Жаңалықтар

«Тәрбие тал бесіктен»: Әкелер форумында ер адамдардың отбасындағы рөлі талқыланды

«Тәрбие тал бесіктен»: Әкелер форумында ер адамдардың отбасындағы рөлі талқыланды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі 01.11.2024 22:40 355

Қызылордада ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Тәрбие тал бесіктен» атты ІХ Республикалық әкелер форумы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Оған республикалық Әкелер одағының өңірлік басшылары, зиялы қауым өкілдері, отбасы саясаты саласындағы сарапшылар, халықаралық ұйымдардың, жергілікті атқарушы органдардың, ҮЕҰ өкілдері – жалпы 200-ге жуық адам қатысты. Кездесу тақырыбы Мемлекет басшысының өз Жолдауында берген бағдарына сүйене отырып айқындалды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында «Мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту ісіне мемлекетпен қатар ата-аналарда жауапты» дегені белгілі. Отбасы – өскелең ұрпақ құндылықтарының қалыптасуының негізгі көзі. Бұл базалық әлеуметтік институт, оның жұмыс істеуі мемлекеттің әл-ауқаты мен тұрақтылығына тікелей әсер етеді, – деді ҚР МАМ Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Біржан Әлімжанов.

Форумның мақсаты – әкелер мен отбасы институтын дамыту, балаларды тәрбиелеудегі әкелер рөлінің маңызын анықтау, сондай-ақ тәрбие беруде тәжірибе алмасу.

Форумда «Ер адамның бейнесін қалыптастырудағы әкенің рөлі: жауапкершілік, батылдық, құрмет», «Отбасы және қауіпсіздік», «Саналы түрде ата-ана болу», «Ерлер үшін спорт пен денсаулықтың маңызы» атты тақырыптар аясында бірқатар талқылаулар өткізілді.

Сондай-ақ, форумның әр қатысушысы отандық баспагер, Forbes Kazakhstan журналының қазақ тіліндегі бас редакторы Бақытжан Бұқарбайдың «Заманмен санасқан 30 әкенің хикаясы» атты кітабын сыйлық ретінде алды. Кітапта бала тәрбиесі туралы бүгінгі әкелердің әңгімелері мен ойлары жинақталған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға