Жаңалықтар

Тарихшы: Жәңгір ханды қазақтың алғашқы ағартушысы деп айтуға негіз бар

Тарихшы: Жәңгір ханды қазақтың алғашқы ағартушысы деп айтуға негіз бар
Фото: Коллаж El.kz 24.10.2024 14:53 1309

Бөкей Ордасының соңғы ханы Жәңгір хан қарама-қайшылыққа толы тұлға. Ол саяси істерге белсенділігінен бөлек, қазақ даласындағы оқу-ағарту ісінде де елеулі еңбек атқарған. Алайда, тарих беттерінде отаршыл империяның саясатын жүргізгені де жазылып жүр. Сондықтан мәселенің мәніне тереңірек бойлап, тақырыпты түсіну үшін тарихшы, Батыс Қазақстан облысының әкімдігі мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Хан Ордасы тарихи-мәдени,       архитектуралық-этнографиялық музей-қорығының экскурсиялық және көпшілікпен жұмыс бөлімінің басшысы Гүлмира Қуанышқызымен сұхбаттасқан едік.

El.kz: Гүлмира Қуанышқызы, біз білетін Жәңгір хан қайшылыққа толы тұлға. Ал, бізге беймәлім Жәңгір қандай болған?

Тарихшы: Жәңгір ханды қазақтың алғашқы ағартушысы деп айтуға негіз бар

Гүлмира Қуанышқызы: Егер 1801 жылы Бөкей Нұралыұлы Еділ-Жайық аралығын қоныстанып атамекенді қазақтар иелігіне қайтармағанда, одан кейін 1823 жылы оның ұлы Жәңгір хан болып сайланбағанда егеменді Қазақстанның мұнай мен балықтың Отаны Атырау, Еділ мен Жайық өзендерінің алқабы, Нарын құмы сынды зор байлыққа ие аймақтар қазақ жері болып қалар ма еді?! Бөкей хандығы сол дәуірде Ресей империясының құрамында бола тұра  өзінің ішкі басқарушылық мәселелері мен шаруашылық құрылымындағы дербестігін сақтай алды. Бұндай жетістіктер Бөкейдің өнегесін алған Жәңгірдің көрегендігі мен димпломатиялық дарындылығының арқасында іске асты. Бөкей ордасының соңғы ханы Жәңгір қазақ халқының  көшпенділік дәуірден отырықшы өмір сүру кезеңіне өтуін қолдады. Оның нақты айғағы бүгінгі күні Хан Ордасында сақталған Хан сарайы. Халықты отырықшылыққа негіздеп  Жасқұс құмының іргесінен салдырған Хан Ставкасы Жәңгір ханның реформаторлығымен  саяси-әлеуметтік, мәдени-ағарту орталығы болған қалаға айналды.

Бөкей ордасының ханы Жәңгірдің арқасында Қазақстанда еуропалық үлгідегі алғашқы мектеп, алғашқы архив (мұрағат) пен алғашқы пошта қызметінің, сот ісінің, алғашқы мұражай, сауда дамып, ақша айналымының пайда болуына, қазақ даласында медицина дамып алғашқы дәріхана мен аурухананың ашылуына, мешіт салынуына, іс жүргізу дәстүрінің енгізілінуіне, шөл далада «жасыл оазис» қарағайлы қара орман пайда болуына бұрын-соңды болмаған мүмкіндік туды.  Жәңгір Бөкейұлы білімге, ағартушылық пен мәдениетке бой ұрмай халық мүддесін тиімді түрде қорғау алдағы уақытта мүмкін емес екендігін қазақ хандарының ішінде бірінші болып түсінді. Жәңгір ХІХ ғасырдың 30-шы жылдарының ортасында Хан Ордасында орталық мектеп ұйымдастыру мүмкіндігін ойластыра бастайды. Оның болжамы бойынша бұл мектеп балаларды ресейлік арнайы оқу орындарына түсу үшін дайындауға керек болатын. Бұл мектептің ашылуы 1841 жылы Хан Ордасында өтті. Мектепті ұстау үшін жұмсалатын шығындарды хан өз міндетіне алды. Өмірінің соңғы күніне дейін, яғни 1845 жылға дейін хан өз табыстарының арқасында мектепті ұстады, оқушылардан өзі емтихандарды алды. Ол іс жүзінде  мұғалімдер – К.П.Ольдекоп, С.Аминовтер  болған. Бұл мектеп сол дәуірде бүкіл қазақ даласындағы жалғыз мектеп болатын, яғни бүгін Жәңгірді қазақтың алғашқы ағартушысы деп айтуға толық негіз бар. Хан мектебі қазақ халқының белгілі бір деңгейде сауаттылыққа әуестігін, білім және мәдениетпен байланысын оятуға мүмкіндік берді.  Жәңгір ашқан мектеп қазақ даласындағы жалпы мәдениеттің дамуы қозғалысында айтарлықтай маңызды рөл атқарды. Бұған Жәңгірдің «Біздің балалар қоғамға ізгілікті түрде қызмет ету үшін білім ала отырып, барлық ғылымды біле алады деп жар саламын. Осының бәрі мені қатты қуантады, себебі білімге қолы жетуі – менің халқым үшін ең үлкен бақыт» – деп жазған пікірі дәлел.

Жәңгір ханның тұлғасы бір адамның ой-пікірімен тұжырымдалмайды. Жәңгір хан туралы, оның «Алдым жалын, артым өрт» деген сөзі тоқтам болмақ. Себебі, Жәңгір ханның тағдыры орыс патшасының колониялық саясаты мен көшпенді халқын өркениетке жеткізуге (қоғам дамуынан қалмауға) реформаторлық қызмет еткен ханды түсінбеген ру басшылары мен қарапайым халықтың трагедиясының ортасында өтті.

Ішкі Қазақ Ордасы (Бөкей ордасы) Жәңгір хан билеген 22 жылда отарлықтың ұшанындағы автономия аралындай күй кешсе де, мемлекеттіктің барлық нышандарын құра алған, астана көтерген, шекарасын белгілеген өркендеу кезеңі болды. Жәңгір хан – отаршы елдердің өзімен теңесуді көздеді.

El.kz: Жәңгір хан туралы жағымсыз пікір көбірек айтылады.  Бірақ оның қолында билік болғанда аурухана салдырып,  дәрігерлер ұстап, жәрмеңке ұйымдастырып ел әлеуетін жақсарту, мектеп ашып қазақ балаларының сауатын ашу жолындағы еңбегі неге айтылмайды?  

Гүлмира Қуанышқызы: Хан заманында Ішкі Қазақ Ордасы әкімшілік жағынан Орынбор әскери губернаторына, территориялық жағынан Астрахан губернаторына екі жақты бағынды. Осы кездегі атқарылған міндеттер мен жұмыстар жөніндегі іс-қағаздар осы екі өңірдің мұрағаттарында қалды. Одан Санкт-Петербург мемлекеттік мұрағатына беріліп, сақталды. Сондай-ақ, Бөкей Ордасы тарихына қатысты мәліметтер 1920-1925 жылдары Орынбор Қазақстанның бас қаласы болғандықтан осындағы мұрағат қорларында қалды. Хан заманы Кеңестік кезеңде керітартпа ұғымдарға және идеологияға сәйкес жоқтаушысы болмады. Сол себепті Жәңгір хан еңбегі айтылып, насихатталмады. Жәңгірдің игі істері Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін еліміздің тарихы тереңірек зерделеуге мұрсат алғаннан кейін жарияланып, таныстырылуда.

Екіншіден, кеңестік идеология таптық қарама-қайшылық тақырыбын 70 жылдан астам пайдаланды және қазақ халқының біртуар тұлғасын қанқұмар, пайдаланушысы, менменсінген, масайраған, ой-өрісі шектелген, зердесі таяз қарадүрсін есер адам етіп бейнелеген, және бұндай жалған суреттемені халықтың санасына әбден құйып тастаған.

El.kz: Жәңгір хан 1828 жылы өз үйінің бір бөлмесінен қазақ жеріндегі тұңғыш музей ашқаны, оған отбасылық құнды заттарды, ат әбзелдері мен жауынгерлік қару-жарақтарды жинастырды деген де деректер бар. Сонда оған дейін қазақ даласында мұражай болмады ма?

Гүлмира Қуанышқызы: Тұңғыш қару-жарақ музейін хан Жәңгір өзінің 1828 жылы салынған сарайында ұйымдастырған болатын. «Қару-жарақ бөлмесі» отбасы-династиялық қару-жарақ топтамасынан, сонымен қатар құнды құжаттардан тұрған болатын. Бөкей ордасының мәдени өмірінде ең беделді орынды «қару-жарақ» бөлмесі алды. Алайда бұл мұражайдың ресми түрде ашылғандығы туралы деректі қолға түсіре алмай отырмыз. Бірақ «Қару-жарақ бөлмесі» жөнінде деректер 19-ғасырда Бөкей ордасына келген батыс зерттеушілерінің естеліктерінде кездеседі. Бұл зерттеушілердің естеліктері Қазақстанда ашылған тұңғыш музей ісі, «қару-жарақ» палатасы туралы бірден-бір дерек болып отыр.

 1834 жылы Еділ бойын аралаған сапарында Хан сарайына келіп, ханмен кездескен, Дерпт университетінің профессоры Карл Гебель ханның үйін былайша суреттейді: «Біз шырағдан жағылған самаладай жарық үлкен залға келіп кірдік. Содан соң парсы кілемдері төселген және қабырғаларына ханның қару-жарақтары ілінген келесі бір бөлмеге өттік. Хан алтынмен, күміспен апталған, бағалы тастармен өрнектелген қаруларды көрсетті, черкес, түрік қылыштары мен қанжарларының мақтауын жеткізді. Қарулардың арасынан Александр патшаның әкесі  Бөкей ханға және өзіне сыйға тартқан екі қылышы көзге ерекше түсті.» Ал Жәңгірмен жақсы қарым-қатынас ұстаған орыс зерттеушісі А.Терещенко өзінің бір еңбегінде: «Жәңгір хан өте сирек кездесетін бұйымдарды жинауды ұнататын. Соның ішінде ол қару-жарақ түрлерін көп жинаушы еді. Оның қару-жарақтары арнайы бір бөлмеге орналасқан. Олардың ішінде азиялық үлгіде жасалған пистолеттер мен мылтықтарды, жергілікті шеберлердің қолынан шыққан алтын, күміспен әшекейленген қылыш, қалқан, айбалта, сауыт-саймандарды кездестіруге болады. Осы қарулардың арасындағы ең құндысы орыс патшасы Михаил Федоровичтің белгісіз бір ханға сыйға тартқан семсері мен патшайым Аннаның Әбілқайыр ханға сыйлаған алтын жалатқан қылышы еді» - дейді.

Ал, профессор Модест Киттары ханның қару-жарақ бөлмесі жөнінде төмендегідей мәлімет келтірген: «Бөлменің бір қабырғасын тұтас алып тұрған бағалы кілемнің үстіне симметриялық бағытта қылыш, мылтықтар ілінген. Терезелердің екі жанына ер-тұрман, жүген сынды ат-әбзелдері ілініпті. Сол жақ қабырғаға қызыл ағаштан жасалған екі биік шкаф қойылған. Шкафтардың ішінде азиялық үлгідегі торсауыт, семсер, дулығалар орналасыпты. Солардың ішінде тақия тәрізді, шетіне алтын жалатылған бір дулыға ерекше көзге түседі. Бөлменің қалған бөлігінде де қаз-қатар шкафтар қойылыпты. Ол шкафтардың ішінен қылыш, қанжар, семсер, мылтық, винтовка тәрізді сан алуан қарулардың түрін көруге болады. Олардың қай-қайсысы да өте бағалы, шебер қолмен жасалған екен. Солардың ішінен маған мың күміс теңге тұратын азиялық үлгідегі мылтық пен ұзын стволды аңшы мылтығы ұнады. Жалпы, бұл қару-жарақ коллекциясы ұзақ жыл жиналған еңбектің жемісі екені көрініп тұр» деген мәлімет келтірген. Демек, Қазақстандағы мұражайлық істің алғашқы қадамы да осыдан басталды деп айтуға болады.

El.kz: Жәңгір хан туралы жазған тарихшылардың жазбаларында оның ислам дінін берік ұстанғандығы айтылады. Шариғатқа қатысты істерге үкім шығару үшін сүйенетін арнайы жарлық шығарған делінеді. Бұл туралы не айтасыз?

Гүлмира Қуанышқызы: Ішкі Ордадағы мұсылман дінінің кеңінен тарауы  Жәңгір хандық құрған тұста ерекше байқалды. Отаршылдық орыстандыру саясатының алдын-алу үшін әрі халықты діннен ажыратпаудың амалымен Жәңгір ел ішінде мешіттердің салынуына, діни мектептер мен медреселердің көптеп ашылуына ықпал жасады. Арнайы діни мамандарды дайындау мақсатында ел ішінен Уфа, Қазан, Орынбор қалаларындағы діни оқу орындарына балаларды жіберіп отырған. Жалпы хан мұсылманша оқып білім алам деушілерге қолдау көрсеткен. Мешітке молдаларды арнайы бұйрығымен тағайындап отырған. Оларды ел ішінде «указной молдалар» деп атаған. Указной молдаларға мұсылман дінін насихаттау, мешіттер салдыру, балаларды сауаттандыру, дүниеге келгендерге жақсы есім қою, үйленгендердің некесін қию, талақ болғандарды ажырастыру, опат болғандардың жаназасын шығару, метрике кітаптарын жүргізу сияқты қызметтерді тапсырған. Жәңгір хан ел билеген тұста мешіттер көптеп салына бастады. Хан сарайының жанынан 1835 жылы мешіт салдырып, оған арнайы ахун тағайындайды. Ол Жәңгірдің өзіне, ал барлық молдалар осы ахунға тікелей бағынышты болды. Қолымыздағы тарихи деректерге сүйенсек, 1840-1845 жылдары Бөкей ордасында хан Жәңгірдің рұқсатымен 20 мешіт салынған.

Патша үкіметінің жүргізген миссионерлік саясаты Жәңгір хан үшін оңайға түскен жоқ. 1843 жылы патша үкіметі Ордаға шіркеу салуды жоспарлап, ол жөнінде Жәңгірге мәлімдеме жасайды. Бұл мәселе жөнінде Орынбор әскери губернаторы В.А.Обручев пен Мемлекеттік Мүлік министрі граф П.Д.Киселевке жазған хаттарының бірінде Жәңгір Ордада орыс тұрғындарының аздығын алға тартса, енді бірінде Ордасын сусыма құмның басуына байланысты Тарғын өзені бойына көшіргелі отырғанын желеу етеді. Бұл оның патша шенеуніктерінің жарлығына ашық қарсылық білдіре алмағанымен, Ордасына шіркеу салдырмаудың амалы еді. Халық наразылығының туып кетуінен тайсақтаған Орынбор губернаторы да осы шешіммен келіседі. Жәңгірдің айла-амалының арқасында уақытша болса да, отаршылдық саясаттың бір саласы тежелуге мәжбүр болады.

Ішкі Ордада заңдылықтың сақталуын ханның өзі тікелей қадағалады. Сот ісін дін ережелері мен халықтық әдет-ғұрып бойынша ауызша жүргізді.  Ел ішіндегі даулы мәселелерді шешетін шариғат ережелерін жүйеледі. 1835 жылы хан ұлттық және шариғат заңдары негізінде қысқаша заңдар жинағын құрастырады.

1845 жылы Қазан университетінің баспаханасынан  «Мюхтесерюль-вигкает немесе қысқаша вигкает, ханефидтер мектебі бойынша мұсылман заңдарының курсы» алғаш басылып шығады. Кітаптың алғашқы бетіне: «Аса құрметті хан, генерал-майор, бірнеше ордендердің кавалері және Императорлық Қазан университетінің Құрметті мүшесі Жаһангир Бөкеевке Мырза Александр Казем-Бек арнайды» – деп жазылған. Бұл кітаптың басылып шығуына хан Жәңгір үлкен еңбек сіңіреді.

El.kz: Жәңгір хан болып тұрған тұста қазақтар бірнеше қайтара бас көтерді. Ауыр алым-салықтан ығыры шыққан, мал жайылымдарынан, жерінен айырылып ашынған жұрт қолына қару алуға мәжбүр болды. Кіші жүздің үш бірдей көтерілісін Жәңгір хан неге патша үкіметінің қарулы күшімен басты? Ұстанған саясаты ел игілігіне бағытталса, онда неге халық қарсы шықты?

Гүлмира Қуанышқызы: Жәңгір хандықты басқаруға кіріскен кезде, қазақ далаларындағы саяси жағдайы тым шиеленісіп кеткені бәрімізге белгілі. Жәңгір хан елінің болашағы үшін жасалатын реформаларды жүзеге асыруда халықтан жиналатын алым-салық жүйесін күшейтуді қолға алды. Жер бөлген кезде де жердің жетіспеуіне байланысты, қолайсыз шаралар жасауға мәжбүр болды. Бұл халыққа ұнамады. Халықтың бұл шараларды қабылдауға, түсінуге сана-сезімінің, сенімінің жетіспеуі, болмауы салдарынан кедергілерді туындатты. Сөйтіп,  Жәңгір жүргізген саясаттың нәтижесі 1836-1837 жылдардағы әйгілі Исатай Тайманов және Махамбет Өтемісұлы бастаған халық толқуына әкелді. Көтеріліс алым-салықтың шектен тыс көбеюі салдары, жайылымдық жердің тапшылығы мен дұрыс бөлінбеуі және Ресей саясатына қарсы бағытталды. Жәңгір ресейлік әскер көмегімен  көтерлісті  басты. Бұл ханның қателігі емес еді.  Керсінше өзінің саналы өмірін халқының болашағына арнап, осы жолда өзінің бар білімі мен күш-жігерін жұмсаған хан бұл жағдайларға өмірінің соңына дейін қынжыла қарап, қиналған еді. Ханның «Алдым – жалын, артым – өрт» деген сөзі бұған дәлел.

El.kz:  «Хан емессің қасқырсың, қас албасты басқырсың. Достарың келіп табалап, дұшпаның сені басқа ұрсын!» деген өлеңді бәріміз Махамбеттің Жәңгір ханға айтқаны деп оқып жүрміз. Бірақ ел арасында «бұл Марқаса жыраудың Тұрсын ханға айтқаны» деген де сөз бар. Бұл қаншалықты рас?

Гүлмира Қуанышқызы: Хан емессің қасқырсын,

Қара албасты басқырсың,

Алтын тақта жатсаң да,

Ажалы жеткен пақырсың, -деген Марғасқа жыраудың Тұрсын ханға да айтылған өлең жолдары бар екені рас. Махамбет Өтемісұлы өз өлеңдерде өткен ғасырларда өмір сүрген жыраулардың жырларын негізге алды. Бірақ оның өлеңдері негізінен жазбаша сақталған жоқ, ауыздан-ауызға жетіп отырған. Шынында Махамбеттің «хан емессің – қасқырсыңның» шырмауынан шыға алмай жүргендер баршылық. Ақиық ақын бұл шумақтарды егер ханның өзіне арнаса, ол өлеңін «Әй, Жәңгір...; Ей, Жәңгір...» деп бастар еді. Себебі Исатайға арнаған өлең жолдарына назар аударсақ, «Исатай деген ағам бар....» демейме. Сондықтан да бұл өлеңнің Жәңгірге тікелей қатысы жоқ деуге толық негіз бар.

El.kz: Кейінгі деректерде Исатай Тайманұлының мақсаты Хан ордасын шабу емес, бітімге келу еді делінеді. Ал Жәңгір ханның батырмен мәмілеге келуіне не кедергі болды?

Гүлмира Қуанышқызы:  Бөкей хан мен Исатайдың әкесі Тайман арасынан қыл өтпес жолдас, дос болған. Жалтыр көлінің жағасында отырғанда шешесінің жылын берген Бөкей жиналғандар алдында басына қайғы үйіріліп, іс түскенде жанынан табылған барша ағайын, әсіресе Тайманға елден ерек рахметін жаудырып, онымен достығы ұрпақтан-ұрпаққа кететіндігі, балаларына даритынын айтып, сендіріпті. Оған қоса өзінің әлі де батысқа қарай, сонау Астраханның түбіне  қоныс  аударғысы келетінін, бұл ниетіне Тайманның да қарсы болмайтындығын, өйткені қалған ғұмырымызда ауылымыз аралас, қойымыз қоралас, жаз жайлауымыз бен қыс қыстауымыз қатар жатып, бір-біріміздің төбемізді көріп отырайық деп екі абыз ақсақал ағайын-туыс, балаларының көзінше ана ұстасып, нар ауыстырып, ант-су ішіпті.

Қазақ жерлерінің патша үкіметі тарапынан тартып алына бастауы, алым салықтардың өсуі, Қиғаш өзені жанындағы Исатай Тайманұлының қонысының тартып алынуы Жәңгір хан мен Исатай батыр арасындағы қарым-қатынастарды ушықтырды. Бірақ, Жәңгір хан Исатаймен өштесуді жөн санамаған сыңайлы. Көтеріліс қарсаңында Исатай мен Қарауылқожа арасында қақтығыстар орын алғаны белгілі. Себебі, Ресей империясы қазақ жерлерін біртіндеп өз қарамағына ала бастаған кезде хан Жәңгір Каспий теңізі жағалауын бір алып қалса, Қарауылқожа өз беделі мен батылдығымен қорғайды деген сеніммен береді. Алайда, Исатай Тайманұлы Қарауылқожа Бабажановтың өзіне берілген билікті асыра пайдаланып, парақорлықты, алым-салықты көбейтіп отырғанын, беріш руының Балқы Құдайбергеновтың басқаруына да қарсы екендігін, оларды биліктен ауыстыруын сұрап, олардың орнына рубасыларды халық арасынан сайлауды талап етеді. Алайда олардың бұл талап-тілектері орындалмай, наразылық күшейіп, көтеріліске ұласады. Жәңгір хан мен Исатай батырдың арасында қаншама келіспеушіліктер болғаныменен, хан Жәңгір әкелерінің бір-біріне берген анттарын құрметтеп, қос оққа ұшуына жол бермей, орыс әскеріне басу айтқан еді. Оны полковник Гекенің 1837 жылдың 5 қарашасында губернаторға жолдаған хабарламасындағы: «Хан Таймановқа тым қатал талап қойма, бас араздықты ағайындықпен реттерміз деп сұрап отыр. Әрі ханның тыныштығын ойлап, араша түсуі мені жіпсіз байлады», - деген жолдарынан да анық байқалады.

El.kz: Біз отарланған ел болғандықтан  тарихымыз да өзгенің қолымен бұрмаланып жазылғаны анық. Енді сол бұрмалауларды түзеу мүмкін бе?

Гүлмира Қуанышқызы: «Отар елдің тарихы жаулап алушылардың қолымен жазылды» демекші, мемлекетіміз тәуелсіздік алғанға дейін ата-бабаларымыздың тарихы бұрмаланып келген еді. Қазіргі таңда еліміз өз егемендігін алуымен тарихымыз түгенделіп, зерделенуде, жаңартылып жаңғыртылуда бірқатар алға қадам басып келеді. Бұрмаланып келген, ашық айтылмаған тақырыптар зерттеліп, жаңа көзқарастағы ғылыми еңбектер жарыққа шығуда. Архивтердегі жабық болып келген көптеген тарихи деректер ашылып, ғылыми айналымға қосылуда. Бүгінгі күні Жәңгір ханның тұлғалық бейнесі мен игі істері де тарих сахнасына қайтарылып, түгенделіп келеді. Заман ағымына сай әлеуметтік желі арқылы, ғаламтор арқылы тарихымызды, тарихи тұлғаларымызды кейінгі ұрпаққа танытып насихаттау арқылы бұрмаланған тарихымызды қайтаруға мүмкіндік бар.

El.kz: Уақыт бөліп, мазмұнды сұхбат бергеніңізге рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға