Жаңалықтар

Тарихты, тарихи жадыны, тіл мен дінді қалпына келтіруі үшін...

Тарихты, тарихи жадыны, тіл мен дінді қалпына келтіруі үшін...
19.07.2018 11:09 3254

Уақыт бір орнында тұрмақ емес. Өмір өзгермелі. Онымен бірге ұлт та өзгеріп, дамып, жаңарып, жаңғырып отыруы тиіс. Әйтпесе, тоқырауға ұшырап, құлдырауы оп-оңай. Адамның қарны тоқ, көйлегі көк болғанымен, көңілі әлденеге алаң болса, бәрі бекершілік. Тұтас ел де сол іспетті. Әлеуметтік, экономикалық және басқа тұрғыдан төрт құбыласы түгел келгенімен, ұлт ретіндегі бірлігі бекем болып, болмысын сақтамаса, рухани жұтаң болса, қуатты мемлекет атанудың ауылы алыстайды. Елбасы жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы осынау алаң көңілден туған дүние.

         Рас, өткенін құрметтей білетін халықпыз. Бірақ, бәрін түгендеп болдық деп айта алмаймыз. Тәуелсіздік алғалы ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауды ұмыт қалдырдық деуден де аулақпыз. Бұған дейін де мемлекет тарапынан бірқатар бағдарламалар қолға алынды. Мұны «Рухани жаңғыру тек бүгін басталатын жұмыс емес. Біз тәуелсіздік кезеңінде бұл бағытта бірнеше ауқымды іс атқардық. 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандарды жаңғырттық. 2013 жылы «Халық – тарих толқынында бағдарламасы арқылы әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелі түрде жинап, зерттедік», – деп Елбасы да аталмыш бағдарламасының кіріспесінде еске салады. Яғни, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» солардың заңды жалғасы. Сонда да, «бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, соңғысының алдыңғылардан жөні бөлек, салмағы ауыр. Өйткені, ендігі атқарылар жұмыстар алдыңғылардан әлдеқайда ауқымды. Мақалада жүктелген міндеттер табысты іске асуы үшін ең алдымен, онда айтылған тұжырымдар халыққа дұрыс, толыққанды жетуі тиіс. Осы ретте, белгілі жазушы, кинодраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубайдың мақала төңірегіндегі соны ойлары, толғамдары мен байламдары көңіл көкжиегін кеңейте түсері анық.

Экономиканы алға қоямыз деп, идеологияны артта қалдырдық

Ұлт жанашырының айтуынша, қоғамдық сананы жаңғыртуды мақсат еткен бұл мақала кезекті, реті келіп жарияланған дүние емес, ол қажеттіліктен туындап отыр. Яғни, өзіндік себептері бар. Өйткені, азаттықтың алғашқы жылдары «әуелі – экономика, сосын – саясат» қағидасы алға шықты. Ол үшін де айыптауға болмайды, тұралаған тұрмысты түзеу керек болды. Осы бір идеологияны экономикадан кейінгі орынға қоюдың зардабы болмай тұрмады. Иә, әуелгіде мәдениет пен идеологиядан бұрын мемлекетке негізгі күшті экономикаға салуға тура келді. Себебі, зейнеткерлердің зейнетақысын алуы қиынға айналды. Зауыттар жабылып, жұмыссыздық жайлай бастады. Мұндай жағдайларда, алдымен, халықтың тұрмысын түзеу, баспана мәселелерін шешу кезек күттірмеді. Сондай қиын ахуалға қарамастан, «Мәдени мұра» секілді бірталай мемлекеттік бағдарламалар болды. Бірақ, жазушы Смағұл Елубайдың сөзінше, оның бәрі аздық етті. «Батыл қадам жоққа тән болды. Тоқсаныншы жылдардың басында-ақ бар салада бірден деколанизация саясатын жүргізу керек еді. Біз саяси деколанизацияны, яғни, тәуелсіздікті жарияладық. Ол ел ретінде еңсемізді көтерді. Бірақ, тілдік, діндік, мәдени салада деколанизация өте шабан жүрді. Тіпті, саябырсып қалды. Соның нәтижесінде халықта кеңес билігі тұсында тұншықтырылған тіліміз тәуелсіздікте тіптен кері кетпей ме деген түңілме ой, алаң көңіл пайда болды. Яғни, мәдени, тілдік мәселелердегі шабан қимыл жұрттың ренішін тудырды», — дейді ол. 

Мойындауымыз керек, жүздеген жылдар бойы бодандықты бастан кешкен ұлт болған қазақтың, әсіресе, мәдени саласында, руханиятында қордаланған мәселелер шаш етектен. Біздің егемен ел ретіндегі ең бірінші міндетіміз сол мәселелердің шешімін табу. Мейлі, арада ширек ғасыр өтіп кетсе де, аталмыш түйткілдерді тарқатуға тиіспіз. Себебі, ұлт мұны бәрібір күн тәртібіне шығарады, мәдени байлығы үшін күреседі. Тәуелсіздік сөзінің мәні де сонда, яғни, ұлттың барлық жағынан толыққанды тәуелсіздік алуында. Мұнсыз тәуелсіздіктің тұғыры төмен тартып қалады. Ұлтқа тән рухани, мәдени байлықтар тәуелсіздікпен бірге қалпына келуі қажет. Ата-бабамыздың ғасырлар бойы дархан даламызды қанымен суара жүріп қорғағаны — қазақтың ұлттық келбеті үшін болған күрес. Ендеше, тарихты, тарихи жадыны, тілі мен дінін, бәрі-бәрін қалпына келтіру бүгінгілерге серт.

Ұлттық код — рухани мәдениеттің жиынтығы

Жаһандану қарқынды жүріп, әлемдегі құндылықтар арасындағы шек, шекара бұзыла бастаған алаң шақта Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын дер кезінде жариялады. Бұған жылдан астам уақыт өтсе де әлі күнге онда көтерілген мәселелерді, келтірілген терминдерді әркім әртүрлі бағалап, талқылап келеді. Осы тұрғыда «Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қолданылған ұлттық код термині, қысқаша айтқанда, тілден, діннен, тарихи санадан, күнделікті тұрмыстан құралатын біздің жалпы менталитетіміз. Ол әрбір ұлтта бар нәрсе және ешқандай ұлт бірін-бірі қайталамайды. Әр ұлттың тарихы, тағдыры әртүрлі болғаннан кейін, оның менталитеті де, тілі мен тарихи санасы да, әлемді қабылдауы да әртүрлі. Сондықтан, ұлттық кодты рухани мәдениеттің жиынтығы деп түсінемін», — деген драматург Смағұл Елубай бүгінгі таңда «сол ұлттық кодымызды жоғалтып алған жоқпыз ба?» деушілерге де жауап қатты.

         Елбасы қазақ тәуелсіздікке тілі мен мәдениеті жойыла жаздап, тіпті, демографиялық апатқа ұшырап жеткен ел екенін мақаласында ашық айтты. Бұл ұлтымыздың ділі, менталитеті зардап шекті деген Смағұл Елубай мақаланың рухы, біріншіден, осы әлсіреген ұлттың кодын қалыпқа келтіру екеніне тоқталды. «Мысалы, ана тілін білмейтін қазақтар жүздеп, мыңдап саналады. Тілін білмейтін қазақтың ұлттық коды сау деп айту тағы қиын. Адам қай тілде сөйлейді, сол ұлттың «кодын» қабылдайды. Соңында, соның сойылын соғады. Ұлттық жаңғыру идеясының тууының өзі ұлттық кодымыздың әлсірегенін мойындаудан шығады. Оны күшейтпесең, ұлт күшеймейді. Діни танымымызды қалыпқа келтіріп, тарихи санамыз бен мәдениетімізді күшейтпесек, ұлттық кодымыз әлсірейді», — деген ел ағасы ХХІ ғасырда ұлттың тілінен айырылуы жаһанда болып жатқан құбылыс екеніне алаң көңілін жасырмайды.

Ештен кеш жақсы

Қанша жерден ұлт ретіндегі болмысымызға нұқсан келтіріп алдық десек те, рухани қайта жаңғыруды қолға алу ешқашан да кештік етпейді. Елбасының мақаласы соның айғағы. Ендігісі, бірінші кезекте оның үгіт-насихатын жолға қою қажет. Жазушы Смағұл Елубай елімізде осы мәселені жан-жақты талқылаған орыс тіліндегі телехабарлар ұйымдастырылса деген тілегін де жасырмады. Басы ашық жайт, Елбасы жариялаған рухани жаңғырудың түпкі мәнінен Қазақстанда ұтылатын ұлт жоқ. Оның түпкі көздегені латын әліпбиін мектептерге енгізу. Ал, бұл орыс тілінің тұғырын төмендету емес. Мұндағы ой орыс тілді балалардың да мемлекеттік тілді толық меңгеріп шығуына жағдай жасау. Әліпби ауысқан жағдайда орыс, қазақ немесе неміс демей, ол барлық мемлекеттік мектептерге ортақ болады. Демек, республика мектептерін тәмамдаған кез келген бала ұлтына қарамастан ендігі бір он, он бес жылда мемлекеттік тілде сөйлеп шығуы керек. Сондай-ақ, мемлекеттік тілді ғана емес, орыс, ағылшын тілдерін де меңгереді. Ұлтына қарамастан. Бұл бәріне тиімді демей көріңіз.

Қаламгер қадап айтқан келелі мәселе, ол — Қазақстан мектептерін мемлекеттік тілде оқытуға көшірмесек, онда осы екіге бөлінген қалпымызда қала беретініміз. Тіл майданында 25 жыл бойы бір-бірін түсінбейтін екі бөлек халық болып өмір сүріп келе жатқанымыз ешкімге құпия емес. Ал, бір-бірін түсінбейтін халықта қайдан бірлік болады?! Онда да сөз жүзіндегі бірлік болуы мүмкін. Іс жүзіндегі бірлікке айналуы үшін Қазақстанның азаматтары түгел бір-бірін түсінетін, орыс ұлтының өкілдері қазақ тілінде де сөйлейтін, түсінетін болуы тиіс. Еңбек нарығында іс-қағаздарды қазақ тілінде жүргізіп, ол жағынан қағажу көрмеуі керек. Сонда ғана Қазақстан халқы рухани бір халыққа айнала алады. Жерімізді мекендеген басқа ұлттың балалары қазақ тілін, әдебиетін, тарихын білетін, сыйлайтын, ең бастысы, түсінетін болады. Өз кезегінде бұл өзара құрметтің тууына алып келеді. Содан келіп «қазақстандық патриотизм» пайда болады.

«Ал, біз, керісінше мектептерді тілге бөліп тастап, 25 жыл бойы бір-бірін түсінбейтін ұрпақ тәрбиеледік. Ол аздай, қазақ қазақты түсінбейтін халге душар болдық. Орыс мектептерінде оқитын қазақ балаларының ана тілін білмеуі олар өзінің тілін, дінін, мәдениетін, тарихын, менталитетін білмейді, ұлттық кодын жойып алған деген сөз. Өйткені, ұлттық код тілмен бірге кетеді. Елді тілдік тұрғыда бөлетін мұндай дүниеден арылуымыз керек», – деген ол мақаланың негізгі мақсатын дұрыс түсінуге шақырды. Яғни, ондағы мұрат әлдекімдер ойлағандай тек қазақтың қамын күйттеу емес, бүкіл Қазақстан халқынан бір-бірін түсінетін, ең алдымен, қазақ тілінде, сосын қалаған тілдерде сөйлейтін бәсекеге қабілетті ұлт жасау.

Жастарға жол ашатын жоба

Ақиқаты сол, Президент Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған мақалада міндеттелген мәселелерді жүзеге асыру оңайға соқпайды. Соның ішінде тіл жайы. Мемлекеттік тілде оқыту балабақшадан басталса оң нәтиже бермей тұрмайды. Сонда бас-аяғы он бес жылдың көлемінде мемлекеттік тіл мәселесі күн тәртібінен өздігінен түсер еді. Смағұл Елубайдың сөзінше, балабақшаларда өзге тілдерді араластырмау қажет. Сәбилер әуелі бір тілде сөйлеп алуы тиіс. Сонда олар кейін ұлтына қарамастан, ары қарай мектепте де қазақ тілінде білім, тәрбие ала беретін болады. Содан барып кейбір пәндер орыс, ағылшын тілдерінде оқытылып, өзге тілдерді де меңгеруге мүмкіндік туады. 

Анығы біреу, ол «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы ешбір ұлт ұтылмайтын өте үлкен жоба екендігі. «Жеті жұрттың тілін біл» деген бабалар сөзін ескерсек, баласының үш тілді меңгеруіне ешбір ата-ана қарсы шыға қоймайды. Себебі, ертеңгі еңбек нарығында олар бәсекелестікке төтеп бере алады. Демек, олардың мемлекеттік қызмет алуына, мансабының көтерілуіне осынау рухани жаңғыру жол ашпақ.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға