Жаңалықтар

Тарихты еске салған сенбілік өтті

Тарихты еске салған сенбілік  өтті
06.05.2018 10:13 2051

9 мамыр – Жеңіс мерекесі  қарсаңында  Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне құрмет көрсету шаралары нығаяды. Ел  азаттығын қорғау жолында мерт болған  жауынгерлердің рухына бағышталып   «Ұлы Дала Елінің киелі мұрасы» атты республикалық  тарихи-экологиялық акциясы аясында   жол картасының  I этапына сәйкес ҰОС-да құрбан болған  жауынгерлердің  жерленген орындарында  «Қамқор акциясы» экологиялық сенбілігі  өткізілді. 

Қазақстан Халқы ассамблеясының «Жаңғыру жолы»  жастар қозғалысының, «Ақ желкен» жастар лигасының бастамасымен  өткізілген сенбілікке этномәдени бірлестік мүшелері  мен  «Жас Отан» жастар қанатының белсенді  жастары қатысты.   Сенбілік Тараз қаласында және Меркі, Т.Рысқұлов, Жуалы аудандарында бір күнде өткізілді. Үш аудандағы поляк жауынгерлері елінің  азаттығы жолында шейіт болған  тағдыр-талайы бар тарихтан сыр шертеді.

1941-1942 жылдары  КСРО-ның  шығыс бөлігінде, соның ішінде  кеңес үкіметінің аумағында  поляк азаматтарынан генерал  Владислав Андерстің  әскері құрылып, Еуропадан Азияға, Африка арқылы қайтадан Еуропаға әскери тапсырмамен жол жүріп өтті.  КСРО-дан Иранға британ әскерлерімен қосылу үшін жөнелтілген генерал Андерстің соңғы  эшелондары үлкен қиындықтарға тап болды. Үш жүзге жуық солдат  майданға жете алмай  шейіт болып, Қазақстанның оңтүстігіндегі  бейіттеріне жерленген. Соғыс жылдарында Польшаның қуғын-сүргінге ұшыраған бес жүзге  тарта азаматтары Тараз қаласында және   Жамбыл облысының Жуалы, Т. Рысқұлов, Меркі аудандарында  жандары мәңгі  жай тапты. Сонау бір жылдары поляк жауынгерлерінің мүрдесі салынған сауытты беруге арналған шара кезінде варшавалық  өкіл К. Кунерттің «Біз жергілікті тұрғындардың поляктарды есте сақтауға деген ілтипатын көрдік және олардың бұл естелікті  сақтап, ұрпақтарына жеткізгеніне ризамыз» деген сөзі көп жайтты аңғартқандай. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің рухына тағзым ету қашан да жас ұрпақтың тағылымды болашағы үшін қажет-ақ. Тарихын ұмытқан халықтың болашағы  бұлыңғыр  дейді халқымыз. Өткенге құрмет – ұрпаққа міндет.

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға