Жаңалықтар

Тәуелсіздік алғалы елімізге қанша қандас оралды

Тәуелсіздік алғалы елімізге қанша қандас оралды
Фото: ©El.kz/Мәди ЫСҚАҚОВ 16.02.2024 12:16 834

2024 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 1 306 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚР ЕХӘҚМ баспасөз қызметінің мәліметінше, 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 129,6 мың этникалық қазақ оралды.

Жыл басынан бастап Қазақстанға келген қандастардың жартысы (48,9%) Қытайдан, 29,6% – Өзбекстаннан, 8,3% – Моңғолиядан, 4,4% – Ресейден, 7,3 Түрікменстаннан және 1,5% басқа елдерден.

Биылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 56,2%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 33,6%-ды және зейнеткерлер 10,2%-ды құрайды.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 15%-ы жоғары білімді, 20,2%-ы орта кәсіби білімді, 54,6%-ы жалпы орта білімді, және 10,2%-ының білім жоқ, - делінген мәліметте.

Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды.

Сонымен бірге қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.

Қоныстандыру өңірлерінде 2023 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 433 адамды құрайды. 2023 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 332 қандас қоныс аударды.

Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258,4 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (55,3-ден 110,7 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.

Жыл басынан бері 35 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетіліп, тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға