«Тас жинап күніне 50 мың теңге таптым». Англияға маусымдық жұмысқа барғандар
«Айына миллион табамыз» деп шет елге кетіп жатқан отандастарымыз көп. Алайда ол жақта қара жұмыс істеудің де өз қиындықтары бар көрінеді. «Тұманды Альбионда» табыс тауып жүрген қазақстандықтармен El.kz тілшісі тілдесіп көрді.
Бүгінде Ұлыбританияға қара жұмысқа кеткен отандастарымыздың саны 5 мыңға жеткен. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда екі есеге көп. Олар Англияда жеміс-жидек, көкөніс теру немесе жүк тасу сияқты ауыр жұмыстарға жалданады. Биыл шетелде заңды түрде жұмыс істейтін қазақстандықтардың саны 200 мыңға жуықтаған. Расымен, осынша ауыртпалыққа қарамай маусымдық жұмысқа аттанған қазақтар қыруар қаражат тауып жүр ме деген сұрақ көпшілікті мазалайды.
Ағылшындардың өздері ауыр жұмыс істегісі келмейді
Алматы қаласының тұрғыны Жеңіс Көмекбаев Англияға жұмыс істеуге осымен биыл екінші мәрте келіп отырғанын айтты. Ол қазір фермада құлпынай жинаумен айналысады. Айтуынша, елде аспазшы болып жұмыс істеген. Алайда табыс көзі аз және тұрақсыз болғасын шетел елге кетуге мәжбүр болыпты.
кейіпкердің жеке мұрағатынан
Жасым – 24-те. Екі бірдей жоғарғы мамандығым бар. Бірі – инженер механик болса, екіншісі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Мен Англияға елдегі жалақыма көңілім толмағаннан кейін келдім, – дейді Жеңіс.
Ол Қазақстанда екі жоғары білімі бола тұра мамандығымен жұмыс істей алмай, аспаз болады. Үш жылдан аса уақыт аспазшы болып істесе де, табыс көзі аз болған. Жалақысы 220 мың болса да, бұл қаржы ештеңеге жетпеген.
Сол себепті Англияға маусымдық жұмысқа кетуге шешім қабылдадым. Бұл мемлекетке менің биыл осымен екінші рет келуім. Былтырғы жылы алты ай істеп, Қазақстанға қайта оралдым. Жалпы визамен келетіндіктен, бұл маусымдық жұмыстан басқа жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді. Қазіргі уақытта Arbroath деген қалада Seahills фермасында құлпынай жинаймын, – дейді ол.
Жеңістің сөзінше, былтыр да осы жерге құлпынай жинауға келген. Табыс көзі Қазақстанмен салыстырғанда әлдеқайда жақсы және келгеніме өкінбеймін деп отыр.
кейіпкердің жеке мұрағатынан
Бізге ақша сағатпен төленеді. Яғни, сағатына 11.44 фунт (шамамен 6800 теңге). Күніне 8 сағат жұмыс істейміз. Жұмыс уақыты кейде 6 күн істеп бір күн демалыс немесе 5 күн істеп, екі күн демалыс болады. Бұл маусымға байланысты. Сонда шамамен айына 900 мың теңге аламыз. Азық-түлікті қоспағанда, өзіміздің қолымызда бір айда 750-800 мың теңге қалады, – дейді Жеңіс Көмекбаев.
Ағылшындармен жұмыс істеу жеңіл екенін айтады. Өйткені бұл жерде мәдениет бар деп есептейді.
Ең алғаш келгенде таңқалғаным ағылшындардың мәдениеті болды. Адамдардың бір біріне деген қарым қатынасы өте жақсы. Әрқашан көмектесуге дайын тұрады. Әрқашан күліп жүреді. Басында келгенде неге үнемі күліп жүреді деп түсінбейтін едік. Қазір өзіміз де олардан үлгі алып жүрміз, – дейді.
Жерлестеріміз ағылшындар ұсынатын кез келген жұмысты істеуге дайын. Күніне жақсы төленгенімен, бұл жұмыстардың да ауыртпашылығы көп көрінеді. Белдің ауырғанына, жаңбыр астында жүріп балшық кешіп, аяқтың су болғанына қарамастан олар төзімді болудан басқа амал жоқ деп отыр. Отандасымыз құлпынай теруден бөлек басқа да жұмыстарды істеп көрген.
Тас жинап күніне 50 мың теңге таптым. Бұл жұмыс егістік алқабын тазалау болып табылады. Яғни, жерді егістік отырғызуға дайындау. Егістікте жатқан тастар егістік отырғызарда техникаға кедергі жасайтындықтан оларды жинаймыз. Жиналған тастарды арнайы орындарға апарады, – дейді ол.
Англияға барып жалақысы жоғары жұмысқа тұруды көздеп, ай сайын 1 миллион теңге табамыз деп шекара асып жатқан отандастарымыз қаншама. Жеңістің сөзінше, шынымен Англияда 1 миллион теңге табыс табуға болады.
Одан көп қаражат тауып жатқандар да бар. Бірақ бұл жұмыс беретін фермаға байланысты, – деді ол.
Ал шындап келгенде ағылшындардың өздері ауыр жұмыс істегісі келмейді. Сол себепті олар шетелдік жұмыскерлерге зәру.
«Жалпы ағылшындардың өздері біз сияқты фермада жұмыс істегісі келмейді. Істеген жағдайда да олардың сағат ақысы бізден жоғары болады. Ал шетел азаматтары сағатына 11.44 фунттан аз алмайды. Өйткені барлығы заңмен бекітілген. Келісімшартта да барлығы көрсетілген. Бұл қаражат жергілікті тұрғындар үшін аз болуы мүмкін. Ал бізге бұл үлкен ақша», – дейді Англияда жұмыс істеп жүрген Жеңіс Көмекбаев.
Мұндай жұмысқа әбден үйреніп қалған Жеңіс қиыншылықтары да көп емес деп отыр.
кейіпкердің жеке мұрағатынан
Қиыншылықтары көп деп айта алмаймын. Бірақ визаның 6 айға ғана берілетіні өкінішті. Өйткені 6 айдың бір айы келуге кеткен билет пен визаның шығынын жабуға кетеді. Англия өте қауіпсіз ел уайымдамай, қорықпай келсеңіздер болады. Сосын 6 айда 6 миллион тауып қайту деген бәріне бірдей оңай емес, – дейді ол.
Қазіргі уақытта Жеңіс келісімшарт біткен уақытта Қазақстанға оралатынын айтады.
Әрине, келісімшартым біткен уақытта елге қайтамын. Жоспарым мен алға қойған мақсатым көп. Елге келген соң салып жатқан баспанамды толық аяқтау керек. Содан кейін жақсылап бір демалып алып, қайта маусымдық жұмысқа барамын. Сонымен қатар тикток қосымшасында блогерлікті қолға алдым, әрі соны дамытқым келеді, – дейді Жеңіс Көмекбаев.
Қаржылық жағдай реттелген соң елге оралып кәсіп бастаймын
Келесі кейіпкеріміз Бекнұр да Англияға маусымдық жұмысқа аттанғандардың бірі. Ол да Жеңіс сияқты осымен екінші жыл қатарынан жұмыс істеп жатыр.
кейіпкердің жеке мұрағатынан
Мен қазіргі кезде Англияға 6 айға маусымдық жұмысқа келдім. Биыл мұнда істеп жатқаныма екінші жыл болды. 2023 жылы алты ай істеп, отанға оралған едім. Ал 2024 жылы келгеніме 4 айдан асты. Бұл жақта табыс көзі әртүрлі. Кейде сағатқа байланысты немесе жұмыстың көлеміне қарай істейміз. Бір сағатқа 11,44 фунт төленеді, 8 сағатқа 50 мың теңге болады. Көлемге істейтін болса әр адамның қимылына байланысты. Яғни, 70-80 мың теңгеге дейін баратын кездер болады, – дейді Бекнұр.
Ол 2019 жылы дипломын қолына алғасын жол саласында жұмыс істегенін айтты. Бірақ отбасының қаржылық жағдайына байланысты, Бекнұр істеп жүрген жұмысын тастап Англияға аттанады. Бекнұрдың сөзінше, қаржылық жағдай реттелгесін өзінің мамандығы бойынша жұмысын елімізде қайта жалғастырмақ ниетте.
Бұл мемлекетте басқа салт, өзге тіл, салт-санасы да өзгеше. Өркениеті мен тарихы және инфрақұрылымы дамыған ел деуге болады. Алайда мәдениет өзгеше, адамдары шулап берекеңді алмайды. Көбіне халқы сыпайы және көмек беруге әзір тұрады, – дейді ол.
Маусымдық жұмыстарға көбінесе Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның жұмысшылары келетінін айтады. Бұл мемлекетте тұрақтап қалмаса да, қаржылық жағдайы реттелгесін, Қазақстанға оралып, кәсіп бастауды көздеп отыр.
Қазір қазақстандықтардың көбі Англияға маусымдық жұмысқа кетіп жатыр. Сарапшылардың айтуынша, мұның басты себебі еліміздегі табыс көзінің аздығы және өмір сүру сапасының күннен күнге төмендеуінен деп отыр.
Көп табыс тауып, жалдамалы еңбекпен айналысудың айыбы жоқ
Бұл мәселені экономист Азамат Қағибат та растап отыр. Сарапшы «Біздің елде үкімет бекіткен күн көрістің төменгі деңгейі деген көрсеткіш бар. Аты айтып тұрған бұл көрсеткіш күн көрістің бір кетігін жамауға да жетпейді, тіпті күлкілі жағдай», дейді.
Қазір бір айлық мөлшері шамамен 30 мың теңгенің төңірегінде. Бұл әлеуметтік мұқтаждықты шешу үшін халықаралық еңбек көші-қон бағдарламасына арқа сүйеудің артығы жоқ. Экономикасы дамыған Еуропа елдеріне барып, көп табыс тауып, жалдамалы еңбекпен айналысудың айыбы жоқ. Біздің елде нарық дамыған жоқ, тек қана жабайы нарықтың анайы түрі болып табылатын алып сатарлықпен ғана күн көріс өлшеніп келеді. Ел үкіметі әлі күнге нақты жұмыс атқармай отыр, – дейді экономист.
Сарапшы нарықты дұрыс басқара алмай отырғанын жеткізді және басқа да маңызды саяси-экономикалық, әлеуметтік факторлар жетіп артылатынын жеткізді.