «Фаризаша қаһарлануды», Фариза-мінезді әбден бойларына сіңіріп алды. Өзіңше ой ойлап, басқа жол іздеп, ми шаршатып, бас қатырғаннан, Фаризаға еліктеу, Фаризаша ой толғау, Фариза салған соны сүрлеуге түсіп алып, жыр жазудың оңайырақ екенін бүгінде «Фаризаның көшірмесіндей»толып жатқан қыз ақындар танытты. Тіпті қыздар ғана емес, Фаризаша жазатын, Фаризаның стилімен жазатын жігіттер де баршылық.

2003 жылы Атырауда Махамбет поэзиясы күндері өтті. Сол тойда апам мені құрметті ақындардың тізіміне қоспаған ғой. Қазір ойласам, қиналатындай іс емес. «Өтпесе де, өтсе де қайрайтұғын намыс-ай» демекші, сол кезде мүмкін, жастықтың әсері болар,  қатты ашуланғам, бейнебір көштен қалғандай.Сол «күйіп-жанған» намыстың арқасында «Махамбет» атты тұңғыш поэмам дүниеге келді.Фариза апай ол кезде Парламентте депутат. Бір күні апайға бардым. «Апай! Сізге келіп тұрмын төменде. Бірдеңе айтайын деп едім» дедім. Фариза апай: «Ал, не айтасың?» дейді. Рахмет айтайын деп едім. «Не үшін?» дейді таңырқап. «Апай, өткенде мені Махамбеттің тізіміне қоспағаныңыз оңды болды. Содан өкпелеп, ашуланам деп жүріп, Сіздің арқасында жаза алмай жүрген поэмамды жазып тастадым. Өлең жалпы қиналғанда туады дейді ғой»деп едім, Фариза апай бетіме қарап, біраз үндемей отырды да, «иә, солай болады» деді. Сол жылы, 2004 жылы  қаламым  жүйріктей жорғалап,  «Шырақ» атты кітабымның қолжазбасын бітіріп, «уақытыңыз болса, оқып шығасыз ба?» деп ,Фариза апайға бердім. Апай оқып шықтым, жақсы деді де, « Маған алғысөз туралы бірдеңе дегің кеп отыр ғой.Менің саған айтайын дегенім, бұл кітабыңа алғысөз орнына алғысөзді өзің жаз»деп қолжазбамды қайтарып берді.Фариза апайдың маған үнемі   амандық-саулықтан кейін қоятын дәстүрлі сұрағы болатын. «Не жазып жүрсің?»деген. Бір күні мен «Дина» деген поэма жаздым дедім.«Кім саған Дина туралы жаз деген»деді жалт қарап. Өзім деймін.Маған ойлана қарады да, «осы жұрттар сүйдім-күйдімнен» әрі аспай жатқанда немесе заман жаман деп долданып жырлатып жатқанда, тарихи тұлғаларға бет бұруың, көлемді дүние поэма жазуың адам таңғаларлық жағдай. Баяғыда маған Хамаң-Хамит Ерғалиев «Дина туралы поэма жаз»деп еді.Мен поэма емес, өлең жаздым деді ақтарылып.

-         Апай! Мен жазайын деп жазып жүр дейсіз бе?Қорыққаннан жазып жүрмін ғой!-деп қойып қалдым.

-         Кімнен қорқасың?

-         Дина Нұрпейісовадан!

-         А, Дина Нұрпейісовадан?!

Мен көрген түсімді баяндап бердім. Түсіме ақ жаулығы дағарадай Дина Нұрпейісова енгенін,Маржан, сен неге мені іздемейсің деп ұрсып жатқанда, оянып кеткенімді айттым.Ұйқым қашып, ұзақ түндер ұйықтай алмай ,мазаландым. Ақырында Дина шешейдің күйлерін тыңдап, күйші туралы деректерді іздедім. Іздесем, «Дина Нұрпейісова туралы поэма жазылмаған екен. Мен жазайын дедім.Сонда Фариза апай «Дина  шешеміз сені желеп-жебеп жүрген болар.Жазғаның дұрыс болған»деді.

Былтыр ҚР Ұлттық академиялық кітапхана ұйымдастырған республикалық акцияда «Жыл кітабы» болып ,Фариза апайдың «Дауа» кітабы таңдалды.Апама сыйлық жасағым келді.Түріктің ақын қызы Нұрай Гүнешке хабарласып,Фариза Оңғарсынованың өлеңдерін аударсаң өтініш айтып,апамның махаббат лирикасынан біраз өлеңінің түрікше сөйлеуіне аз да болса септігімді тигіздім.Нұрай ханым «Білмеймін жанарыңнан сыр ұқтым ба?»деген өлеңін түрікшеге әдемі аударып, жариялатты.Бұл жайында естігенде,Фариза апам «мен түрікшеге аударылмап ем, дұрыс аударма болып па өзі, қалай ойлайсың »деп кәдімгідей көңілденіп қалды.Маған «Фаризаға ұқсағың келе ме?»деген сұрақтарды жерлестерім жие қоятын. «Фариза Оңғарсыноваға менің мінезім де, өлеңім де, келбетім де ұқсамайды. Фариза апамыз жаратылысы бөлек дүние, ал мен болсам, өзімше бір бөлекпін.Бірақ бізді жақындастыратын төрт жақындық бар.Бірінші-рух жақындығы, екінші –поэзия, қалам жақындығы,сосын тағы екеуін айтпай кетсем, күлесіңдер -ау,«бөріктінің намысы бір» дегендей ,жыныс жақындығы , әйелзатынанбыз және де  біз Адайдың қызымыз ғой десем, күлетін олар.

Өзі де өлең, өмірі де өлең Фариза Оңғарсынова көзі тірісінде-ақ аңызға айналды. Сәуле апам (Қабдолова) :«Сыртымнан білдірмесем де, осы қызды керім аяймын.Фариза боп өмір сүру оңай дейсің бе?»деп айтатын.

Анам Алтын  ол кісінің тегін адам емес екенін меңзегендей, «топырағы бар адам» деп айтатын үнемі.Қайратты ақын еді. Кейінгі жылдары қатты сырқаттанып , қиналып жүрген кезінде де , сол қара тастай қайратты мінезі атойлап келбетінде көрініс табатын.Апайды қиналып жүр екен деп ешкім де ойламайтын.Екінші операцияға аттанар алдында көрген едік. Ертең Германияға операция жасатуға  жалғыз өзім ұшып барам.Эленораның визасы бітпеді.Ол менен кейін келеді ,–деген еді Фариза апай салмақты дауыспен. Сонда жанында тұрған Оңайгүл Тұржан, Айгүл Кемелбаева ,Сауытбек Абдырахманов және ол кісінің жұбайы Мәриям апай ,бәріміз апайға бүртүрлі мұңайған көзбен қарап қалдық.Фариза апай болса, «Әй, Сауытбек! Қасыңа ертіп алған мына біреу кім десем, өзіңнің әйелің екен ғой. Кітапханаға келіншегін қолтықтап келген азаматтар сыйлауға тұрарлық!»-деп әзіл айтып күлдірген еді.Қайран апамның бұл тұрысы «Қабырғасын қақыратып, Бір-біріндеп сөксе де, Қабағын шытпас ер керек»деген ер Махаң-Махамбеттің өзіндей еді-ау.

Биыл Жылқы жылының басында, дүниені ақ қар жапқан қаңтар айының соңына қарай Фариза ақын бақилық болды. Ұлы ақынды, жаны сірі ақынды ақырғы сапарға аттандыру сапарында бола алмадым. Іссапарда едім.Фариза -жүректілер мен рухы күштілердің жадында-жүрегінде  қалар жарқын мысал. Фариза апаны жоқтаған көңілімізді оның мөлдір де,мұңды, асқақ та өрлі, шынайы да шырайлы жырларымен басамыз.Апа-ау! Енді не дейін?!

Апа-ау! Енді не дейін?!

Өлеңіңді мойныма

Тұмар қылып жүр едім.

Талған кезде білегім,

Жанған кезде жүрегім.

Жабыққанда пенде-ойдан

Жырларыңа түнедім.

Қайрат бердің жаныма,

Намыс бердің қаныма.

Жүдеп-жадап жүр едім

Ашылды ғой реңім.

Менің мәңгі-тірегім!

Оттай ыстық жүрегім!

Сен аман бол, Қара Өлең!

Сен аман бол, Ұлы Елім!

Фариза ақынды шырқау биікке көтеретін қос қанаты бар.Бірі-өзінің  алмас қылыштай өткір жырлары болса,екіншісі – туған қазақ халқы.Ақ Жайықтың жағасында ма,Шыңғыстаудың баурайында ма, әлде Алатаудың өрінде ме, әлде Астананың көшесінде ме ,білмеймін ,әйтеуір бір күні Фариза ақынның еңселі ескерткіші бой көтерері сөзсіз.Қабырғалы қазақ деген елі барда, қазақ тілі барда, Фариза Оңғарсынова поэзиясы мәңгілік салтанат құрады.

Соңы. Басы мына жерде

материал қолжазба күйінде жіберілді

 

Маржан ЕРШУ,

ақын, филология ғылымдарының кандидаты,

Халықаралық Түркі тілдес елдері поэзия фестивалінің лауреаты

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға