Жаңалықтар

Танымал композитордың ұлы суицид жасамақ болған қызды құтқарды

Танымал композитордың  ұлы суицид жасамақ болған қызды құтқарды
Фото: © Polisia.kz 22.08.2023 14:36 1267

Бұл оқиға Түркістан облысындағы үйлердің бірінде болған. Онда түнгі уақытта екі тәртіп сақшысы өз-өзіне қол жұмсамақ болған қызды құтқарып қалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Түнде павлодарлық жас жігіт Төлеби АПБ-ға қоңырау шалып, Түркістан облысында тұратын өзінің танысы өз-өзіне зиян келтіргелі жатқанын және оны тез арада құтқару керектігін хабарлаған.

Полиция қызметкерлері Есенғали Асқарбеков пен Бейбарыс Серікбаев ойланбастан бірден қыздың тұрғылықты мекенжайын анықтап, сол жерге барды. Учаскелік инспекторлар үйдің қақпасын қаққанымен, ешкім ашпады. Содан кейін тәртіп сақшылары уақытты жоғалтпау керектігін түсініп, қақпаның үстінен асып түседі. Бейтаныс әйел жүгіріп шығып, полицейлердің не істеп жатқанын сұрайды. Олар қоңырау арқылы келгендерін түсіндіреді, алайда әйел қызының өз бөлмесінде ұйықтап жатқанын айтады.

Тәртіп сақшылары сенімді болу үшін үйді тексермек болды. Осылайша, олар қыздың бөлмесінде жоқ екенін және асүйде қоштасу хаты тұрғанын анықтаған. Олар үйдің барлық жерін аралай бастады, бірақ қыз із-түссіз жоқ.

Бейбарыс Серікбаев үйдің төбесіне апаратын баспалдақты байқап, оған көтеріліп, сол сәтте арқанға ілулі тұрған қызды тапқан. Учаскелік қызметкер дереу әріптесін көмекке шақырды. Олардың бірі қызды көтеріп, екіншісі ілмекті кесіп тастады.

Содан кейін полиция оған алғашқы медициналық көмек көрсете бастады: олар жансызданған аяқ-қолдарын уқалап, жасанды тыныс беріп, жедел жәрдем шақырды. Қырағылық пен келісілген әрекеттің арқасында полицейлер 24 жастағы қызды өлімнен құтқарып қалды. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты. Оқиғаның толық мән-жайы әлі де анықталып жатыр. Анасы тәртіп сақшыларына шын жүректен алғысын білдірді.

Сондай-ақ полицейлерге дәрігерлер де алғыс айтып, қыздың уақытында құтқарылғанын, сапалы алғашқы көмек көрсеткенін атап өтті.

Дәрігерлердің айтуынша, егер олар бірнеше секундқа кешігіп қалса, онда қыз өмірмен қоштасуы мүмкін еді.

Полиция қызметкері Есенғали Асқарбеков 2006 жылдан 2007 жылға дейін Өскеменде қызмет етіп, 2009 жылдың қыркүйегінен бастап ІІО-да жұмыс істейді. Үйленген, үш ұл тәрбиелеп отыр.

Бейбарыс Серікбаев белгілі әнші әрі композитор Ержан Серікбаевтың ұлы. Маэстро өзінің туған қаласы Арыс қаласында 51 жасында жол апаты кезінде қайтыс болды. Қайғылы оқиғадан кейін жас жігіт өз өмірін полиция қызметімен байланыстыруға шешім қабылдады. Бейбарыс 2022 жылдан бастап ІІО-да қызмет атқаруда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға