Жаңалықтар

Ташкенте басталған әлем чемпионатындағы қазақ боксшыларының қарсыласы белгілі болды

Ташкенте басталған әлем чемпионатындағы қазақ боксшыларының қарсыласы белгілі болды
Фото: kfb.kz 01.05.2023 10:50 1568

Бокстан Ташкентте басталған әуесқойлар арасындағы әлем чемпионатына Қазақстан ұлттық құрамасы толық құрамда қатысып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Жеребе тарту барысында ұлттық құраманың былғары қолғап шеберлеріне айтарлықтай қарымды боксшылар тап келген жоқ. Бұған дейін бас бапкер Мырзағали Айтжанов Өзбекстанда алғаш рет өткелі отырған әлем біріншілігіне қатысатын 13 боксшының тізімін жариялаған болатын. 

48 келіде өткен жылы Азия чемпионы атанған Санжар Тәшкенбай жарысты 1/8 финалдан бастайды. Отандасымыз өзбекстандық Шодиержон Меликузиевке қарсы алғашқы жекпе-жегін өткізеді. Алаң қожайыны 22 жасқа дейінгілер арасында Азия чемпионатының күміс жүлдегері.  

Токио Олимпиадасының қола жүлдегері және әлем чемпионы Сәкен Бибосынов Ташкенттегі жарыстың 51 келідегі ең басты фавориттерінің бірі. Отандасымыз 1/16 финалда үндістандық Дипакпен шеберлік байқасады.  

54 келіде шаршы алаңға шығатын Махмұд Сабырхан Сербиядағы әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған еді. Бұл жол ол жеребе бойынша алғашқы кездесуін Түркіменстан және Венгрия боксшылары жұбының жеңімпазына қарсы өткізеді.  

Павлодарлық Серік Теміржанов 57 келіде ел намысын қорғайды. Ол жарысты 1/16 финалдан бастап, Молдова және Мали спортшылары жұбының жеңімпазымен жұдырықтасады.

60 келіде Талғат Сырымбетов 1/32 финалда тайландтық Сакда Руамтхамға қарсы жекпе-жек өткізеді. Ал 63,5 келіде маңғыстаулық Санатәлі Төлтаев іріктеу кезеңдерінде алғашқы кездесуінде Израиль боксшысы Ахмад Штивимен шаршы алаңға шығады. Абылайхан Жүсіповтің орнын басқан  67 келідегі Дулат Бекбауовқа бапкерлер зор сенім артып отыр. Ол 1/16 финалдан жарыс жолын бастап, румыниялық Андрей Мустетпен өзара мықты анықтайды. Сонымен бірге, 71 келідегі Асланбек Шымбергенов  іріктеу сынында Албания мен Тринидад және Тобаго боксшыларының жеңімпазымен жұдырықтаспақ. 

Нұрқанат Райыс 75 келіде екінші рет әлем чемпионатына қатысқалы отыр. Ол 1/16 финалда Аустрия мен Доминикан боксшылары жұбының жеңімпазына қарсы шығады. 
 
80 келіде Нұрбек Оралбай іріктеу сынында әзербайжан және тәжік боксшыларының өзара жеңімпазын күтетін болады. Ал 86 келіде Сағындық Тоғамбай Конго Демократиялық Республикасының спортшымен кездеседі. 92 келіде ағайынды Оралбайлардың бірі Нұрбек кезекті рет әлем чемпионатында сынға түспек. Ол 1/32 финалда  болгар боксшысы Радослав Панталеевпен шеберлік байқасады. 

Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаевқа Мырзағали Айтжанов бұл жолы тағы жа зор сенім артып отыр. Бұған дейін әлем біріншіліктерінде екі мәрте күміс жүлде иеленген Қоңқабаев 1/16 кезеңде Ресей боксшысының қарымын тексермек. Айта кетерлігі, отандасымыз ширек финалға жетсе, өзбекстандық Олимпиада чемпионы Бахадор Жалоловпен кездесуі мүмкін.

Өзбекстанның астанасында 30 сәуір мен 14 мамыр аралығында өтетін сынға жүзден астам мемлекеттің боксшылары қатысады. Айта кететін жайт, АҚШ пен Еуропаның көптеген елдерінің құрамасы Ташкенттегі әлем біріншілігіне қатыспайды. Сондай-ақ, аталған чемпионатта жеңімпаз атанған спортшыға ІВА 200 мың АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйақыны табыстайды. Ал ҚР бокс федерациясының президенті чемпион атанған атлетке өз қаржысынан 100 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы беретінін мәлімдеді. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға