ТАРАЗДА «ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚТАРЫ ОЙЫНДАРЫНЫҢ» ОБЛЫСТЫҚ СПАРТАКИАДАСЫ ӨТТІ
«Тараз – Арена» спорт сарайында Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы мен облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласының туған күніне арналған облыстық Этномәдени бірлестіктер арасындағы «Қазақстан халықтары ойындарының» облыстық спартакиадасы өтті.
Қазақстан халқы ойындарының басты мақсаты - салауатты өмір салтын қалыптастыру және спортпен шұғылдану, облыстағы этномәдени бірлестіктердің арасында достық, туыстық қарым-қатынасты арттыру. Сондай-ақ, барлық этномәдени бірлестіктерді жүйелі түрде дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға баулу.
Ұлттар достығын насихаттап, ынтымақтастықты нығайтуды көздеген спартакиадаға спорттың 4 түрінен 7 команда қатысты. Олар, «Днипро» украин этномәдени бірлестігі, Тараз қалалық өзбек этномәдени бірлестігі, «Қарашай - балқарлар» қоғамдық бірлестігі, Жамбыл ауданы, және «Неміс» қоғамдық бірлестігі, Тараз қаласы өзбек этномәдени бірлестігі мен «М. Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінен» келген командалар.
Бәсеке басталмастан бұрын Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков және де Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық бірлестігі» КММ-нің басшысы Рано Убайдуллаева барлық қатысушыларға сәттілік тілеп спартакиаданы ашық деп жариялаған соң, Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалды.
Этнос өкілдері бірінші «Арқан тарту» ойыны бойынша бәсекелесті. Атаған сайыс бойынша бірінші орын ұйғыр этнос, екінші орынды Меркі ауданы, кезекті үшінші орынды өзбек этносы иеленді. «Дойбы» ойыны бойынша бірінші орынды қарашай-балқарлар этносы, екінші орынды Меркі ауданы, үшінші орынды украин этносы қанжығалады. «Үстел теннисі» ойынынан бірінші орын украин этносына, екінші орын неміс, үшінші орын ұйғыр этносы өкілдеріне бұйырды. Ал, балалар арасында өткен эстафеталық ойындардан меркілік бүлдіршіндер бірінші, украйндық бүлдіршіндер екінші, ұйғыр этносының бүлдіршіндері үшінші орынды иеленді.
Спартакиаданың жалпы командалық есебі бойынша бірінші орынды «Днипро» украин этномәдени бірлестігінің командасы, ал екінші орынды Меркіден келген команда, үшінші орынды «М. Қашқари» атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігі олжалады. Жеңімпаз командаларға дәрежелі дипломдар, кубоктар және бағалы сыйлықтар табыс етілді.