Тараздық тұрғынның үйінен 1 келіден астам кептірілген марихуана табылды

Тараз қаласының 37 жастағы тұрғынының үйінен 1 келіден астам марихуана есірткі заты табылып, тәркіленді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Қазақстан Республикасының нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында Жамбыл облысының полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жүйелі түрде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп жатыр.
Полиция қызметкерлерімен Тараз қаласында “Қарасора – 2023” жедел алдын алу іс-шарасын жүргізу барысында Леки атты қызметтік-іздестіру итімен, 37 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады.
Ұсталған азаматтың тұрғылықты жерін тінту барысында жалпы салмағы 1 келі 389 грамм кептірілген марихуана есірткі заты табылып, тәркіленді.
Ұсталған адам кінәсін толық мойындады. Қазіргі уақытта осы дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігі (Есірткі құралдарын аса ірі мөлшерде заңсыз сақтау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бұл баптың санкциясы бойынша 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған, – деп атап көрсетті ПД ЕҚІҚБ бастығының орынбасары Дінмұхамбет Қойториев.
