Тауға шығатындар үшін мобильді қосымша іске қосылады
Бұл туралы Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі мәлім етті
Елімізде тауға саяхаттауды ұнататын туристерге арналған мобильді қосымша әзірленіп жатыр. Бұл туралы Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
«Туристік навигацияның бірыңғай жүйесін құру және Төтенше жағдайлар департаменттерінің базасымен интеграцияланатын тауға жорықты ұнататын әуесқойлар үшін «Tau Go» смарт-навигатор мобильді қосымшасын іске қосу бойынша жұмыс жүргізілуде. Одан бөлек, 2 ГИС жүйесі арқылы офлайн режимде жұмыс істейтін таулы аймақтардағы туристік маршруттарды цифрландыру бойынша шаруа қолға алынды», - дейді ол.
Ибрагим Күлшімбаевтың айтуынша, туристердің қауіпсіздігі үшін шұғыл қызмет телефондары көрсетілген ақпараттық тақтайшалар орнатылмақ.
Министр орынбасары келтірген мәлімет бойынша қыс басталғалы тауда адасқан 147 туристі табуда 14 іздестіру-құтқару жұмысы жүргізілді.
