Таразда «Қазақтану» жобасының аясында «Мәміле» клубы жұмыс істеуде

Тараздағы Достық үйінде тілді үйренгісі келетіндер мен оған көмек көрсететін, сондай-ақ тілді меңгерген еріктілерге арналған диалог алаңы – «Мәміле» лингвоклубы жұмыс істей бастады.
«Мәміле» клубының әрбір мүшесіне қазақ тілі арқылы қазақ халқының тасын түртсе тарихы көрінетін әрбір салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары, олардың тереңдігі мен шынайы мағынасы түсіндіріледі.
Клубтың негізгі мақсаты – қазақ халқының тарихи және мәдени мұрасын, салт-дәстүрлерін, менталитетін және өмірлік құндылықтар жүйесін зерделеу арқылы мемлекеттік тілді үйрену.
Клубтың ашылу салтанатына жиылған жұртшылықтың алдында алғашқы болып сөз сөйлеген Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова: «Қазақтану» жобасы бойынша халық Ассамблеясы қарқынды жұмыс істеуде. «Қазақтану» оқуларында тіл үйренумен бірге салт-дәстүр, әдет-ғұрыптардың да терең мағынасы түсіндіріледі. «Мәміле» келісім, бітім деген мағынаны білдіреді. Ассамблея жұмысының да негізгі мақсаты қоғамдық келісім болғандықтан, мәміле, келісімдердің біз үшін маңызы өте зор»,-деп атап өтті.
Жиын барысында сөз алған Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Маржан Қожаева биылғы жылдан бастау алып отырған игі бастаманың мән-жайын көпшілікке түсіндіріп өтті: «Қазақ тілі арқылы ұлттық құндылықтар, ұлы мұраларды қайта жаңғыртуға болады. «Мәміле» – өз халқының болашағын ойлайтын әрбір азаматтың көкейкесті арманы мен қазақ тілін үйрену арқылы Қазақстан жеріндегі бүкіл халықтың бірлігі мен берекесін арттыруға негізделген тың дүние. Аталған жоба еліміздің рухани құндылықтарын, ата-бабаларымыздың даналығын қазақ тілі арқылы насихаттау болып табылады».
Қызықты өткен іс-шараның соңында «Мәміле» клубында өткізілетін қазақ тілінде сөйлеу өрнектері, ұлттық мақал-мәтелдер, фразеологизмдері тақырыптары тұрғысында түрлі мысалдар келтіріліп, сонымен бірге, дәріске қатысушылардың сөйлеуге деген ынта-жігерін арттыру, қызықтыру мәселелері талқыланды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР:
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ АССАМБЛЕЯСЫ ТАРАЗҒА ЫНТЫМАҚ ШЕРУІН ҰЙЫМДАСТЫРДЫ
КӨНЕ ТАРАЗ – ДОСТЫҚ АУМАҒЫ
ТАРАЗДА АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ ФОРУМЫНДА ОТБАСЫНЫҢ ҚОҒАМДАҒЫ РӨЛІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
