Танымал қытайлық телесериал алғаш рет Қазақстанда қазақ тілінде көрсетілетін болады
«Қазақстан» республикалық телерадио кешенінің хабарлауынша, Қытай тарихындағы танымал теленовеллалардың бірі «Қызыл сарайдағы түс» атты хикая жаңа телемаусымда қазақстандық экраннан көрсетелетін болады. Әдемі декорациялар, қымбат және әсем киім үлгілері, сол кездегі қалпына келтірілген тұрмыстық жағдай Цин династиясының дәуіріне бойлай енуге мүмкіндік береді.
Елу сериялық телехикая ежелгі қытай тілінің мандарин диалектісінен алғаш рет қазақшаға аударылып, дыбысталып отыр. «Қызыл сарайдағы түс» сериалы 2010 жылы Азия телехикаялардың көрсетілімі бойынша үздік атанды. Хикаяның бюджеті 19 миллион долларды құрайды.
«Қызыл сарайдағы түс» хикаясы қытай тіліндегі төрт ең танымал классикалық романның бірі болып саналады. Оның алғашқы 80 бөлімі Цао Сюэциннің (шын аты Цао Чжинь – қытай жазушысы) 1763 жылы, өзі өлерінің алдында жарыққа шыққан «Тас туралы жазбалар» шығармасынан тұрады. Отыз шақты жылдан кейін, 1791 жылы жеке баспаханасы бар Гао Э өзінің көмекшісімен бірге романның соңғы 40 бөлімін жазып шығады. Алайда зерттеушілер Гао жазған хикаяның соңы Цяо Сюэциннің авторлық ойымен дәл келмейтіні туралы дау айтады.
Хикаяның бас кейіпкері Цзя Баоюй отбасында әйелдері басым түскен ауқатты отбасының мұрагері («Қызыл сарай» деп аталуының бір мәні – «ауқатты отбасылардың қыздары өмір сүретін үй-жай»; атаудың басқа бір дереккөзі – бесінші тарауда Баоюй көретін түсі: бұл түсте кейіпкерлердің басым бөлігінің тағдыры қызыл бөлмеде болжамданады).
Хикаяда 40-қа жуық бас кейіпкер және 500-ге жуық қосымша кейіпкерлер бар. Дәл осы хикаяда Қытай халқының әйгілі шай ішу рәсімі толық көлемде және дәл көрсетіледі. Туынды көптеген махаббат және сарай ішіндегі шытырмандарға толы. Хикая Цаю Сюэцин 18 ғасырда жазған туынды бойынша түсірілген.
«Қызыл сарайдағы түс» хикаясы жайында қызықты дерек:
- Қытайда бұл романға бірнеше рет тыйым салынады.
- Бұл туындының авторы классикалық қытай тілін жетік білгенмен, классикалық емес, ауызекі тілде – «пекин» диалектісінде жазған. Кейін бұл диалект қытайдың қазіргі әдеби тілі – «путунхауаның» негізіне айналған. Сөйтіп, «Қызыл сарайдағы түс» романы жаңа тілдің жарнамасы ретінде қолданылған.
- Роман жарыққа шықпай тұрып, қолжазбадан көшіріліп, жұрт арасында кең таралады. Біреулер оны отқа өртесе, біреулер көкке көтереді. Алайда, бұл романға сол кезде бей-жай қарағандар болмады.
Хикая 3 тамыздан бастап, «Қазақстан» телеарнасынан орыс тіліндегі жүгіртпе аудармамен қатар көрсетілетін болады.
Дария Жұмалиева