Жаңалықтар

«Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауы мен «Дарын» сыйлығының жеңімпаздары анықталды

«Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауы мен «Дарын» сыйлығының жеңімпаздары анықталды
Фото: t.me/madenietaqparat 11.12.2024 21:04 337

Астанада «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттар конкурсы мен «Дарын» жастар сыйлығының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, бүгін Астанада мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттар конкурсының жеңімпаздары мен мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті.

Биылғы «Дарын» сыйлығының жеңімпаздары қатарында түрлі байқаулар мен фестивальдердің лауреаттары, спорттық жарыстардың жеңімпаздары, қоғам қайраткерлері мен белсенділер бар.

Кәсіби қазылар алқасы лауреаттарды «Әдебиет», «Ғылым», «Дизайн және бейнелеу өнері», «Журналистика», «Классикалық музыка», «Креативті бастамалар», «Спорт», «Театр және кино», «Эстрада» және «Халық шығармашылығы» номинациялары бойынша таңдады.

Марапаттау кезінде мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елде ортақ принциптер мен мақсаттарды ұстанатын прогрессивті әрі дарынды буынның өсіп келе жатқанын атап өтті.

Сіздер – халықтың үміті мен тірегісіздер. Ел президенті жастар үшін үш басты бағдарды үнемі айтып келеді – бұл білімге ұмтылу, еңбекқорлық және патриотизм. Бұл – мықты әрі табысты ұлттың негізі болатын үш тұғыр. Демек, ұлттың болашағын сіздер айқындайсыздар. Сондықтан Мемлекет басшысы сіздерге үлкен үміт артады. Мемлекет өз тарапынан жастарды жан-жақты қолдауды жалғастырады, – деді министр.

«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегерлері ретінде үздік жобаларды ұсынған 30 жас қазақстандық таңдалды. Бұл жобалар мәдениет, ғылым, медиа, ақпараттық технологиялар, бизнес салаларын қамтиды. Биыл байқауға жаңа «Волонтерлік» деп аталатын бағыт қосылды.

Бұл грант мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылды. Сондықтан бүгінгі марапаттарыңыз – үлкен жауапкершілік. Ел Президентінің сенімін ақтайтындарыңызға шын жүректен сенемін. Әрдайым биіктерден көрініңіздер! – деді Аида Балаева.

Өз сөзінде министр жастарға егемендік пен елдікті нығайтудағы негізгі құндылықтар туралы айтты.

Президентіміз биылғы Ұлттық құрылтайда еліміз үшін маңызды бірнеше құндылықты атап өткен еді. Ол құндылықтар – Тәуелсіздік және отаншылдық, Бірлік пен ынтымақ, Әділдік және жауапкершілік, Заң мен тәртіп, Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, Жасампаздық пен жаңашылдық. Мемлекет басшысы белгілеп берген нақты құндылықтарды ұстану – жастардың дамуына, қоғамдық сананың өзгеруіне оң ықпал етері анық, – деді министр.

Айта кетейік, «Тәуелсіздік ұрпақтары» конкурсының әр жеңімпазына 3 млн теңге көлемінде жүлде берілді. Биыл конкурсқа 1284 өтінім түсіп, оның 897-сі қабылданды.

Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының 20 жеңімпазына «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты» атағы беріліп, естелік статуэткалар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға