Таразда имамдарға арналған семинар өтті

Тараз қаласында ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің маманы, РАНТ мүшесі Ислам Қаюпов өңір имамдарымен арнайы кездесіп, семинар өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
ҚМДБ мәліметінше, кездесу барысында теріс діни идеологияның алдын алу, жат ағым өкілдерімен жұмыс жүргізу әдістері, оңалту ісіндегі тиімді тәсілдер талқыланды.
Ислам Қаюпов имамдардың діни оңалту бағытындағы қызметінің маңыздылығына тоқталып, өз тәжірибесін бөлісті. Семинар барысында қатысушылар көкейдегі сұрақтарын қойып, практикалық кеңестер алды.
Бұл жиын имамдардың діни оңалту жұмысын жетілдіруге және қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға бағытталған маңызды шара болды. Сондай-ақ Діни оңалту бөлімінің маманы Ислам Маратұлы «Һибатулла Тарази» медресе-колледжінің шәкірттерімен кездесу өткізіп, Исламдағы сенім тұтастығы, діни білімнің маңызы, жат ағымдардан сақтану жолдары жөнінде насихат айтып, пайдалы ақпараттар бөлісті. Бұдан бөлек, Ислам Маратұлы шәкірттердің сұрақтарына жауап беріп, діни білім алудың жауапкершілігі мен оның қоғамға тигізер пайдасына тоқталды. Кездесу рухани әрі танымдық бағытта өтіп, шәкірттер үшін маңызды тағылымға айналды.
Сапар аясында РАНТ мүшесі Тараз қаласындағы «Шейх Зуннун» мешітінде бесін намазынан кейін жамағатқа уағыз айтты. Уағыз барысында аманатқа адал болу, шынайы мұсылманның сипаттары, Исламдағы сенімнің маңыздылығы сынды тақырыптар қозғалды. Сондай-ақ, жамағат көкейдегі сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды. Жиын соңында Ислам Қаюпов жамағатқа ізгі тілегін білдіріп, Рамазан айында құлшылықты арттырып, ізгі амалдарды көбейтуге шақырды.
Бұдан кейін Тараз қаласындағы «Олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде» оқушыларға жат діни ағымдардың зияны туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізілді. Кездесуді РАНТ мүшесі Ислам Қаюпов өткізіп, жастарға теріс ағымдардың қоғамға тигізер қауіп-қатері, олардың белгілері мен ерекшеліктері туралы кеңінен түсіндіріп, дәстүрлі исламның құндылықтарын насихаттады. Ал оқушылар көкейіндегі сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды. Мұндай ақпараттық жұмыстар жастардың діни сауатын арттырып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ Ислам Қаюпов Тараз қаласы қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің «№67 мекемесіне» барып, жазасын өтеушілермен жеке және топтық кездесулер өткізді. Жиынға Жамбыл облысының бас имамы Асқар Зәкіржанұлы бастаған Тараз қаласының имамдары қатысты. Жеке кездесуде РАНТ мүшесі терроризм бойынша тергеу сатысындағы азаматтармен жолығып, дәстүрлі діни ұстаным жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Топтық кездесуде облыстың бас имамы жазасын өтеушілерді қасиетті Рамазан айымен құттықтап, жүрекжарды тілегін жеткізді. Өз кезегінде Ислам Қаюпов оразаның пайдасы жайлы уағыз айтып, жиын соңында жат ағымдар мен олардың зардаптары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізді.
Сапар қорытындысы бойынша Діни оңалту бөлімінің маманы Тараз қаласындағы «Һибатулла Тарази» мешітінде жамағатқа тарауық намазынан кейін «Аманатқа берік болу» тақырыбында уағыз жүргізді. Ислам Қаюпов аманат ұғымының Исламдағы орны, оның адамның діни әрі қоғамдық өміріндегі жауапкершілігі туралы кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар, әрбір мұсылманның берілген аманатқа адал болуы, сенімге қиянат жасамауы, уәдені орындау секілді асыл қасиеттерді бойына сіңіруі қажет екенін атап өтті.
Жамағат рухани кездесуден ерекше әсер алып, уағыз соңында өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тиісті деңгейде жауаптар алды.
