Жаңалықтар

Тарихы терең Түркістан

Түркістан маңындағы тарихи ескерткіштерге шолу
Тарихы терең Түркістан
14.11.2017 20:05 15273

«Түркістан – ер түріктің бесігі ғой». Шымкент пен Түркістанның арасы жеңіл көлікпен 1-1,5 сағаттық жол. Тарихқа тұнған мекен жайлы небір аңыз бен ғажайыптарды ойлап отырып, межелі жерге қалай лезде кіріп жеткенімізді де аңғармай қалыппыз. Бізді «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-мұражайының басшысы Нұрболат Ахметжановтан бастап музейдің өзге де қызметкерлері алып жүрді.

Әлқожа ата кесенесі

Жолбастаушылар бізді көне қаладағы қайта жанданған рухани орындарға алып барды. Әуелгі бағытымыз – Әлқожа ата кесенесі. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы қызметкерлері өз қорығына қарасты көне қалалар, қорымдар, әулие мазарлары, т.б. ескерткіштерді насихаттап, бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырып келеді. Қазіргі таңда мұражай тізімінде 207 тарихи-мәдени ескерткіш есепке алынған. Халықаралық маңызға ие 1 ескерткіш, республикалық маңызға ие 16, жергілікті маңызға ие 14 ескерткіш, 171 ескерткіш алдын ала есепке алу тізімінде тұр. Соның ішінде мемлекет қарауына алынған Әлқожа ата, Гауһар ана, Үкәша ата кесенесі мен құдығы секілді діни-рухани ескерткіштер де бар», – дейді қорық-мұражай жанынан ашылған «Ясауи мұрасы» республикалық газетінің бас редакторы Әбдікерім Манапов.

«Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-мұражайының археология және сәулет ескерткіштерін қорғау бөлімінің меңгерушісі Марат Тұяқбаевтың айтуынша, біз табан тіреген Әлқожа ата кесенесі ХІІ-XV ғасырлар шамасында салынған. Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен шығысқа қарай 2,5 км жерде Ә.Тұтқабаев көшесінің бойында орналасқан. Координаттары: 43°17.437ˊ, 068°17.134ˊ. Теңіз деңгейінен биіктігі 208 м. 1997-1999 жылдар аралығында өзінің сәулеттік ерекшеліктері толық сақталып, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Қабірхана, жамағатхана және бастырмадан тұратын ескерткіш күйген кірпіштен қаланған.  Қабірхана мен Жамағатхана бөлмелері күмбезделіп жабылып, төрт жағынан терезе ойықтары орнатылған. Бастырмасы айнала төрт қырланып кірпіштен өрілген. Халық аузындағы аңызға қарағанда, Әлқожа ата Қожа Ахмет Ясауидің күйеу баласы, яғни Гауһар ананың күйеуі болғандығы айтылады. Жалпы қорғау аймағы 3,0 гектар.    Ал Нұрболат Ахметжанов Гауһар анамыздың еріне арналып салынған Әлқожа ата кесенесіне абаттандыру жұмыстары жүргізілгенін тілге тиек етті.

Әлқожа ата қабірі

– Кесене алдындағы жер тегістеліп, бау-бақшасы ретке келтірілді. Кесенеге келуші туристерге арналған жолдарға тас төселіп, жарық шамдар мен арнайы орындықтар орнатылды. Электр желілері толығымен қайта жаңартылып, кесененің ішкі және сыртқы қабырғаларындағы кейбір орын алған олқылықтар қайта түзетілді, – дейді музей директоры.

Жолбастаушылардың айтуынша, кесене алдындағы Көк тас та қасиетті саналады екен. Ертеде адамдар тастағы ойықтан су ішкен адамға көкжөтел, тыныс жолдары аурулары жоламайды деп сенген. Әлі де осы тасқа барынша сеніп келіп жатқандардың қарасы көп.

– Бұл бірнеше жыл бұрын адам аяғы баспайтын, қараусыз жатқан жер еді. Алдағы уақытта үлкен мәдени туристік нысанға айналдырылмақ. Көпшілікке намаз оқу үшін қайта ашылып, қазір жергілікті тұрғындар үшін мешіттің де рөлін атқаруда, – дейді Әбдікерім Манапов.

Гаухар ана бейіті

Біздің келесі тоқтаған жеріміз – Түркістан қаласынан оңтүстікке қарай 4 шақырым жерде, Түркістан-Шәуілдір автокөлік жолынан солға қарай 400-500 метр қашықтықта орналасқан Гауһар ана бейіті болды.   

– Біздің жобамыз бойынша ХІІ-XIV ғасырда Ахмет Ясауи кесенесімен бірдей салынған болуы керек. Кезінде кесене жартылай құлап қалған. 1951-58 жылдары Өзбекстан архитектуралық құрылыс басқармасымен қайта жөндеу жұмыстары жасалып, «Әзірет Сұлтан» кесенесінде үлкен жұмыстар жүргізілді. Білесіздер, соғыстан кейінгі қиын кезеңде кірпіш дайындаудың еш мүмкіндігі болмады. Бұдан басқа тағы 3-4 құрылысты бұзып, кірпіштерін «Әзірет Сұлтанды» қайта жөндеуге пайдаланған. Бұл өз кезегінде сол кезде қабылданған ең дұрыс шешім болды деп есептелінген. Оның алдында Болатов деген өзбек сәулетшісі Гауһар ана бейітінің эскиздік жобасын сызып, жарма көріністерін көрсетіп кеткен. Аңыз сарынына, шежіре деректеріне сүйенсек, Қожа Ахмет Ясауидің қызы Гаухар ананың бейітінің басына өз заманында күйген кірпіштен кішігірім кесене тұрғызылыпты. Алайда ХХ ғасырдың басындағы салқын саясаттың салдарынан кесене бұзылып, кірпіші тоналған екен. Бұл олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайы 2014-2015 жылы Гаухар ана басына қайта кесене орнатты, – дейді бөлім меңгерушісі Марат Тұяқбаев.

Гаухар ана құдығы

Марат Тұяқбаевтың тұжырымдауынша, кесененің координаттары 43°15.762ˊ, 068°17.159ˊ. Теңіз деңгейінен биіктігі 174 метр. Бейіт кейінгі үлгідегі шатыры жоқ, төрт құлақты дуалдан қаланған, жанынан зияратшыларға арналған үш бөлмелі құрылыс тұрғызылған. 1989 жылдан «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы қарамағына енгізіліп, қорғауға алынған. 2011 жылдың мамыр айында аталған мұражайдың Археология бөлімінің қызметкерлері қазба жұмыстарын жүргізіп, бірқатар мәліметтер жинақталды. Гауһар ананың қашан қайтыс болғаны жөнінде мәлімет жоқ. Дегенмен Ахмет Ясауидің 1101-1103 жылдары туылғанын, 20 жасында үйленгенін есепке алсақ, Гауһар ана шамамен 1122-1124 жылдары туылған болып шығады. 1167 жылы Гауһар ана 43 жаста еді, бұған тағы 20-30 жылды қоссақ, шамамен 1187-97  жылдары дүниеден озған деп жорамалдауға болады.

«Әзірет Сұлтан» кесенесінде ұзақ жылдар бас сақтаушы, кейіннен мұражай директоры болған О.Дастанов ақсақалдың ел аузынан естіген аңызы бойынша Гауһар ана қайтыс боларында «Мені інім Ибрахим шайхтың қаны төгілген жерге қойыңдар», – деп өсиет етіпті. Аңызға сенсек, Ибрахимді Сүйір деген халық өздері қазған арықтан рұқсатсыз су алғаны үшін кетпенмен шауып өлтірген, яғни бұл Сүйір арығының жағасы болуы керек. Гаухар ананың сағанасы жөнінде О.Дастанов ақсақал ауызша берген дерегінде: «Біздің үйіміз Гаухар анаға жақын маңда болатын. Менің 5-6 жасар кезімде шешем жетектеп ертіп барып Гаухар анаға құран оқып, зиярат ететіні жақсы есімде қалыпты. Гаухар ананың басында күйген кірпіштен қаланған кесенесі бар болатын, келбеті қазіргі Рабия Сұлтан Бегім кесенесіне ұқсас, бірақ кішігірім ғана еді. Күмбезі де көгілдір қышпен қапталған, бірақ жартысы құлап қалған, кесененің өзі төрт бұрышты болып келген өте ескі еді», – деп келтіреді. Қазіргі таңда Гаухар ана сағанасы мен зиярат үйінің көлемі 15×12м, биіктігі 1-1,20 см топырақ тұғырдың үстіне орналасқан. Төртқұлақ сағананың сыртын айналдыра ені 0,7 м бетон жол құйылған. Құлпытастың ұзындығы 3,5 м, ені 1,5 м, биіктігі 1,6 м, күйген кірпіштен қаланып, сырты сыбалып, әктелген. Кесене өлшемдері биіктігі – 9метр, төрт жағының өлшемдері – 6 метр, порталды, бір жаппалы құрылыс. Жалпы қорғау аймағы 8 гектар.

Келбетіне көркі сай кесене аумағындағы негізгі жұмыстар 2016 жылдан бастап қолға алынған. Бұл туралы кесене шырақшысы Нұрғали Алдабергенов кеңінен тоқталды.

– Жантақ, шеңгел басқан аумақ гүлзарлармен абаттандырылып, жүйелі түрде ағаш көшеттері отырғызылды. Ескерту, белгі тақтайшалары қайта жаңартылып, Гаухар ана кесенесі туралы 3 тілде жазылған ақпараттық тақтайша орнатылды. Кесене алдындағы автотұрақ аумағы тегістеліп, айналасы темір шарбақпен қоршалып, тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Алыс-жақыннан ағылатын туристердің ақ-қарасы көп болатын болғандықтан заманауи талапқа сай дәретхана салынды, – дейді ақсақал.

Осы орайда сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақал өзінің де өмірінде орын алған ғажайып бір оқиғаны баян етті. Шырақшының айтуынша, бұрнағы жылдары бауыры қатты ауырып, дәрігерлер оның екі-ақ күндік өмірінің қалғандығын айтып, шығарып салған. Содан қария «не болса да, осы жерде өлейін» деп Гаухар ана кесенесінде түнеп, құдығынан су ішіп, Жаратқанға жалбарынып, дертіне шипа сұрапты. Тәңірден тілеген тілек құр қайтарылмай, «екі күндік өмірі қалды» деген қария ауруынан құлан-таза айығыпты. Ол бұл құдықтың суын асқазан-ішек жолдары, бауыр ауруларына пайдаланып, жұрт емдік қасиеті үшін арнайы келетіндігін айтады.

Сан сырлы Сауран

Біздің тағы бір аялдаған жеріміз тарихы XIII-XIV-XVIII ғасырларды қамтитын Сауран қаласы. Түркістан қаласынан солтүстік-батысқа қарай 45 шақырым жерде орналасқан. Сауран – Түркістан өлкесінің орта ғасырдағы аса гүлденген қалаларының бірі еді. Тарихы қатпар-қатпар көне қала хақында археолог Марат Тұяқбаев әріден сыр шертті.

– Кейінгі ортағасырлық Сауран көне Қаратөбе-Сауран қаласының өмірін жалғастырған қала. Координаттары: 43°31.106ˊ, 0,67°46.337ˊ. Теңіз деңгейінен биіктігі 207 метр. Сауран туралы алғашқы жазба деректер Х ғасырда әл-Истахридің «Книга путей стран», одан кейін 976 жылы жазылған араб географы ибн Хаукалдың шығармаларында кездеседі. ХІІІ ғасыр ортасында Гетум патшаның бағыттауыш сызбасында да аталынған. Бірақ, бұл мәліметтің барлығы Сауран қалашығынан оңтүстік-шығысқа қарай 3,5 км жерде орналасқан Қаратөбе-Сауран қаласына қатысты, ол IV-Vғғ. мен XIV ғ. Басында өмір сүрген ертеортағасырлық Сауран қаласы болған. Дәл осы тұста қала жаңа қонысқа көше бастайды. Жаңа қала солтүстіктен оңтүстікке қарай 850 метр, шығыстан батысқа қарай 660 метр созылып жатқан қорған қамалмен қоршалған, – деді тарихшы.

Тарихи деректерге сүйенсек, бұл қорған қамалға солтүстік және шығыс беттегі екі қақпа арқылы енуге болады. Бұл Сауран қаласы көршілес орналасқан ерте және дамыған ортағасырлық Қаратөбе-Сауран қаласының өмірін әрі қарай жалғастырушы мекен. Қаланың қақпалары мен бұрыштарына 7 қорғаныс мұнарасы тұрғызылған, қорған қамалының ұзындығы – 2360 метр. Биіктігі 3-6 метр қамал кесектен және пахсадан тұрғызылған. Ең биік мұнарасы солтүстік бұрышында, биіктігі – 6 метр. Керамикасы ұқсастық жағынан Түркістан, Отырар керамикаларымен сәйкес келеді.

Марат Тұяқбаевтың айтуынша, қаланың 10 гектардай жері күйген кірпіштен салынған. «Мәдени мұра» бағдарламасының арқасында Сауран қаласы толықтай зерттелген. Адамдар өтетін уақытша көпір салынған. Аршылған, қайта қалпына келтірілген жерлер 4-5 гектардай ғана. Қалғаны келешектің еншісінде. Зерттеу жұмыстары 2005 жылы басталып, әлі де жалғасын табуда.

– Қазба жұмыстары кезінде ХІІІ-XIV ғасырдың заттарын таптық. 1384 жылы Самарқанда соғылған тиындар шықты. Тоқтамыс ханның Сауранды қоршаған кезде тасатқыш («маджаник») деген құралы шықты. Қазірде оны Түркістан тарихи музейінен тамашалауға болады. XVІ ғасырда Сауранды қоршаған Бұқара ханы Абдолланың да атқан тастары шықты. Оның түрі бөлек. Одан бөлек адамдардың сүйегі шықты, – дейді ол.

Тарихшылар бүгінде Қазақстан бойынша қайта жөндеу жұмыстары жүргізілетін ескерткіштердің барлығына осы Сауранның топырағы алынатынын айтады. Өйткені кірпіші өте берік. Саураннан 20 шақырым жерде Үлкен Күрте деген жерде жерасты пештері, ал Сауран мен Қаратөбенің арасында кірпішке топырақ алатын карьер бар. Сауран қаласының бір ерекшелігі негізгі көшелерінің астына тас төселген. Магистральды көшесі Орталық алаңға дейін барады. Ұзындығы – 170 метр. Бірақ тастары жартысына дейін ғана сақталған. Қалғандарын Кеңес дәуірінде кірпіш пен кесек қажет болған адамдар тасып-ақ тауысқан. Сөйтіп толықтай сақталмаған.

Сауран қаласындағы кәріз

«Сосын Сауран қаласының тағы бір айрықша тұсы, бұл жердегі кәріз жүйесінің тарихы 3 мың жылдан асып кетеді. Бұл қалаға келіп қосылатын 150 кәріз болған, – дейді Марат Тұяқбаев. – Біздің жерімізге сақ дәуірінде жеткен деп болжанады. Зерттеуіміз бойынша мұнда соғдылардың қаласы көп табылды. Б.з.д. VI-ғасырдан б.з.V-ғасырына дейінгі уақытты қамтиды».

Біз тарихшылармен қарт тарихтың қойнауына сүңгіп кеткен кезде сөзімізді қаланы тамашалауға келген орта жастағы аға бөлді. Байқауымызша, ол да көне қаланың өткен тарихына қызығатын сыңайлы. Аты-жөні – Әсілхан Жұматұлы. Әсілхан ағаны да сөзге тарттық.

– Бабаларымыздың қаны тамған өте қасиетті жер Шымкент қаласынан арнайы келдім. Қазба жұмыстарынан өте керемет әсер алып тұрмын. Мына жерде медресе-мешіт болған дейді. Жолымыз түссе ата-баба әруағына тағзым ете кетуді парыз санаймын. Бұрын 10-15 жыл бұрын мынандай қазба жұмыстары жоқ еді. Аршылған қабырғалар, қаланған кірпіштер бұл жердің тегін еместігін айғақтап тұрғандай, – деп ағынан жарылды Әсілхан аға.

Саурандағы археологтар

Иә, қазіргі кезде Сауран қаласының құлаған қабырғалары мен мұнаралары қалған. Қорған ішінде уатылған кірпіштер мен сынған шыны, түрлі-түсті әшекейлі қыш ыдыстардың үгінділері жатыр. Біз де сыры терең Сауранмен қимай-қимай қоштасып, сапарымыздың соңғы әрі маңызды нүктесі Үкаша ата кесенесіне жол тарттық.

Үкаша ата мазары мен құдығы

«Түркістан өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштер» кітабында Үкаша ата туралы «халық арасында аңыз-әфсаналарда хазреті Мұхаммед с.ғ.у. пайғамбардың сахабасы, мұсылмандардың әскери қолбасшысы ретінде кеңінен тараған» деп жазылған. Аңыз бойынша Үкаша ата шапса қылыш өтпейтін, атса оқ өтпейтін қасиет дарыған алып денелі, батыр болған. Сол аңыздың желісін «Ясауи мұрасы» газетінің бас редакторы Әбдікерім Манапов былай жалғады:

– Пайғамбарымыздың (с.ғ.у.) арқасындағы Алланың мөрін көрген жалғыз адам осы кісі. Сол мөрді көру үшін бабамыз бір қулық жасайды. Пайғамбар соңғы құптанын оқып болып: «Мен енді бұдан кейін намазымды оқи аламын ба, алмаймын ба, бір Аллаға мәлім,– деп ізбасарларының бірін имамдыққа дайындалуға шақырып, арнайы ескертеді. – Менде біреудің алашағы бар ма, о дүниеге қарыздар боп бармайын», – дейді.

Үкаша ата мазары

Сахабаларының барлығы: – Адам баласына берілер бүткіл игі қасиеттің бәрін біз сізден үйрендік, сізде ешқандай алашағымыз жоқ, – деп жатқан кезде, Үкаша сахаба: «Менің алашағым бар!» деп қолын көтереді. – Алашағың болса, айта ғой! – дейді пайғамбар. – Сіз баяғыда соғыс барысында ма екен, есімде жоқ, менің арқамнан шыбықпен осып жібергенсіз, соны қайтарып алуым керек, – дейді. Қалған сахабалар Үкашаның бұл қылығына үзілді-кесілді қарсылық танытады. Тек пайғамбарымыз: «Ешқандай қарсылығым жоқ. Үкашаның айтқаны  – уәж. Олай болса, кел, ұра ғой!» – дейді. – Жоқ, сіз менің жалаңаш тәніме ұрғансыз. Мен де солай етуім керек! – дейді. Пайғамбарымыз өзінің арқасында Алланың мөрі бар екенін біледі. Сол мөрді кез келген адамға бейсауыт көрсете беруден хазреті пайғамбар болса да тыйылған адам. Оңашаланып, арқасын тосып тұрған кезде Үкаша ата келіп, сипалап мөрін сүйеді. – Тақсыр, кешіріңіз, менің осы кішкентай қулыққа барғаным, арқаңыздағы Алланың мөрін көргім келіп еді, жаздым, жаңылдым. Кінәлі адам болса, мен – кінәлімін, – дегеннен кейін пайғамбарымыз Үкаша атаға игі тілегін жаудырады. Бұның бір кереметі, Алланың мөрін көрген жалғыз өзі болғандықтан Үкаша атаға ешқандай зауал қауқарсыз болады.

Пайғамбар сахабасы Али р.ғ. Мұхаммед ғ.с.-нің алдында жүретін қорғаушысы болса, Үкаша ата оның арқа тұсында жүретін оққағары болған. Мұхаммед ғ.с. өмірден өтер сәтінде: «Кімде-кім Үкашаның жүзіне қараса, сол адамға тозақ оты харам болды» дегенді айтады.

Үкаша ата мазарына зиярат етушілер легі толастаған емес

Заманындағы дін жаулары Үкаша атаны өлтірмекке бекінеді, бірақ осал тұсын таппай дал болады. Соңында жұбайын алдап-арбап, Үкашаның қылыш шаппас денесі намаз үстінде ғана қорғасындай еріп, босайтынын біледі. Дін жаулары Үкашаның басын намаз оқып тұрған жерінде шауып түсіреді. Бас сүйегін қорламақ болғанда, жерге түскен бас домалай кетіп, қырдан асып барып жер астына түсіп кетеді де, ол жер құдыққа айналады. Халық арасында бұл құдық суы жер асты арқылы Меккедегі Зәм-зәм бұлағымен байланысады деген түсінік бар. Үкаша ата құдығының басында киіз үй тәріздес кішігірім құрылыс тұрғызылған, оның диаметрі 4,5 метр, биіктігі 3,5 метр. Ал құдықтың тереңдігі 22-25 метрді құрайды.

Үкаша ата құдығы

«Осы құдықтың басында барша мұсылман жамағаты Алладан тілек тілеп, күнәларынан арылуға зияратқа ағылып келіп жатады. Қазіргі кезде Үкаша ата мазарына көптеген зияратшылар келеді. Бізге келіп жеткен аңыз құдықпен байланысты. Құдықтан су біреуге шығады, біреуге шықпайды. Халық шелек салғанда су шығатын болса, ол адамның зияраты, тілегі қабыл болды деп түсінеді. Алайда судың шығу-шықпауы тілек, ниетке тікелей байланысты болғанымен, құдықтың салыну құрылысын да ескерген жөн. Құрылысы қым-қиғаш болғандықтан, шелекке су бірде шығады, қисық түскенде шықпай қалуы мүмкін. Бұл сөзімізге салынған шелектердің бір реттен-ақ майысып, быт-шыты шығып кететіні дәлел бола алады», – дейді «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-мұражайының директоры Нұрболат Ахметжанов.

Үкаша ата құдығындағы майысқан шелек

Үкаша ата мазары мен құдығы IX-X ғасырларда салынған. Тарихшы Марат Тұяқбаев кесененің археологиялық сипаттамасына былай тоқталды: 

– Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 35 шақырым, Бабайқорған ауылдық округінің солтүстігінде, Қаратаудың етегінде орналасқан. Координаттары: 43°36.917ˊ, 068°15.712ˊ. Теңіз деңгейінен биіктігі 451 метр. Алғашқыда тек қабір орны ғана болған, 1989-1990 жылдары қазіргі мазарды жергілікті халық тұрғызған. Мазар екі бөлмеден тұрады, кіреберісі кішігірім, екінші бөлмесі ұзынша келген. Ішкі жағынан ұзындығы 22,2 метр, биіктігі 4 метр, ені 4,6 метр. Жеті кішігірім ойық терезелері бар, – дейді.

Тарихи деректерде Үкашаның басын қылыш кескен кезде 23 метрдей жерге қаны шашырайды деп айтылады. Мүбәрак әулиенің қасиетті қаны аяқ асты болмасын деген оймен денесімен қоса қаны шашыраған жері көміліп, қабірге айналдырылған. Қазіргі таңда бүкіл түркі жұрты мінәжат қылып, тәуәп жасайтын зиярат орнына айналған. «Әзірет сұлтан» қорық-мұражайының құрамына діни-рухани ескерткіш ретінде тізімге алынған. Жалпы қорғау аймағы 90 гектар.

Кесене шырақшысы Шәмшиддин Закиров бүкіл исі мұсылман қауымының мінәжат етіп, Алладан тілек тілеп, зиярат жасайтын киелі орындардың бірі болғандықтан, мұнда да біраз жұмыстардың жүргізілгенін айтып қалды.

– Атап айтқанда, кесенеге барар жолдың жиектеріне түгелдей жарық шамдар орнатылды. Келген қонақтар мен зияратшыларға арналып арнайы бастырмалар жасалынды. Күнделікті тазалық жұмыстары жолға қойылып, кесене аумағына арнайы қоқыс жәшіктері орнатылды. Үкаша ата мешітіне де арнайы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Құдыққа барар жолға әсем көпір орнатылды. Осылайша діни-рухани орындарды музейлендіру бағыттары қорық-мұражай тарапынан қолға алынды, – деді шырақшы.

Түйін

Аталған қорық-мұражайдың директоры Нұрболат Ахметжанов алдағы уақытта Үкаша ата мазары мен құдығының арасына сапалы жол құрылысын бастауды ниет етіп отырғандықтарын да жеткізді. Сөз соңында Нұрболат Қадырұлы киелі жерлерге сапарымызды былай қорытындылады.

– Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында киелі жерлерді насихаттау, дамыту тапсырылған болатын. Қазақ жері ондай қасиетті, киелі мекенге, ескерткішке өте бай. Мәселен, Орталық Қазақстанда Ұлытауымыз бар болса, Солтүстікте Ботайымыз, Батыста Сарайшық қаласы, Оңтүстікте Түркістан өлкесі. Міне, осы киелі жерлер картасы мен тізімі дайындалды. Соның ішінде біздің өңірімізден 25 тарихи ескерткіш еніп отыр. Соның бірсыпырасы осы Түркістан қаласының аумағында орналасқан. Ең бірінші орында Қожа Ахмет Яссауи кесенесі тұр. Бұл ЮНЕСКО-ға енген халықаралық ескерткіштердің бірі. Тағы да ауыз толтырып мақтана айтатын ескерткіштер Сауран қаласы, Үкаша ата кесенесі, т.б. Бұл киелі жерлерге зиярат етушілер көп. Бұл ескерткіштерді насихаттаудағы басты мақсатымыз – тарихи құндылықтарымызды сақтап қалу, ұрпақ кәдесіне жарату, туризмді дамыту. Осы бағытта «Әзірет сұлтан» қорық-мұражайы жұмысты жан-жақты жандандыруда. Соның бір көрінісі келушілердің саны жыл санап артып келеді. Мысалы ЭКСПО-ға келген көптеген қонақтар біздің осы кесенелерімізді тамашалады. Бұл тұрғыдағы жұмыс одан әрі жалғасын табатын болады, – деді.

Биылғы жылы киелі, діни жерлерді насихаттаудың бір шарасы ретінде «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» болып жарияланғанын айта кетуіміз керек. Оның ашылуы 21 наурызда өткен еді. Бұл салтанатты рәсімге 20 мемлекетке 10 мыңнан аса адам келген болатын. Әлбетте олардың барлығы біздің тарихи жерлерімізді тамашалағанын аса мақтанышпен айта аламыз.

Фотоны түсірген: Әйгерім Бегімбет

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға