Тарих кез келген жәйтті төмендете, әлсірете баяндамауы тиіс
Шадыман Ахметұлының “Ономастикалық атауларды бүкілдей иероглифтердің ескіше оқылуына сүйеніп шешу керек дегеннен аулақпыз” («Ежелгі үйсін елі» 2-бет, Шынжаң халық баспасы. 2005) дегенін қатты құптаймын. Өйткені:
Біріншіден, «Хəннама» мен «Тарихи жазбалар» авторларының ертедегі Қытайлықтардың қайдағы бір кез-келген диалектісінде жаза салмағаны айдан анық, сондықтан ескіше оқылулардың (тəп сол авторға тəнін тəп басып таппай) албаты біріне бағына кету тағы да зор ағаттық тудырар еді;
Екіншіден, бізді өзгеше оқылуларға жетектеу арқылы алжастыруға тырысатын, қазақтардың этникалық тағанын, мысалы үйсін, қаңлы, аландарды қазаққа жолатқысы келмейтін күш те жоқ емес.
Ал енді кейінгі мəселеге келсек, астамдық пен жағымпаздықтың салдары, ұзағанда, іргелес жаттардың тарихи төркінін кішірейте, əлсірете, төмендете баяндауы ықтимал. Бірақ бұдан тартарымыз шамалы. Тек соның өзінде де: ертедегі Хəн əулетінің Үйсінді “Батыс өңірдегі ең күшті де ірі ел” санағаны мен өзі шығыстың алып елі бола тұрып бұл Үйсін ұлысының əскери көмегіне зəруболғанын есте мықты ұстасақ қана болғаны. Ал, енді ежелгі үйсіндерді қазаққа жолатқысы келмейтін өте аз санды күштерден менің (ресми медия мен ауызекі сөйлесулер арқылы) білетінім мыналар:
1. Үлкен топ (Су Бейхай жəне жуықта жарық көрген Нығымет Мыңжанұлының еңбегіне ішінара толықтаулар енгізген «Қазақтың қысқаша тарихының» авторлары сияқты) ғалымдардың ат төбеліндей қарсы жағы (ғылымда бұл табиғи да қалыпты ахуал) кезінде осы үлкен топпен “У Сүннің қазақпен қатысы жоқ, ол У Сүн қазіргі қазақтағы үйсін емес” деп айтысқан болатын. “У Сүннің қазақпен қатысы жоқ” дейтін осылар, ол көзқарастары тойтарылса да, өз қарсылас тобын жығуға ұмтылуын əлі де қойған жоқ. Бірақ олар, өз сөздерін дұрыс санай тұрғанда да, ол Үйсін ұлысының бүгінгі қазақ топырағында болғанын да, осы арада шаңырақ көтергенін де, сондықтан қазақ тарихындағы мемлекеттілік саналарын да шартсыз мойындауға тиіс.
Ал біз де екі мың жылдың алдындағы үйсін бүгінгі қазақ Ұлы жүзіндегі үйсіндердің айна-қатесіз – діні де, тілі де, ғұрпы да, тұрқы да, жұрты да, т. б. да титтей өзгермеген, дəп өзі ғана дегелі отырғанымыз жоқ. Ол 22 ғасырдың алдындағы басқа заман, бөтен орта, бөлек қоғам. Ол кездегі адамда бүгінгілерден басқаша – діні де, тілі де, ғұрпы да, тұрқы да, жұрты да, менталитеті де, талғамы да, деңгейі де көптеген айырмашылықтарға ие топ. Одан бергі аралықта шым-шытырық сан алуан оқиғалар, кинетикалық дамымалы процестер жатыр. Біздің ол замандағы ата-бабаларымыз бен бүгінгі біздің арамыздағы “ұзын көпір” дұрыс, дəл, өз заманындық сатыларына лайық келбетімен салынуы тиіс.
Сондай-ақ біз соншама ғасырлық процестегі өзгерістерді қайырып тастап, бейне ертедегі сол топ со беті ешкімге қосылмай, ешкімді қоспай бүгінге жеткендей, тіпті өзге түрік ұлттары түгіл, қазақтың өзге жүзіндегі тайпаларда да ежелгі үйсіндердің қаны мүлде жоқтай сөйлегелі отырғанымыз да жоқ;
2. Туысқан түрік халықтары арасындағы ішінара тар сезімділер үйсінді қисынсыз түрде тек өз ұлтына ғана меншіктеуге ұрынып, қазаққа қатыссыз санап, қисыны зор қазаққа тəннің өзіне де жат емесін, таласудың ешкімге де пайда бермесін сезе алмайды. Мəмбет Қойгелді айтқандай, “Біз – қазақ, қырғыз жəне өзбек сияқты халықтар - тарихымыз тамырлас, тағдырымыз жақын жұрттармыз. Тарихымызда ортақ кезеңдер, түрлі тарихи жағдайларда ниетіміз бен мүдделеріміздің тоғысқан тұстары аз болмаған”. Сондықтан тарих мəселесіне келгенде таласу да, жарысу да еш пайда бермек емес;
3. Кезінде отаршылардың не бірер биліктінің уағызы не шектеуі бойынша, уəяки басқа себептен үйсіндер туралы қате жазып не айтып қалғаны барлар сол пікірінде (мысалы, “Үйсін мен усунь екі бөлек”, 1465 жылдан бұрын “Қазақ хандығы болған жоқ. Себебі қазақтың өзі болған жоқ”, “Қыпшақ – қазақ емес”, т. б. дегендерінде қасарысуы не аттан түссе де үзеңгіден түспеуі мүмкін. Шынында да кей жандардағы мейлінше қасаң жаттанды да жасанды ұғымдар, оларды жуыққа шейін зорлықпен құлыпталып келген алтын сандықтардан бүгін шығып жатқан шындық пен ақиқаттарға үдірейе, тосырая қаратып, “Жоқ!”, “Олай емес!” деуінен тайғызбай тұр. Мұндайлар, адамдар мен адамдар тобы мың жасамағанмен, тіпті оның аты да сан өзгеретін болғанымен, оның өз ұрпағы арқылы сан мың жыл жасай беретінін білмесе керек. Қазақ хандығына қазақ деген ат молдалардың бірінің азан айтып қоя салуынан шыққан емес. Қазақ хандығы құрылудан бұрын, қазақ ұлты не сол аттас тайпалар тобы дүниеге келген. Тіпті бұл ұлт не осы аттас тайпалар тобы дүниеге келуден бұрын сол аттас ру тіпті ата өмір сүрген болуы да ықтимал. Бүгінгі əлемдегі ұлттардың бəрі де ежелгі адамзаттың ұрпағы. Сан рет сапырылысқан процестің жемісі. Олардың еш қайсысы да не көктен түскен, не жерден шыққан емес, осы өңірде өмір сүрген ертедегілердің не олай, не бұлай сапырылулардан өткен ұрпағы. Біз сол сапырылу барысы мен кімдердің қалай сапырылғанын ғылыми түрде қарастырудамыз;
4. Жүзшілдер мен рушылдар, яғни іс жүзінде өзімшілдер, үйсін сөзі көтеріле бастаса, ғылымның ілгерілеуін, бүкіл адамзат пен күллі қазақ қамын ойлаудың орнына, тəп бір тек қана Ұлы жүз азаматтарының шашбауы орынсыз көтеріліп баратқандай іштарлыққа бөленеді;
5. Ішінара тарихи деректі қате түсініп жаңылатындар да бар. Мысалы, жылнамаларда кейін келе үйсіндер Іле өңірінен оңтүстікке ауып кетті деген сөз кезігеді. Бірақ кейбіреулер бұл ауудың үйсіндердің бір бөлігіне ғана тəн жəне ол Памирдің солтүстігіне ауу ғана екенін байқамаған немесе оны ескеруді қаламаған. Тіпті əуелі олардың кейі үйсіндерді бұл жаһаннан ұшты-күйді жоғалдыға жатқызған;
6. Евроцентристер Хəн тілінің арғы замандағы жерлік алуан (бүгіннің өзінде əлденеше) диалектілерінен ономастикалық себі тиетіндерді тіміскілей ақтарып, бұл өңірдің байырғы тұрғындарын бүгінгі жерлік тұрғындарға байланыссыз етуге дерек іздеуін де қойғаны жоқ;
7. Қазақты отарлаған кешегілер де, болашақта отарлау ниеті бар бүгінгілер де Қазақ мемлекеттілігін тарихта жоққа шығаруға, ал оны мансұқтай алмаса неғұрлым кішірейтіп, шолтитып көрсетуге жанын салады. Доктор, профессор Нəбижан Мұхаметханұлы айтқандай: “Олар Бүгінгі күннің саясатына жұмыс істеп жатыр”, “Жалпы бір елді күйрету үшін, ең алдымен, оның бүгінгі ұрпағына арғы тегін ұмыттыру керек, нəр беретін терең тамырын қырқу керек”; дəл осындай сөз [мемлекетін жоюшы ең алдымен оның тарихын жояды деген] əр елде, соның ішінде хəн ұлтында да бар.
8. Батысқа табындырған сыңаржақты тəлімнің кесірінен Ұлы Шығыс Өркениетіне (Үйсін түгіл, Қытай, Жапон, т. б.) менсінбей қарайтын ішінара қазақтар, алғашқы үйсіндердің түрік тілді жəне ақ нəсілді болып, бертін келе метистенгенін білмей, өз тегіне “шығыстық үйсіндерді” таятқысы келмеуі де мүмкін;
9. Кешегі қырғи қабақтық кезеңде ҚХР мен КСРО еліндегі талайлар қарсы жағын жеккөрінішті ететін, қолдан жасалған идеологиялық тəлімді сіңірді. Оның ішінарасы тіпті сол “музыкаға билеп”, қақтығыс пен жеккөруге қару боларлық дүниелерді де жазып тастады. Мұның əр екі елдегі кей жандар миындағы сарқыны əлі де арыла қойғаны жоқ. Соның бірі – аз санды адамдардың, Қытай ғана емес, одан келген сөзге де, дүниеге де үрке, тыжырына қарауы. Мұның Қытай жылнама- ларына, ондағы қазаққа қатысты деректерге, ертедегі хəндармен байланысы болған тайпалық ұлыстарды қазақтың ата-тегі деп қарауға, тіпті осылар туралы жазылған ғылыми не əдеби еңбектерге салқыны тимейді дей алмайсыз. Дəп осындай сарқын (ТМД еліне, сол қатарда Қазақстанға қарата сыңаржақ көзқарас) Қытайдағы аз санды адамдарда да бар.
10. Əсіре де жеңіл саясатшылдардың кейі, “Үйсін қазақтарды құраған ертедегі тайпалық одақ саналса, күндердің бірінде Қазақстан жақ Қытайдың батыс-солтүстігінің бір бөлігін менікі еді деп дауласудан тайынбайды” деу арқылы орынсыз алаң туғызбақ болады.