Жаңалықтар

Тәрбиеге көнбейтін бала болмайды – Қымбат Әбілдәқызы

Тәрбиеге көнбейтін бала болмайды – Қымбат Әбілдәқызы
Фото: ©El.kz/Арман МУХАТОВ 06.02.2025 18:10 127

Білімді ұлт қалыптастыру – қоғамның болашағын айқындайтын басты міндеттердің бірі. Бұл жолда бала бойындағы адамгершілік, білімге құштарлық және білуге ұмтылушылық қасиеттердің дамуы маңызды рөл атқарады. Ал мұндай қасиеттердің қалыптасуында ата-ананың орны ерекше. Өйткені отбасындағы тәрбиенің негізі – балаға дұрыс бағыт-бағдар беру, оны кітап оқуға баулу арқылы ой-өрісін кеңейту, рухани әлемін байыту.

Қазіргі таңда ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын төмендетіп жатқандай көрінгенімен, рухани тәрбие берудің, ойлау қабілетін дамыту мен білім алудың негізгі көзі – әлі де кітап болып қала береді. Осы орайда біз бала тәрбиесіндегі кітап оқудың маңыздылығы, ата-ана мен ұстаздардың қарым-қатынасы жөнінде тереңірек талқылау үшін республикалық «Айгөлек» журналының автор-редакторы, ҚР Мәдениет қайраткері, Түркі әлемі ақпарат саласының үздігі, ақын Қымбат Әбілдәқызымен кездесіп, біраз ой түйіп қайтқан едік.

Кітап – рухани азық

Қымбат Әбілдәқызы бала кезінен кітап оқуға ерекше қызығушылық танытқан. Оның айтуынша, отбасындағы тәрбие мен кітапқа деген сүйіспеншілік – адамның болашағына тікелей ықпал етеді.

Тәрбиеге көнбейтін бала болмайды – Қымбат Әбілдәқызы

Тәрбиеге көнбейтін бала болмайды – Қымбат Әбілдәқызы

Суреттер: Арман Мухатов

Атам мен әжем мені үнемі қасында ертіп жүрді. Мен үшін алаңдап, түрлі жағдайларды бастан өткерді. Сонда олар «Қыпанның қолынан кітап түспейді ғой. Оның оқығандарының бәрі жақсы. Кітап оқыған адам жаман болмайды» дейтін. Осы сөз мен үшін үлкен сенімге айналды, – дейді ақын.

Қымбат Әбілдәқызының пікірінше, мектеп жасындағы балалар тек оқу бағдарламасы арқылы ғана білімді болып қоймайды, сонымен қатар адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіруі тиіс.

Көп ата-ана «мен ақша тауып отырмын, балаларымды асырап, киіндіріп жүрмін» деп ойлайды. Бірақ бұл – тәрбие беруге жатпайды. Шын тәрбие өз басыңның үлгісімен, іспен беріледі, – дейді ол.

Ұстаздың рөлі қандай?

Қымбат Әбілдәқызы ұстаздардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін де ерекше атап өтті. Оның ойынша, мұғалімдер тек айлық үшін емес, балалардың шын мәнінде білім алуына үлес қосуы тиіс.

Тәрбиеге көнбейтін бала болмайды – Қымбат Әбілдәқызы

Тәрбиеге көнбейтін бала болмайды – Қымбат Әбілдәқызы

Суреттер: Арман Мухатов

Бізде жылауық мұғалімдер бар. Кітап сатып алмай жатып «Бізді ата-ана үйтеді, бүйтеді» деп алдын ала болжайды. Мұндайды балаларды мейіріммен жақсы көрмейтін, ата-анамен дұрыс байланыс орнатпаған ұстаздар ғана айтады. Не өзі кітап ұстамайды, не балаларына ұстатпайды, – деп сын айтты ақын.

Оның пікірінше, әр бала сөйлеп, өз ойын ашық жеткізе алады. Бірақ кейде олардың бойындағы қабілетті дамытпай, өшіріп алуына  ата-ана мен мұғалімнің кінәлі болып жатады.

Сөйлемейтін, тәрбиеге көнбейтін, жанбайтын бала жоқ. Оларды сөйлетпейтін, басып тастайтын, жандыра алмайтын – біз. Ашылмаған қалпында қолына өтірік куәлік беріп, мектептен шығарып салатын да біз, – деді редактор.

Баланы кітап оқуға қалай баулимыз?

Қымбат Әбілдәқызы балаларды кітап оқуға баулудың қарапайым, бірақ тиімді жолын ұсынды.

Тәрбиеге көнбейтін бала болмайды – Қымбат Әбілдәқызы

Тәрбиеге көнбейтін бала болмайды – Қымбат Әбілдәқызы

Суреттер: Арман Мухатов

Баланы оқуға қызықтырудың бірден-бір жолы – әдемі суреті бар журналдар мен кітаптарды бөлменің көрнекі жеріне қою. Балалар түрлі-түсті суреттерге бәрібір назар аударады. Сол кезде «Арман, мына сурет әдемі екен. Кейіпкер саған ұқсайды, иә?» деп қызықтырып қойыңыз. Баланы «оқы, неге оқымайсың?» деп мәжбүрлеудің қажеті жоқ. Оны ойын түрінде ұсыну керек, – дейді ол.

Алайда қазіргі таңда балалардың руханиятқа аш екенін, олардың туған жер, Отан, Тәуелсіздік туралы сұрақтарға жауап бере алмайтынын да атап өтті.

Тәрбиеге көнбейтін бала болмайды – Қымбат Әбілдәқызы

Тәрбиеге көнбейтін бала болмайды – Қымбат Әбілдәқызы

Суреттер: Арман Мухатов

Бүгінде неге Тәуелсіздікті сүйетін балалар жоқ? Олар «Тәуелсіздік деген не?» деген сұраққа жауап бере алмайды. Оған кім кінәлі? Біз. Ата-аналар балаларына кітап, журнал алуға жылына 10 мың теңге шығармайды. Бірақ Қытайдың у тарататын ойыншығына ақша аямайды, – деп қынжылады Қымбат Әбілдәқызы.

Қымбат Әбілдәқызының сөзінен түйетін ой – бала тәрбиесі отбасы мен мектептің бірлескен еңбегінің нәтижесінде ғана жемісті болмақ. Ата-ана өз баласына кітап оқуға жағдай жасап, үлгі болса, мұғалім оның жан-жақты дамуына ықпал етуі тиіс. Балаға мейіріммен қарау, оның қызығушылығын ояту – әрбір ересектің міндеті. Сонда ғана біз рухани бай, білімді ұрпақ тәрбиелей аламыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға