Tasqyn жүйесі ықтимал су басу аймақтарын 7 күнге дейін 85% дәлдікпен анықтайды
Су тасқынының алдын алу жұмысы аясында бірнеше министрлік бірігіп әзірлеген «Tasqyn» болжау жүйесі ықтимал су басу аймақтарын 7 күнге дейін 85% дәлдікпен модельдей алады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы үкімет сағатында су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз айтты.
Ақпараттық жүйе төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша жаһандық GLOFAS жүйесімен біріктірілген. Оған елдің, соның ішінде су тасқыны қаупі бар 17 мың өзеннің деректер базасы енгізілген.Жалпы, «Tasqyn» жүйесі су шығыны мен өзен деңгейінің 30 күнге дейінгі ұзақ мерзімді және 15 күнге дейінгі қысқа мерзімді болжамын жасай алады. Яғни су көлемін, келетін су деңгейі мен ағызылу мөлшерін көрсетеді. Сондай-ақ жүйе ықтимал су басу аймақтарын 7 күнге дейін 85% дәлдікпен модельдей алады. Республикалық меншіктегі 86 ірі су қоймасы бойынша су көлемі, келуі және ағызылуы жөнінде функционал енгізілді, - деді Болат Бекнияз.
Сонымен қатар ол орталық, солтүстік және батыс аймақтардағы өзендердің басым учаскелерінде батиметриялық түсірілімдер жүргізіліп, олардың нәтижелері «Tasqyn» ақпараттық жүйесіне енгізіліп жатқанын жеткізді.