Жаңалықтар

Тәрбиеші: Бүгінгі бала – ертеңгі елдің болашағы

Тәрбиеші: Бүгінгі бала – ертеңгі елдің болашағы
Фото: «Қарлығаш» балабақшасы 04.10.2024 16:15 771

Бүгінде қоғамымыздың болашағы, яғни балалардың тәрбиесі мен білім алу мәселесі өзекті тақырыптардың бірі болып саналады. Олардың алғашқы қадамы балабақшада, яғни тәрбиенің бастауында жасалады. Балабақша – баланың әлеммен танысуы, өз эмоциялары мен сезімдерін түсінуі, қарым-қатынас орнатуы және ең бастысы, қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қалыптасуында маңызды рөл атқарады. Балабақшадағы балалармен жұмыс істеп, олардың психологиялық және эмоционалдық жағдайына жауап маман ол әрине, тәрбиеші. Осы ретте бүгінгі сұхбатымызда бұл салада 33 жылдан астам уақыт еңбек етіп жүрген, өз ісіне шынайы берілген тәрбиеші Алма Тәуекеловамен әңгімелестік. 

Балаға деген махаббат – мамандыққа адалдықтың негізі

Алма Тәуекелова 1984 жылы Қостанай облысындағы «Аленка» балабақшасынан мансап жолын бастады. Бала тәрбиелеуге деген махаббаты мен ықыласы оны осы мамандыққа әкелді.

Тәрбиеші: Бүгінгі бала – ертеңгі елдің болашағы

Сурет: «Қарлығаш» балабақшасы

Мен үшін тәрбиеші болу – жай ғана мамандық емес, бұл менің өмірімнің бір бөлшегі. Маған балалармен жұмыс істеген өте қатты ұнайды. Бүлдіршіндерді өз баламдай жақсы көремін, – дейді ол.

Алма Айдарбекқызының сөзінше, әрбір баланың дамуына ықпал ету, олардың жаны мен жүрегіне жетіп, жаңа өмірге дайындау тәрбиешінің басты міндеті болып табылады. Тәрбиеші – балалардың алғашқы ұстазы, олардың тұлғалық қалыптасуына үлкен үлес қосушы.

Алма Тәуекелова бүгінгі таңда «Қарлығаш» балабақшасында қызмет етеді. Бұл мекемедегі балалардың өміріне тікелей әсер етіп, олардың бойында адамгершілік, білімге құштарлық сынды қасиеттерді қалыптастырды.

Тәрбиеші: Бүгінгі бала – ертеңгі елдің болашағы

Сурет: «Қарлығаш» балабақшасы

«Қарлығаш» балабақшасы ашылғалы бері 10 топты мектепке шығарып салдым. Биыл балабақшаға 15 жыл толып отыр. Ол көз алдымда көркейіп, жылдан жылға дамып келеді. Өмірімнің барлық қызықты сәттерін осы жерде өткізіп жатырмын. Бүгінде мен «Бәйтерек» деген топтың тәрбиешісі болып қызмет етемін. Ондағы 24 балаға, яғни 14 ұл мен 10 қызға баскөз боламын, – деді ол.

Балабақшадағы бір күн

Тәрбиеші болу – жай ғана кәсіби міндеттерді орындау емес, бұл – балалардың өміріндегі маңызды тұлға болу, олардың рухани дамуына үлес қосу. Алма Айдарбекқызының тәрбиеші ретіндегі қолданатын әдістері мен педагогикалық тәжірибесі балалардың дамуына оң ықпал етеді. Ол жаңашылдыққа, шығармашылыққа ұмтылып, әрбір баланың өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып жұмыс істейді. Балалардың шығармашылығын дамытып, олардың жаңа дүниелерге деген қызығушылығын арттыруға көмектеседі.

Тәрбиеші күнделікті жұмысын әрқалай өткізеді. Алма Тәуекелова балабақшадағы өтетін әрбір күнді әрдайым балалардың қызығушылығы мен талаптарына сай жоспарлайды.

Тәрбиеші: Бүгінгі бала – ертеңгі елдің болашағы

Сурет: «Қарлығаш» балабақшасы

Күн режимі бүлдіршіндердің тынығуынан, таза ауада ойнауынан, белсенді іс-әрекет жасауынан тұрады. Барынша бір күнді пайдалы, сапалы өткізуіне көңіл бөлеміз. Ең бастысы, оларды топтың тәртібіне бейімдеп, қауіпсіздік ережесін түсіндіреміз. Тәрбиеші ретінде көмекшіммен бірлесе отырып жұмыс істейміз, – деді ол.

Осылайша Алма Айдарбекқызы балалардың бір күнін пайдалы және мәнді өткізуіне ерекше көңіл бөледі.

Біз әр балаға жеке қарауға тырысамыз. Олардың қабілеттері мен қызығушылықтарын анықтап, дамуына бағытталған түрлі іс-шаралар өткіземіз, – дейді тәрбиеші.

Тәрбиеші балалардың көңілін қалай табады?

Алма Тәуекелова балалардың дамуы үшін заманауи әдіс-тәсілдерді кеңінен қолданады. Ол шетел тәжірибесінен алынған интерактивті ойын технологияларын пайдаланып, балалардың ойлау қабілетін дамытуға көп көңіл бөледі.

Тәрбиеші: Бүгінгі бала – ертеңгі елдің болашағы

Сурет: «Қарлығаш» балабақшасы

Әр тәрбиешінің балаларға қолданатын әдіс-тәсілі болады. Менікі – балаға жаңа дүниені үйретіп, оның әрбір күнін қызықты өткізу. Ойын – бұл бала үшін білім мен дағдыны меңгерудің ең тиімді құралы. Бала ойнай отырып, дамиды, – деп атап өтті тәрбиеші.

Сонымен қатар Алма Айдарбекқызы бүлдіршіндерге интерактивті тапсырмалар ұнайтынын айтады.

Интерактивті тапсырмалар балалардың қызығушылығын арттырады. Олар ойнау арқылы жаңа білім мен дағдыларды меңгеріп, өздерін шығармашылық тұрғыдан көрсетуге мүмкіндік алады, – деді кейіпкеріміз.

Алма Айдарбекқызы әр баланың жеке және топтық жұмыстарда өзін көрсете білуіне, идеялары мен пікірлерін ашық жеткізуіне жағдай жасайды. Ол балалармен қарым-қатынас жасауда заманауи шетелдің тәжірибесінен алынған неше түрлі әдіс-тәсілдерді пайдаланады. Бұл әдіс-тәсілдердің ішінде ойын технологиясы өте ұтымды.

Балалардың ата-анасымен қарым-қатынасы

Тәрбиешінің рөлі – балабақшада балалармен жұмыс істеумен шектелмейді. Олар ата-аналармен де тығыз байланыс орнатуы керек. Кейіпкеріміз балалардың ата-аналарына да кеңес беріп, балаларының тәрбиесіне белсенді атсалысуға шақырады.

Ата-аналармен бірлесе отырып, баланың дамуына ықпал етуіміз керек. Себебі бала – тек балабақшада ғана емес, үйде де тәрбие алады, – деп атап өтті ол.

Алма Тәуекелова тәрбиешілер мен ата-аналар арасындағы байланыстың маңыздылығын ерекше атап өтеді.

Тәрбиеші мен ата-ана арасындағы байланыс – баланың дамуы мен тәрбиесінің негізі. Ата-аналар баланың қажеттіліктерін, оның мінез-құлқын және даму ерекшеліктерін білуі тиіс. Тәрбиешілер мен ата-аналар баланың психоэмоционалды жағдайына назар аударып, оның бойында қажетті қасиеттерді дамытуға мүмкіндік туғызады, – деді кейіпкер.

Жастардың тәрбиеші мамандығына қызығушылығы

Алма Тәуекелова жастардың тәрбиеші мамандығын таңдауына қатысты өз ойымен бөлісті. Оның сөзінше, қазіргі таңда бұл мамандыққа жастардың қызығушылығы төмен. Себебі тәрбиеші болу үлкен жауапкершілікті, тынымсыз еңбекті және көп уақытты талап етеді. Көптеген жастар жеңіл әрі табысты қызмет түрлерін іздестіріп, тәрбиеші мамандығынан бас тартады.

Бүгінде тәрбиеші болғысы келетін адам санаулы. Көбіне олар басқа заманауи мамандықтарды таңдайды. Оның үстіне жастар жұмыстың жауапкершілігіне, айлықтың көлеміне қарайды. Біздің балабақшада жұмыс таңғы 07:00-де басталып, кешкі 19:30-да аяқталады. Осылайша, тәрбиешілер үйлеріне тек сағат 21:00 шамасында жетеді. Бұндай жұмыс режиміне кез келген адам келісе бермейді. Жастар онлайн, жеңіл әрі табысты қызмет түрлерін қарастырады, – деп түсіндіреді Алма Айдарбекқызы.

Алма Тәуекелова тәрбиеші мамандығы қоғам үшін маңызды әрі балаларды тәрбиелеу – болашаққа жасалған инвестиция екенін атап өтті. Ол бұл мамандыққа деген сүйіспеншілікті арттыру үшін мектептер мен колледждерде тәрбиеші мамандығы насихатталуы керек деп есептейді. Жастарға кәсіптің жауапкершілігін, қызықты да маңызды екенін, балалармен жұмыс істегенде қандай да бір нәтижеге жету мүмкіндігін түсіндіру қажет.

Ұлттық құндылықтар: болашаққа бағыт

Тәрбиешінің айтуынша, балабақшада ұлттық тәрбиенің алар орны ерекше. Ол балалардың бойына қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сіңіру міндетті деп есептейді.

Ұлттық педагогиканы қолға алып, жақсы әдістемелік нұсқаулықтар шығару керек. Егер бала өзінің жеті атасын біліп, ұлттық құндылықтармен сусындаса, оның болашағы жарқын болады, – дейді Алма Айдарбекқызы.

Кейіпкеріміз балаларға ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсіндіріп, оларды қоғамның саналы мүшесі ретінде қалыптастырудың маңыздылығын ерекше атап өтеді.

Тәрбиеші: Бүгінгі бала – ертеңгі елдің болашағы

Сурет: «Қарлығаш» балабақшасы

Бүгінгі кішкентай бала – ертеңгі елдің болашағы. Біз олардың жүрегінде ұлттық рухты оятып, ұлттық мұраны қадірлеуді үйретуіміз керек, – деп атап өтті ол.

Ұлттық тәрбие – бұл балалардың рухани байлығын арттырып, ұлттық санасын дамытуға көмектеседі.

Балабақшадағы жылылық, жайлылық және мейірім – бүлдіршіндердің келешегіне бағытталған маңызды қадам. Балабақша – бақытты балалық шақтың бастауы, ал тәрбиеші – осы бақшаның гүлденуінің бірден бір себепшісі. Балалар – біздің болашағымыз, сондықтан олардың тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау – әрбір тәрбиешінің міндеті. Тәрбиеші мамандығы – бұл жауапкершілік, еңбекқорлық және адалдықты талап ететіні анық. Тәрбиешілер балалардың жүрегінде жарқын сәуле болып, оларды жақсы азамат болуына тәрбиеледі. Сондай-ақ қоғамның негізі бола отырып, еліміздің жарқын болашағына үлес қосады. Сол себепті де олардың қоғамға сіңіріп жатқан орасан зор еңбегі қашанда бағалануы керек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға