Жаңалықтар

Танымал өнер жұлдыздарының домбырасын жасап беріп жүрген шебер құпиясымен бөлісті

Танымал өнер жұлдыздарының домбырасын жасап беріп жүрген шебер құпиясымен бөлісті
Фото: Коллаж El.kz 09.11.2023 15:00 3224

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында ұлттық бизнестің мүддесін қорғау, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға қатысты тапсырма берген еді. Осы ретте  El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі ұлттық бизнестің дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкермен жүздесіп, сұхбаттасып қайтты.

Астананың іргесіндегі Қосшы қаласының тұрғыны – Айбат Кәрібай он саусағынан өнер тамған шебер. Бүгінде ол ата кәсіпті дәріптеп жүр. Бала кезінен домбыра жасаумен айналысып келеді. Ол алғашқы домбыраны 13 жасында жасады. Ұлттық аспапты дәріптеп, домбыра жасаумен айналысып жүргеніне 24 жыл.

Танымал өнер жұлдыздарының домбырасын жасап беріп жүрген шебер құпиясымен бөлісті

Үйде үш ағайындымыз. Өнерлі отбасында дүниеге келдім. Әкем –шертпе күйдің шебері. Өзі де ісімер адам. Әсіресе, домбырамен қатар жиһаз да жақсы жасайды. Біздің ауданда әкем ең мықты күйші және қолөнер шебері болатын. Әкем арқылы біздің бойымызға осындай өнер дарыды. Әулетімізге септігін тигізген бірден-бір жеңіл кәсіп осы болды деп айтуға болады. Ал негізгі мамандығым – IT саласы. Соның ішінде ғылымға жақынмын. Бейжің қаласында осы мамандық бойынша 6 жыл оқып білім алдым. Бітірген уақытта ол жақта жұмыс істегім келмей, атамекенге бірден қоныс аудардым, – дейді шебер.

Атамекенге қоныс аударған соң алғашқы жылдары Айбатқа бірден сіңісіп кету оңайға соқпаған. Сол жақтан алған білімін мұнда жарата алмай біраз қиналған екен. Себебі өзі білім алған саланың бағдарламасы орыс тілінде болғандықтан, оны меңгеріп кету қиын болған көрінеді.

Танымал өнер жұлдыздарының домбырасын жасап беріп жүрген шебер құпиясымен бөлісті

Бұдан кіріс көзі болмағасын інімді Алматыдан шақырып алдым. Ол сол кезде Құрманғазы оркестрінің шеберханасында жұмыс істеп жүрген еді. Екеуіміз кәсіп бастайық деген шешімге келдік. Астанадағы ең мықты өнер орталықтарымен тікелей байланыс орнатып, тапсырыс ала бастадық. Бүгінде әнші-күйшілердің домбырасы осы шеберханамызда жасалады, – дейді кәсіпкер.

Елімізге танымал белгілі күйші, композитор Жанғали Жүзбай, Секен Тұрысбек, дәстүрлі және эстрада өнер жұлдыздары Ерлан Рысқали, Ерболат Шалдыбеков, Нұрлан Бекенов, Досымжан Таңатаров, Аллажар Қайбар кәсіби домбыраны осы шеберге арнайы тапсырыспен жасатады.

Бағасы қолжетімді деп айта аламын. Кәсіби домбыралар 120 мыңнан басталады. Десе де, кәсібидің де бір деңгейі болады. Таза материалмен жасаса 180-250 мыңға дейін барады. Материалын көбінесе Еуропадан арнайы тапсырыспен алдырамыз. Домбыра сүйер қауымды жаңылыстырып жүрген бір дүние бар. Көбісі домбыра үнінің сапалы шығуы материалы деп айтады. Бірақ жасау мәнері мен жасау технологиясын дыбыстың акустикалық қасиетін түсінетін адам жасаса, ол адам неғұрлым дыбысына мән береді. Ал әдемілігін кез келген шебер жасай алады. Дыбысын жақсы шығару үшін өзі дыбыс тани алу керек. Қазақи ән-күйлердің ырғағын домбыра ішіне сыйдыра білу қажет , – деп санайды шебер.

Ол домбыраның барлық акустикасының 60 пайызы бетқақпағында және мойнында 30-40 пайызы шанағында болады деп отыр. Десе де, 90 пайызы оны жасауға байланысты екенін жеткізді.

Домбыра жасаудағы біздің ең үлкен жетістік бұл – елдің бізге берген бағасы. Қазақстанда қаншама шебер бар. Небір мықты әнші-күйшілер сол шеберлердің жасаған дүниесін кейде ұнатпай жатады. Елімізге белгілі күйші-әншілердің қатарында Секен Тұрысбек  – өте талғампаз адам. Ол кезіндегі Ахмет Жұбанның заманындағы домбырадан басқаны танымайтын адам. Сол кісі біздің домбыраны ерекше бағалап, қараша айындағы шығармашылық кешіне тапсырыс берді. Ол – елдің тегін берген домбырасын да алмайтын адам. Кез келген домбыраны жақтыра бермейді, – дейді Айбат Кәрібай.

Бұдан басқа дыбысты өте жақсы танитын Жанғали Жүзбай, Қайрат Байбосынов сынды майталмандар да алған екен. Әнші Нұрлан Өнербаев Димаш Құдайбергенге домбыра сыйлау үшін бүкіл Астанадағы домбыра сататын дүкендерді аралып, түк таппай ақыры соңында осы Айбаттың шеберханасына тоқтапты.

Ол ағамыз Астанадағы барлық дүкенді аралап көңілінен шығатын домбыра таппаған соң, ең соңында бізге атбасын бұрды. Өзі танып қана қоймай, Құрманғазы оркестірінің күйшісімен онлайн видео арқылы байланыс жасап, алатын домбырасын жан-жақты сынақтан өткізді. Дыбысы әдемі екен деп жай ғана ала салған жоқ. Қазақтың өнерінде ең жоғарғы биіктікті бағындырған осындай жандардың мақтауына ие болуымыз бұл біздің жетістігіміз деп ойлаймын, – дейді ұста.

Айбат Кәрібайдың қолынан шыққан домбыра бүгінде сұранысқа ие. Шетелдегі қазақтардан да тапсырыс келіп түседі екен. Десе де, әлі күнге дейін мемлекет қолдау білдірмепті. Шебердің айтуынша стандартты домбыраға екі-үш күн кетсе, ал кәсіби домбыраны бір апта жасайтын кездер болады. Дыбыстың әдемілігі мен тазалығына көп көңіл бөлінеді деп отыр. Кәсібінен нәсіп көріп отырған шебер алдағы жоспарымен бөлісті.

Танымал өнер жұлдыздарының домбырасын жасап беріп жүрген шебер құпиясымен бөлісті

Халыққа керегі – жақсы домбыра. Астананың өзіне жылына 10 мың домбыра керек. Өзге қалаларға да қаншама домбыра қажет. Осындай үлкен сұраныстарға сапалы және қолжетімді домбыраны жасау үшін коммерциялық бағытқа бет бұрсақ па деймін. Бұл тек қолөнерлік бағыт қана емес. Әрине, қолөнер жағы сақталады. Десе де, дыбысын жетік меңгерген соң 100 мыңның домбырасын 50 мыңға қолжетімді етіп жасау. Осы бағытқа жеткізу мақсатамыз, – дейді Айбат Кәрібай.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға