Жаңалықтар

Таулар құламайды, І бөлім

Ес білгеннен Фариза апай туған топырақта, Атырау аймағында туғанымды мақтан тұтып өстім.
04.03.2014 05:22 5820

Фаризасыз қырық күн өтіпті... Ертең қалың Қазақтың Фаризасынан айырылғанына қырық күн толады.  Қазақ Елінің әр шалғайында еске алу шаралары өтіп жатыр, Ақынның достары, тең қатары естеліктер жазып жатыр. Назарларыңызға ұсынып отырған бұл дүниені редакцияға Ақынның сіңлісі атыраулық  Маржан Ершу жолдады. Мархаббат!

El.kz

Таулар құламайды, І бөлім

І бөлім

Қазақ  игі жақсыларын тауға теңейді. Таутұлға деп атайды. Сірә, таудың асқақтығы мен биіктігін қадір тұтқаннан болар. Қазақтың  Фаризасы да  бір тау болатын.

Ел тағдырын,халық қамын ойламаған ақын,ақын емес.Бұл -бағзы заманнан келе жатқан қасиетті қағида.Ал, 20-21 ғасырдың кез келген ақыны саясаткер болып,қоғамдық құрылыстың керегесін кере алмайды.Ол үшін мінез, білім, ақыл, өткірлік, байқағыштық және мейірімділік қажет.Өмірін өлеңге арнаған азамат апаның бойында осы шарттың бәрі бар  болатын.Халқымыздың ардақты ұлы, үш мәрте Еңбек Ері, жер жүзіне мәлім Д.А.Қонаевты орнынан алып жылы жауып қоя салғанда,баспасөзде байыпты көзқараспен араша түскен де-осы Фариза апамыз болатын. Халықтың аяулы ұлына күйе жағу арқылы бүкіл қазақ халқын айыптау сол кездегі  әлдекімдердің жымысқы амал-айласы еді.Осыны тез аңғарып, көзсіз ерлікке барған Фаризаны өткір демеске хақың жоқ.

Өзі туып-өскен Атырау-Жайық аймағының қорғасындай қордаланған ауыр мәселесі ақын жанын мазалағаны да шындық. Бір жылдары Жайық, Ойыл, Жем тасығанда , оның зардаптарын жою жөнінде үкіметке алғашқы араша-ұсыныстарды жеткізуші де- ақын апамыз болды. Азамат ақынды  тек жыр ғана емес, ауыл-ел тұрмысы , ана мен бала жайы үнемі алаңдатқанынан болар,  «Менің байтақ Қазақстан үшін жаным ауырады. Атырау аймағының жайы Чернобыль, Семей, Арал мәселесінен кем емес.Жанайқайымды үкіметке жеткізіп, парламентті де осыған мәжбүр етемін» деп депутат та болып, халық  үмітін қолынан келгенінше ақтады. Заман-биік. Адам -өз Заманының перзенті   десек, Фариза  Ер еді! Дөп сөйлейтін Шешен еді.

Ес білгеннен Фариза апай туған топырақта, Атырау аймағында туғанымды   мақтан тұтып өстім. Олай болуына әсер еткен ақынның алдаспан жырлары еді. Ақын жырлары менің де өлеңге деген сезімімнің кәусар бұлағы болды.

1996 жылы Атырау қаласының Әнұранының сөзін жазып,  ақын деген атым шықты.Ол ән бүгінде халықтық әнге айналып ел аузында жүр. Сол жылдары маған аймақтық «Ақ Жайық» газетінің орыс тілді журналистері «юная Фариза» деп ат қойса, «Прикаспийская  коммуна» газеті шығармашылығым туралы жазып, тақырыбын айқайлатып «Маржан- наследница Фаризы» деп елді бір дүрліктірді. Өзім оқыған жылдары Атырау университеті  Фариза Оңғарсынова атындағы стипендия тағайындап, ақын апа атындағы тұңғыш және соңғы стипендиат болдым. Мен оқу бітірген соң , ол стипендия атауы да мүлдем жоғалып кетті. 2001 жылы болуы керек, Махамбет атындағы драма театрында   әнші Ақмарал Машимованың шығармашылық кеші өткен. Кешке арнайы Астанадан Фариза апамыз келіпті.Кеш өтіп жатқан.Фариза апай сахнаға шығып сөйледі де, «Қазір сахнаға бір адамды шақырайын деп тұрмын.Осы залда Маржан Ершуова деген ақын бар ма?-деді. Мені қасына шақырып, қолымды жоғары көтерді де, «Дұрыстап танып алыңдар.Менен кейінгі ақындарың осы Маржан болады деді. Астанаға көштім. Фариза апам да Астанада. Қуанып жүрдім іштей. Бірде көп ішінен Фариза апамды көріп қап, қуанып қасына жетіп бардым. Амандасып, мәз боп жатқам.Апам салқындау  бір қарады да. «Астана суық.Ет жоқ.Бұл жақта не жейін деп жүрсің? Елде отырмайсың ба?»деді. Қысылып қалдым. Ішімнен: «Мені мазалама.Өз күніңді өзің көр» дегені шығар деп ойлап қалдым.Жаз келді. Тағы да бір әдеби кешке келген апамды көріп, жанына барсам ба, бармасам ба деп екіойлы боп тұрып қалғам,«Әй, Маржан! Бері кел деп шақырып алды да, Елена үйге кеп тұрады. Сен келмейсің. Кісікиіксің»-, деп ұрсып алды. Содан бір күні алдын ала телефон соғып алып, кел дегесін бардым. Шәй ішіп отырмыз. Апай сөйлеп отыр. Менің жауабым иә, жоқтан әріне аспайды.. Қатира Жәленова ма, Шәмшия Жұбатова ма, әлде Баян Бекетова ма , қайсысыныкі екенін ұмыттым,бір өлең бар еді .«Өзгелерді қалай түсінейін, Кейде осы өзімді-өзім түсіне алмай қаламын» деген. Фариза апайдың мысы мен сұсы қатар басып барады. Өзімді сол сәтте біртүрлі түсінбей қалдым. Кенет арқамда миллион құмырсқа жыбырлап, өрмелеп бара жатқандай, денем тітіркеніп, желкем тырысты. Апайдың үйінен қайтып келе жатқанда, маған бір қызық ой келді. «Фариза апайдың жанында жүрсем, дені сау өлең жаза алмайтын  шығармын» деген...

Басы. Соңы мына жерде

* материал қолжазба күйінде жіберілді

Маржан ЕРШУ,

ақын, филология ғылымдарының кандидаты,

 Халықаралық Түркі тілдес елдері поэзия фестивалінің лауреаты

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға